Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдарыҚазақ эстрадасында уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын, тыңдарманның жүрегінен ерекше орын алған әндер бар. Солардың бірі – Қарақат Әбілдина мен Мәдина Сәдуақасованың орындауындағы «Ал, құрбым» әні. Арада 24 жылға жуық уақыт өтсе де, тыңдарманын жоғалтқан жоқ.
«Ал құрбым» әні кімге арналған?
«Ал құрбым» – композитор Бағлан Бәбіжанның қимас құрбыны сағынғаннан шығарған әні. Әннің авторы Бағлан Бәбіжан Turkystan басылымына берген сұхбатында туындының дүниеге келу тарихын баяндаған.
Оның айтуынша, ол Қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүрген кезінде әнші Клара Төленбаевамен жатақханада бір бөлмеде тұрған. Екі жыл бойы бірге жүрген құрбылар оқу бітірген соң екі қалада қалып қояды. Клара жұмыс бабымен Астанаға көшсе, Бағлан Алматыда қалады.
Құрбысы кеткеннен кейін композитор біраз уақыт жатақханада жалғыз тұрады. Бір күні оны сағыныш билеп, бірге өткізген студенттік шақтарын еске алады. Осылайша, кешкі уақытта ыңылдап отырып әннің алғашқы әуені мен сөзін дүниеге әкеледі.
Бағлан Бәбіжан бұл туындыны Клара Төленбаеваның ұзату тойында орындаған. Кейін Алматыға оралған соң әнді радионың көркемдік кеңесіне ұсынады. Мамандар туындыны бірден қабылдап, жарты жыл бойы эфирден жиі беріп тұрған.
Ал әннің мәтінін ақын Несіпбек Айтұлы жазған. Осылайша, жақын құрбыға деген сағыныштан туған ән көпшілікке жол тартады.
Қарақат пен Мәдина әнді қалай орындап шықты?
«Ал құрбым» әнінің кеңінен танылуына Қарақат Әбілдина мен Мәдина Сәдуақасованың орындауы ерекше әсер етті. Бағлан Бәбіжанның айтуынша, 2003 жылы радиодан әнді естіген Қарақат Әбілдина композиторға хабарласып, Мәдина екеуі достық туралы ән іздеп жүргенін айтады. Сөйтіп, осы туындыны бірге орындауға рұқсат сұрайды.
Композитор келісімін берген соң, әнді қызылордалық Паша Ли қазақы нақышта қайта әрлейді. Қарақат пен Мәдина жаңаша өңделген әнді алғаш рет Республика сарайында орындайды. Осылайша, бастапқыда бір құрбыға арналған ән қос әншінің орындауында тұтас бір буынның сүйікті туындысына айналды.
Кейін бұл туындыны өзге әншілер де орындап, тіпті Қырғызстанда да танымал болды. Қырғызстандық әншілер Олия Руцкая мен Тамара Каримова әнге қырғыз тілінде мәтін жаздырып, репертуарына қосты.
Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді5 Қараша, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар