30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев мансабының жаңа кезеңіне қадам басты. Лондондық «Челси» 18 жастағы шабуылшыны Ағылшын Премьер-лигасының (АПЛ) жаңа маусымына тіркеді. Осылайша қазақстандық футболшының есімі АПЛ-дың ресми тізіміне енді.
Ағылшын Премьер-лигасының ресми сайтында жарияланған «Челси» құрамында Дастан Сәтпаев шабуылшылар қатарында көрсетілген. Қазақстандық футболшы жаңа командасында 36-нөмірмен тіркелген. Сонымен қатар АПЛ сайтында алғаш рет Сәтпаевтың жеке профилі пайда болды. Әзірге оның парақшасына фотосурет жүктелмеген. Ал «Челсидің» ресми сайтында қазақстандық футболшының жеке профилі әлі жарияланған жоқ.
Фото: premierleague.com
Сәтпаев 12 тамызда 18 жасқа толды. Бұған дейін оның «Челсиге» ауысатыны белгілі болғанымен, халықаралық трансферге қатысты жас шектеуіне байланысты футболшы кәмелетке толғанға дейін Қазақстанда өнер көрсетті.
«Челси» сапында гол соғып үлгерді
Сәтпаев Лондон клубының жейдесін ресми маусым басталмай тұрып киіп көрді. Ол «Челсидің» маусым алдындағы дайындығына қатысып, командамен бірге жолдастық кездесулер өткізді. Жас шабуылшы алғашқы ойындарының бірінде-ақ гол соғып, жанкүйерлердің назарын аударды. Сәтпаев «Челси» сапындағы алғашқы голын кездесудің алтыншы минутында соқты.
Жалпы қазақстандық футболшы лондондық клубтың жейдесінде төрт матч өткізіп үлгерді. Маусым алдындағы турне кезінде ол команда сапында қаралымдағы ойыншы ретінде өнер көрсеткен болатын.
Сәтпаевтың алдағы маусымы қалай өтеді?
АПЛ тізіміне енгізілуі Сәтпаевтың жаңа маусымда міндетті түрде «Челсидің» негізгі құрамында қалатынын білдірмейді. Жас футболшының тұрақты ойын тәжірибесін жинауы үшін жалға берілуі мүмкін екені де айтылып жүр. БАҚ-та Сәтпаевқа француздық «Страсбур», «Халл Сити», испаниялық «Расинг» және алматылық «Қайрат» қызығушылық танытып отырғаны жазылды. Сондықтан оның алдағы маусымды нақты қай командада өткізетіні әзірге белгісіз.
Дегенмен Сәтпаевтың Ағылшын Премьер-лигасының ресми тізіміне енуі қазақстандық футбол үшін маңызды оқиғалардың бірі. Енді жанкүйерлерді жас шабуылшының «Челсидің» негізгі құрамында мүмкіндік ала ма, әлде тұрақты ойын тәжірибесі үшін басқа клубқа жалға беріле ме деген сауал қызықтырады.
Ағылшын Премьер-лигасының жаңа маусымы келесі аптада басталады. «Челси» алғашқы кездесуін 25 тамызға қараған түні «Фулхэмге» қарсы өткізеді. Оған дейін лондондық клуб «Реал Сосьедадпен» жолдастық матч өткізуі тиіс.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды