Қазақстан таеквондосы үшін тарихи сәт. 20 жылдан кейін жастар арасындағы әлем чемпионатында ел қоржынына алтын медаль түсті. Бұл жолы әлемді таңғалдырған – Жамбыл облысының тумасы, небәрі 16 жастағы Айым Серікбаева.
Ташкентте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында (U-18) қазақстандық спортшы 44 келіге дейінгі салмақта топ жарып, финалда мексикалық Понсе Нуньес Ширлиді 2:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмаған Айым жарыс барысында өзінің жоғары дайындығы мен сенімді техникасын анық көрсетті.
Жас спортшы алтынға дейінгі жолда алты жекпе-жек өткізіп, әрқайсысында мінезі мен шеберлігін дәлелдеді. Ол Қытай, Хорватия, Австралия, Иордания және Египет спортшыларын жеңіп, финалға сенімді жетті.
20 жылдан кейінгі тарихи жетістік
Айта кетерлігі, бұл Қазақстан үшін жастар арасындағы әлем чемпионатындағы 20 жылдан кейінгі алғашқы алтын. Бұған дейін 2006 жылы Хошиминде өткен додада Жалғас Бекқасымов чемпион атанып, ел тарихында алғашқы алтынды әкелген еді. Бүгінде ол Айымның бапкерлерінің бірі. Яғни, қазақ таеквондосындағы жеңіс сабақтастығы жалғасып жатыр.
Жеңіске – қаржылай сыйақы
Тарихи жетістік елеусіз қалған жоқ. Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев әлем чемпионы атанған Айым Серікбаеваға 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы тағайындады. Бұл – жас спортшының еңбегіне берілген лайықты баға.
Жылдамдық пен тәртіп – басты қаруы
Айым бұған дейін де ірі жетістіктерімен көзге түскен. Өткен жылы жастар арасында Азия чемпионы атанып, Бахрейнде өткен жасөспірімдер Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған. Ал биыл әлем чемпионы атанып, өз деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айым Серікбаеваның жекпе-жек стилі ерекше. Ол жылдам әрі сериялық шабуылдарымен қарсыласын қысымға алып, қысқа уақытта нәтижеге қол жеткізе алады. Мәселен, бір кездесуде небәрі 5 секундтың ішінде 10 ұпай жинап, раундты мерзімінен бұрын аяқтаған. Спортшының тағы бір ерекшелігі – тәртіп пен бапкер тапсырмасын бұлжытпай орындауы. Дәл осы қасиет оны өз қатарластарынан бір саты жоғары көтеріп отыр.
16 жаста – әлем чемпионы
2010 жылдың 16 қаңтарында дүниеге келген Айым бүгінде небәрі 16 жаста. Жас болса да, үлкен спортта өз орнын айқындап үлгерді. Қызығы, ол әлеуметтік желілерде белсенді емес, бар назарын тек жаттығу мен жарысқа бағыттаған.