2022 жылдың реваншы: Франция мен Марокко тағы да кездеседі

2022 жылдың реваншы: Франция мен Марокко тағы да кездеседі

Аян Қайырбаев
Фото: ©instagram.com/equipedefrance

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалы бүгін Франция мен Марокко құрамаларының кездесуімен басталады. Матч 10 шілдеге қараған түні Астана уақытымен 01:00-де өтеді. Бұл жұптың жеңімпазы жартылай финалда Испания мен Бельгия арасындағы кездесудің үздік командасымен ойнайды.

Франция сенімді келеді

Дидье Дешам шәкірттері плей-офф кезеңін сенімді өткізуде. 1/16 финалда Швецияны 3:0 есебімен ұтқан француздар сапында Килиан Мбаппе дубль авторы атанса, тағы бір голды Брэдли Барколя соқты.

Ал 1/8 финалда Парагвай қарсылық көрсеткенімен, Мбаппенің пенальтиден соққан жалғыз добы Францияны келесі кезеңге шығарды.

Марокко тағы да тосынсый жасауға дайын

2022 жылғы әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен Марокко бұл жолы да өз әлеуетін дәлелдеп келеді.

Алғашқы плей-офф матчында олар Нидерландты пенальти сериясында жеңсе, кейін Канаданы 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Сол кездесуде Аззедин Унаи екі гол соғып, Суфьян Рахими жеңісті қорытындылаған болатын.

Фото: FIFA

Франция құрамасында басты үміт бұрынғыдай Килиан Мбаппеге артылып отыр. Ол тек гол соғушы ғана емес, команда шабуылының негізгі қозғаушы күші саналады.

Сонымен қатар Майкл Олисе, Усман Дембеле және Брэдли Барколяның қапталдағы жылдамдығы Марокко қорғанысын жиі қыспаққа алуы мүмкін.

Ал Марокко сапында Аззедин Унаи мен Ашраф Хакимиге ерекше назар аударылады. Унаи соңғы матчтарда шабуылды нәтижелі аяқтай алатынын көрсетсе, Хакими оң қапталдағы қауіпті шабуылдарымен танымал.

Африкалық құраманың маңызды ойыншыларының бірі Исмаэль Сайбари жарақатына байланысты бұл кездесуге қатыса алмайды.

Оның жоқтығында шабуылдағы жауапкершілік Суфьян Рахими, Браим Диас және Билаль Эль-Ханнустың мойнына түседі.

Қақпашылар мен төреші де назарда

Марокконың тәжірибелі қақпашысы Яссин Буну тағы да команданың басты тіректерінің бірі болмақ. Бұған дейін ол бірнеше кездесуде маңызды сейвтерімен көзге түскен.

Матч алдындағы тағы бір талқыланған мәселе – төрешілер тағайындалуы. FIFA бұл ойынды аргентиналық Факундо Тельо бастаған төрешілер бригадасына сеніп тапсырды. Бұл шешім әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырғанымен, Франция құрамасы оған мән бермейтінін мәлімдеді.

2022 жылғы жартылай финалдың қайталануы

Бұл кездесу төрт жыл бұрынғы әлем чемпионатының жартылай финалын еске салады. Ол кезде Франция Марокконы жеңіп, финалға жолдама алған еді.

Енді Марокко тарихи реванш алуға мүмкіндік алса, Франция турнир фавориті мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеуге тырысады. Сондықтан бұл ширек финал әлем чемпионатындағы ең тартысты матчтардың бірі болады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз

{