Кеше, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керекАқмола облысының Зеренді ауданындағы Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі өтіп жатыр. Қазақтың саятшылық өнерін дәріптейтін дәстүрлі додаға Қазақстанның әр өңірінен және Түркия, Моңғолия, Ресейден келген құсбегілер жиналды. Олардың арасында әлем және Азия чемпиондары, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Биыл халықаралық турнирге 50 құсбегі тіркелген. Жарысқа 49 бүркіт, 15 ителгі және 10 қаршыға әкелінді. Қатысушылар бірнеше күн бойы қырандарының бабын байқап, саятшылық өнеріндегі шеберліктерін сынға салуда.
21 қазанда бүркіттер арасындағы «Қолға шақыру» және «Түлкіге салу» кезеңдері өтті. Ал 22 қазанда ителгі мен қаршыға жарыстары ұйымдастырылып, турнир жеңімпаздары анықталады.
Халықаралық дәрежедегі төреші Марат Қойшиннің айтуынша, биылғы жарысқа тәжірибелі құсбегілер көп келген. Олардың қатарында әлемдік және құрлықтық жарыстарда топ жарған спортшылар да бар. Бұл қатысушылар арасындағы бәсекені күшейте түскен.
Турнирге Алматы қаласынан келген Арман Құшқаров Медеу атты бүркітімен қатысып жатыр. Бұл қыран бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан намысын қорғап, күміс жүлдеге ие болған.
Арман құсбегілік өнерге бала кезінен қызыққан. Әкесінің қыран баптағанын көріп өскен ол уақыт өте келе саятшылықтың қыр-сырын меңгерген. Оның айтуынша, бүркітті жарысқа дайындау үшін тек тәжірибе жеткіліксіз. Құсбегі ең алдымен қолындағы қыранының мінезін түсінуі керек.
Құсбегі үшін ең маңыздысы – қыранның мінезін түсіну. Әр бүркіттің өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан олардың бәріне бірдей тәсіл қолдануға болмайды. Құстың мінезіне қарай баптау әдістерін де өзгерту қажет, – дейді Арман Құшқаров.
Құсбегінің сөзінше, әр қыранның бабын табу үшін оған жеке көңіл бөліп, мінез-құлқына қарай жұмыс істеу қажет.
Жеті атасы бүркітші болған
Жарысқа Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан Нұрғайып Ыдырысұлы да арнайы келген. Ол 46 жылдан бері құсбегілікпен айналысады. Саятшылық өнері оның отбасында жеті атадан бері жалғасып келеді.
Нұрғайып Ыдырысұлы – бүркітшілік өнерімен әлемге танылған қыз Айшолпанның әкесі. Ол да әкесінен көрген өнерді балаларына үйретіп, ата-баба дәстүрін жалғастырып келеді.
Тәжірибелі құсбегі «Қансонар» турниріне осымен төртінші рет қатысып отыр. Бұл жолы ол Моңғолиядан ұядан алған екі жасар бүркітін ала келген.
Нұрғайып Ыдырысұлы Қазақстан халқына сәлем жолдап, жарысқа қатысып жатқан барша құсбегіге сәттілік тіледі.
Түркиялық құсбегі Қазақстанға алтыншы рет келді
Турнирге Түркиядан келген Мутлу да қатысып жатыр. Ол Қазақстанға осымен алтыншы рет сапарлап келген. Бұл жолы жарысқа ителгісін алып келген құсбегі үшін халықаралық дода тек жеңіске жетудің мүмкіндігі емес, бұрыннан араласатын достарымен қауышатын ерекше кездесу.
Мен Қазақстанды да, қазақ халқын да жақсы көремін. Құсбегілік – ата-бабадан қалған ерекше өнер. Бұл жарысты мен жай ғана бәсеке деп қабылдамаймын. Мен үшін бұл – достарыммен, бауырларыммен қауышатын үлкен кездесу. Ең бастысы – достық пен бауырластық, – дейді Мутлу.
Оның айтуынша, құсбегілік – түркі халықтарына ортақ көне өнер. Саятшылық дәстүрі Қазақстан мен Қырғызстанда ғана емес, Түркиядағы түркі қауымдастықтары арасында да сақталған.
Дегенмен Түркияда құсбегілік жарыстарын ұйымдастырудың өзіндік қиындықтары бар. Соған қарамастан, Мутлу алдағы уақытта өз елінде де осындай халықаралық турнир өткізуді жоспарлап жүр. Ол қазақстандық құсбегілерді Түркияға шақырып, тәжірибе алмасуға ниетті.
Ақмола облысынан алғаш рет қыз бала қатысып жатыр
Биылғы «Қансонар» турнирінің тағы бір ерекшелігі – Ақмола облысының атынан алғаш рет қыз баланың қатысуы. Ол құсбегілік өнерді екі жылдан бері меңгеріп келеді.
Өңір намысын Ерлан Кенжетаев пен Игорь Кочевников бастаған құсбегілер де қорғауда. Сондай-ақ жарысқа ұлттық спортқа қызығушылық танытқан төрт жас спортшы қатысып жатыр. Олардың ең кішісі – 14 жастағы Ақмола облысының өкілі.
Ақмола облысының спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің айтуынша, өңірде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Қазір облыстағы он спорт мектебінде ұлттық спорт бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
Әсіресе Зеренді және Бурабай аудандарының спортшылары республикалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Олардың арасында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында халықаралық додаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған құсбегілер де бар.
Ардақ Төлендин турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне де тоқталды. Оның айтуынша, жарыс тартысты өтіп жатыр, ал төрешілердің жұмысына қатысты қатысушылар тарапынан наразылық түспеген.
«Қансонар-2026» турнирінде қырандардың өнерін тамашалаумен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік бар.
Жарыс өтетін аумақта арнайы этноауыл құрылған. Мұнда келген қонақтарға ұлттық мәдениет таныстырылып, асық ату мен садақ атудан көрсетілімдер ұйымдастырылған.
Әсіресе шетелдік қатысушылар үшін этноауыл қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрлі спорт түрлерін танып-білуге мүмкіндік беріп отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – құсбегілер арасынан үздіктерді анықтау ғана емес, ата-бабадан жеткен саятшылық өнерді сақтап, жас ұрпаққа үйрету және халықаралық деңгейде кеңінен таныту.
Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі 22 қазанда аяқталады. Бүркіт, ителгі және қаршыға бағыттары бойынша үздік шыққан құсбегілерге ақшалай сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталады.
Кеше, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керекКеше, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады19 Қазан, 12:42
1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?