2027 жылға қарай екі өңірде жаңа әуежай болады

2027 жылға қарай екі өңірде жаңа әуежай болады

Көктем Қарқын
Фото: El.kz архиві

Қазақстанның екі өңіріндегі әуежайларда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Атырауда жаңа жолаушылар терминалы салынып жатса, Үржарда қолданыстағы терминал қайта жөнделуде.

Атырауда жаңа терминал салынады

Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайдың аумағында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталды.

Қазір құрылыс алаңында ескі ғимараттар мен нысандарды бұзу, аумақты дайындау және жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңа терминалдың жалпы аумағы 16,5 мың шаршы метр болады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін әуежайдың жолаушы өткізу мүмкіндігі бірнеше есеге артады. Қазір әуежай жылына шамамен 800 мың жолаушыға қызмет көрсетсе, жаңа терминал бұл көрсеткішті 2,944 миллион жолаушыға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында терминал мен ұшақтарды байланыстыратын үш телескопиялық трап орнату да жоспарланған. Жаңа терминалды 2027 жылы аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр.

Қазіргі таңда Атырау әуежайынан аптасына 86 ішкі және 15 халықаралық рейс орындалады.

Үржардағы терминал да жаңартылады

Абай облысындағы Үржар әуежайында жаңа нысан салынбайды. Мұнда жолаушылар терминалы қайта жаңғыртылып жатыр.

Жөндеу жұмыстары 2026 жылдың мамырында басталған. 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша, жобаның 37 пайызы орындалған. Терминалды жаңғырту жұмыстарын 2027 жылдың ақпанында аяқтау жоспарланған.

Үржар әуежайы 1974 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол жыл бойы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Дегенмен жаз мезгілінде әуежайдағы жүктеме айтарлықтай артады. Бұған Алакөлдегі туристік маусымның басталуы себеп.

Әдетте Үржарға ұшақтар аптасына екі-үш рет қатынаса, жаздағы туристік маусым кезінде рейстер күн сайын орындалады.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта Үржар әуежайынан аптасына 12 тұрақты ішкі рейс жүзеге асырылады.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін терминалдың аумағы 2300 шаршы метрге жетіп, оның өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыға дейін ұлғаяды.

Сонымен қатар жоба бойынша жаңа диспетчерлік мұнара мен апаттық-құтқару станциясы салынып, арнайы техникаға арналған гараж бой көтереді.

Әуежайда бейнебақылау, кіруді бақылау және төтенше жағдай туралы жедел хабарлау жүйелері де жаңартылады. Бұдан бөлек, инженерлік желілер ретке келтіріліп, әуежай аумағы абаттандырылады.

Бұған дейін Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлідегі үш жаңа әуежай қашан дайын болатыны туралы жазған едік.

Оқи отырыңыз

{