40 сағат жол: астаналық жанкүйер Мессидің соңғы ойыны үшін Аргентинаға ұшып барды

40 сағат жол: астаналық жанкүйер Мессидің соңғы ойыны үшін Аргентинаға ұшып барды

Айзат Айдарқызы
Фото: Нұрбек Жақыптың жеке мұрағаты

Астаналық Нұрбек Жақып Лионель Мессидің Аргентина құрамасындағы соңғы ойынын көру үшін  Қазақстаннан 15 мың шақырымға жуық жердегі Буэнос-Айреске аттанады. Аргентинаға тікелей рейс болмағандықтан, жолға 40 сағат кетеді. Матчтың ресми билеттері 20 мың теңгеден басталғанымен, Нұрбек қалаған билетін 250 мың теңгеге сатып алған. Оның айтуынша, осынша шығынға қарамастан, сапарға шыққанына өкінбейді. Себебі Мессиді ұлттық құрама жейдесінде соңғы рет көру – оның көп жылдан бергі арманы.

Нұрбек Мессиге 2013 жылдан бері жанкүйер. 2014 жылдан бастап «Барселонаның» бірде-бір ойынын жібермейді. Аргентина құрамасының ойыны таңғы төртте немесе бесте басталса да, теледидар алдынан табылуға тырысқан. Сондықтан Мессидің Аргентина құрамасымен қоштасатыны туралы хабар шыққанда, бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек екенін бірден түсінген.

20 мың теңгелік билет 250 мыңға түсті

Бір ай бұрын Мессидің қоштасу ойыны өтетіні туралы хабар шықты. Кейін нақты күні белгілі болып, 6 қазанда Бенин құрамасына қарсы ойнайтыны айтылды. Негізі, бұл жаңалықты бірінші болып жұбайым көріпті. Ол үнемі менің қызығушылықтарымды қолдайды. «Барып, көріп қайтпайсың ба?» деп ұсыныс тастады. Жұбайымның кеңесімен баруға шешім қабылдадым, – дейді Нұрбек Жақып. 

Мәселе шешім қабылдаумен бітпейді. Олар билет табудың қамына кіріседі. Ресми сайтта билеттер 20 мың теңгеден басталған. Онлайн сатылымның уақыты да алдын ала жарияланады. Нұрбек достарын жинап, әрқайсысына бірнеше аккаунт ашып, компьютер мен телефоннан онлайн кезекке тұрған.

Сатылым түнгі сағат екіде ашылды. Бүкіл достарымды жинап, әрқайсысына екі аккаунттан аштық. Компьютер, телефонның бәрінен кіріп, онлайн кезекте тұрдық. Бірақ, өкінішке қарай, билет ала алмадық, – дейді ол. 

Осыдан кейін ол «Монументальда» өтетін матчқа барудың басқа жолын іздейді. Telegram желісінен Аргентинада тұратын қазақтардың ортақ чатын тауып, сонда хабарландыру береді. 

Сол чат арқылы билет сататын адамды таптым. 20 мың теңгелік билетті 250 мың теңгеге сатып алдым. Бірақ сол сәтте ақшадан гөрі Мессиді соңғы рет көру маңызды болды. Оған қоса сол чаттан Аргентина сапарында жанымда жүретін серігімді таптым. Ол да билет сатып алғысы келетінін жазып, сұрады, – дейі ол.

Қазақстаннан Аргентинаға дейін 40 сағат

Аргентинаға жолдың өзі оңай болған жоқ. Қазақстаннан тікелей рейс жоқ. Нұрбек алдымен Стамбұлға, одан Бразилияның Сан-Паулу қаласына, кейін Буэнос-Айреске ұшқан. Жалпы жол шамамен 40 сағатқа созылған. Қайтар жол да сондай ұзақ сапар күтіп тұрады.

«Мессиді көру арманым болды. Қазір ол АҚШ-та ойнайды. Қазақстаннан ол жаққа барудың өзі қиын, оның үстіне виза мәселесі бар. Ал Аргентинаға  барып, оны ұлттық құрама жейдесінде соңғы рет көруге мүмкіндік туғанда, бармай қалсам, өзімді кешірмейтіндей сезіндім. Сондықтан бұл мен үшін үлкен арман болды», – дейді Нұрбек Жақып. 

Нұрбек пен досы Буэнос-Айреске жеткен соң 

Екеуінің стадионға алып барған плакаты да ерекше болған. Оны Нұрбектің жолсерігінің әйелі үйде сызып берген. Онда Қазақстаннан Аргентинаға дейінгі 15 мың шақырымды артқа тастағандары жазылған. Бұл плакат жергілікті журналистердің де назарын аударған.

фото: Нұрбек Жақыптың жеке мұрағаты

«Шетелдік екенімізді көріп, журналистер сұрақ қоя бастады»

Матч болатын күні стадион маңында адам қарасы көп болған. Нұрбек пен оның жолсерігі билеттерінің түпнұсқалығын тексеру үшін стадион қызметкерлеріне барған кезде, айналада жүрген журналистер олардың шетелден келгенін байқап қалған.

Матч алдында аргентиналық БАҚ өкілдеріне сұхбат бердік. Бангладештен келген журналистер де сұрақ қойды. Радиоға да сұхбат бердік. Стадион қасына билеттеріміз шын ба, өтірік пе деп тексеруге барғанбыз. Ол жерде өте көп журналист жүр екен. Біздің шетелдік екенімізді байқады. Қасымдағы досымның қолында плакат болды. Қазақстаннан 15 мың шақырымды артқа тастап келгеніміз жазылған. Соны көріп, қатты қызығып, сұрақ қоя бастады, – деді ол.

Ал стадион ішіндегі көрініс Нұрбек өзі күткеннен де әсерлі болған. 

Жеті сағат бойы шаршамаған жанкүйерлер

Нұрбек пен оның жолсерігі стадионға матч басталуына төрт сағат қалғанда кірген. Олардың орны жанкүйерлер ойын бойы тік тұратын трибунада болған. Олар матчқа дейін төрт сағат, ойын аяқталғаннан кейін тағы екі-үш сағат бойы тікесінен тік тұрған. Осы уақыт ішінде стадион тынбай Месси туралы ән айтқан.

Мың бояулы Буэнос-Айрес/ Нұрбек Жақыптың жеке мұрағаты

Қоштасу мен ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті. Стадионға, оның маңына жиналған адамдардың Мессиді шынымен жақсы көретіні көрініп тұрды. Шамамен жеті сағат бойы жанкүйерлер тоқтамай Месси туралы ән айтты. Көзіне жас алып тұрған адамдарды көрдік. Өте әсерлі, ерекше өтті.  Отшашу атылып, дрон-шоу ұйымдастырды. Меніңше, кештің басты ерекшелігі техникалық қойылым емес, халықтың Мессиге деген шынайы көңілі болды, – дейді ол. 

Кейіпкеріміз стадиондағы атмосфераға, жауынгерлік рухқа таңданысын жасырмады. 

Тағы бір байқаған дүнием – олар, әрине, 2022 жылы Әлем чемпионатын ұтып алғанын мақтан тұтады. Десе де 2026 жылы жартылай финалда Англия ұлттық құрамасын ұтқаны олар үшін Әлем кубогынан да кем түспейді. Тіпті бұл туралы аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес те айтқан болатын: «Иә, Испанияға ұтылдық, бірақ Испанияны ұтқанға қарағанда Англияны ұтқан бізге әлдеқайда қуаныштырақ» дейтін. Өйткені аргентиналықтар тегінен ағылшындарды ұнатпайды. Олар үшін Англия ұлттық құрамасын жеңгеннің жөні бөлек. Өздерінің «Las Malvinas son Argentinas» дейтін сөздері бар. «Мальвин аралдары Аргентинаға тиесілі» деп аударылады, Қызығы сол, жанкүйерлердің алаңға әкелген туы мен баннерінде Англияға және Мальвин аралдарына қатысты дүние көп, – дейді Нұрбек Жақып.

«Аргентина туралы ойым мүлде өзгерді»

Сапарға шығар алдында Нұрбектің Аргентина туралы күмәні болады. Латын Америкасындағы қылмыс пен қауіпсіздік мәселелері көкейінде тұрады. Алайда Буэнос-Айреске барған соң аргентиналықтар туралы ойы өзгереді.

фото: Нұрбек Жақыптың жеке мұрағаты

Аргентинаға барарда кішкене қорқыныш болды. Латын Америкасында қауіпсіздік, қылмыс мәселесі бар дегенді еститінбіз. Соның бәрін ойлағанда уайымдадым. Бірақ аргентиналықтар өте керемет халық болып шықты, – дейді ол. 

Кейіпкеріміз Буэнос-Айрестің сәулетіне таң қалған. Оның айтуынша, Арегентинаның астанасы Еуропаның кез келген қаласынан кем түспейді. Сәулет өнері де, көмектесуге бейім халқы да ұнаған. 

Біз тұрған трибунада кез келген аргентиналық бір-бірімен сөйлесіп, күліп кете береді. Көмектескісі келіп тұрады. Матчтан кейін қаланы аралап жүріп мынадай қызыққа тап болдым. Көшеде келе жатып ұзын-сонар кезекті көрдім. Не кезек екенін сұрасаңыз, адамдар автобусқа мінуге кезекке тұрыпты. Бір-бірін қағып-соқпай, итермей, мәдениетті түрде кезекпен кіріп жатты. Көшеде кез келген адамнан көмек сұрасаңыз, қуана-қуана көмектесетініне сенімді болып жүресіз», – дейді Нұрбек Жақып. 

Ла-Бока, футбол және стейк

Аргентина сапарында Нұрбек Буэнос-Айрестің Ла-Бока ауданын аралауға бел байлаған. Бұл аудан кедей аудандардың бірі саналғанымен, футбол мәдениетімен, әсіресе «Бока Хуниорс» жанкүйерлерімен танымал екен.

Ла-Бока – кедей аудан болып саналады. Бірақ ол жерде нағыз футбол жанкүйерлері тұрады. «Бока Хуниорстың» жанкүйерлері көп. Сол жерде шағын дүкені бар жергілікті тұрғынмен таныстым. Дүкен иесі магнит сатып қана қоймай, стейк дайындайды екен. Халқы да қазақтар сияқты етті жақсы көреді. Стейктің бағасы біздегіден тиімді, – дейді ол. 

Ла Бока ауданындағы дәмхана/ Нұрбек Жақыптың жеке мұрағаты

Нұрбек үшін Месси – тек футболдағы жетістіктерімен бағаланатын спортшы емес. Ол футболшының мансабынан өзіне сабақ алатын тұстары көп екенін айтады. Әсіресе ұлттық құрамадағы жанкешті жылдарын мысалға келтіреді. Месси бірнеше рет Аргентинамен бірге ірі турнирлердің финалына шығып, жеңіліс тапқан. Бір кездері ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын да мәлімдеді. Аргентинада оны сынағандар да көп болды. Алайда ол қайта оралды.

Мессиден өте көп нәрсе үйренуге болады. Өзім – кәсіпкермін. Кәсіпкер ретінде мансабыма керек дүниелерді түйіп алдым. Соның бірі – қиындықтарға мойымау. Ол ешқашан қиындыққа мойымай, ұлттық құрамасымен жеңіске жеткісі келді. Арманын 2021 жылы орындады, бір жылдан кейін әлем чемпионы болды. Соңғы әлем чемпионатында да жасына қарамастан, орасан зор еңбегінің арқасында финалға жетті. Ешқашан қиындыққа қарамай, алға қойған арман-мақсатына жете білуді одан үйренуге болады, – дейді Нұрбек. 

Нұрбекке Мессидің алаңдағы шеберлігінен бөлек, қарапайымдылығы да ұнайды.

Маған ең қатты ұнайтыны – қарапайымдылығы. Мессимен бірге ойнаған футболшылар оның осы қасиетін үнемі айтады. Әлемдегі ең ықпалды адамдардың қатарында жүрсе де, қарапайымдылығынан танған жоқ. Месси кез келген адамға үлгі болады деп ойлаймын, – дейді ол. 

Оқи отырыңыз

{