28 Қыркүйек, 15:55
Аутизм диагнозы қойылған әлемге танымал адамдарҚазақстандық модель Гауһар Өмірзақ Нью-Йорк сән апталығында ерекше образымен көпшіліктің назарын аударды. Подиумға қою қызыл түсті көйлекпен шыққан модельдің тізесінен асатын қолаң шашы оның образын айшықтай түскен. Қазақстандық арудың ерекше келбеті шетелдік дизайнерлердің де қызығушылығын тудырған.
Сән әлемі – Гауһардың өміріндегі жалғыз бағыт емес. Ол – төрт баланың анасы, бірнеше жыл мұнай-газ саласында еңбек еткен маман. Ақпараттық технологиялар мен лингвистика бойынша білім алған. Қазір халықаралық білім беру жобаларымен айналысып, fashion-индустрияда да өзін танытып жүр.
Гауһар Өмірзақ сұхбат барысында өзінің сән әлеміне қалай келгенін, ұзындығы 150 сантиметрге жеткен шашының күтімін, Нью-Йорк сән апталығындағы әсерін және алдағы Париж сапарына дайындығын айтып берді.
«Жеті жылдан астам мұнай-газ саласында жұмыс істедім»
Гауһар Өмірзақ – Орал қаласының тумасы. Оның негізгі мамандығы сән индустриясынан мүлде бөлек. Алғашқы білімін ақпараттық технологиялар саласында алған ол кейін лингвистиканы да меңгеріп, ағылшын және француз тілдерін оқыған.
Жеті жылдан астам уақыт кәсіби қызметім мұнай-газ саласымен, инженериямен, автоматтандырумен және техникалық бағыттағы жобалармен байланысты болды. Қазір бірден бірнеше бағытты қатар дамытып жүрмін. Халықаралық білім беру саласындағы жобалармен айналысамын және халықаралық fashion-индустрияда модель ретінде танылып келемін. Қазақстан атынан сән көрсетілімдеріне қатысып жүрмін, – дейді.
Бүгінде ол төрт баланың анасы. Айтуынша өмірде үлкен өзгерістер болғаннан кейін де әйел адамның жаңа кезеңді бастап, мансабын құрып, армандарын жүзеге асыра алатынын өз мысалыммен көрсету өте маңызды деп санайды.
Гауһардың шашы тізесін төмен
Модельді алғаш көрген адамның назарын бірден аударатын ерекшелігі – оның қолаң әрі ұзын шашы. Гауһардың айтуынша, қазір шашының ұзындығы шамамен 150 сантиметрге жетеді.
Уақыт өте келе ұзын шаш оның жеке стилінің ғана емес, халықаралық сән сахнасындағы танымал образының бір бөлігіне айналған.
Иә, менің шашым шынымен де өте ұзын. Қазіргі ұзындығы шамамен 150 сантиметр. Бұл менің образымның бір бөлігіне, мені өзгелерден ерекшелендіретін белгіге айналды. Сән көрсетілімдері мен халықаралық іс-шараларда адамдар көбіне алдымен шашыма назар аударады. Содан кейін ғана менің өмір жолым мен оқиғама қызығушылық таныта бастайды, – дейді модель.
Үйде тағы екі бұрым сақтаулы тұр
Гауһар шашын он жылдан астам уақыт бойы өсіріп келеді. Оның айтуынша, бала күнінен шашы ұзын болғанымен, есейген кезде оны ұзын күйінде сақтауға саналы түрде шешім қабылдаған.
Бір қызығы, қазіргі шашы – модельдің осындай ұзындыққа дейін өсірген үшінші бұрымы.
Бұл – менің үшінші бұрымым. Әдетте шашымды бұрым етіп өріп, әбден ұзарған кезде қиып аламын. Үйде бұған дейін қиған тағы екі ұзын бұрымым сақтаулы тұр. Әрине, осы уақыт ішінде шашым сау әрі жақсы көрінуі үшін ұштарын түзеп, қиып тұрамын. Бірақ ұзындығын ешқашан түбегейлі қысқартқан емеспін. Мен үшін шаштың ұзын болғаны ғана емес, оның сапасын сақтау да маңызды. Ең ұзын кезіндегі шашымның ұзындығы 174 сантиметрге дейін жеткен, – дейді ол.
Модель мұндай ұзын шаш өсіруді тек сыртқы ерекшелік немесе сән үшін жасалған қадам деп қабылдамайды. Оның сөзінше, ұзын шашқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Кейін бұл ерекшелік оның жеке стиліне айналып, дәстүрлі қазақы эстетика мен заманауи fashion-индустрияны байланыстыратын құрал болған.
Бұл бала күнгі арманым мен мінезімнің үйлесімі шығар. Маған ұзын шаш әрқашан ұнайтын. Оның бойында әйелдік нәзіктік, сұлулық және дәстүрмен, өз тамырыңмен байланыстыратын ерекше бір қасиет бар деп ойлаймын. Уақыт өте келе ұзын шаш менің даралығымның бір бөлігі бола алатынын түсіндім. Қазір шашымды жай ғана сыртқы келбетімнің бір элементі ретінде қабылдамаймын. Ол – менің образымның және белгілі бір деңгейде қазақстандық әйел туралы айтқым келетін оқиғаның бір бөлігі. Маған Қазақстанның дәстүрлі эстетикасын заманауи fashion-образбен ұштастыру ұнайды, – дейді Гауһар.
Ұзын шаштың күтімі – жеке бір рәсім
150 сантиметрлік шашты күтіп-баптау оңай емес. Модель шаш күтіміне ерекше көңіл бөліп, қолданатын өнімдерінің сапасын қадағалайтынын айтады.
Әсіресе шашты жуып болғаннан кейін толық кептіру мен зақымдамай тарау көп уақыт алады.
Мұндай шаштың күтімі – жеке бір рәсім деуге болады. Қолданатын құралдардың сапасына өте мұқият қараймын. Шашты артық өнімдермен ауырлатпауға тырысамын және міндетті түрде нәрлендіру мен қалпына келтіруге көңіл бөлемін. Шашты жуу, кептіру және тарау қалыпты ұзындықтағы шашқа қарағанда әлдеқайда көп уақыт алады. Әсіресе оны толық кептіріп, асықпай, ұқыпты тарау қиын, – дейді ол.
Бірақ Гауһар мұны проблема ретінде қабылдамайды. Бұл – оның өмір салтының бір бөлігі. Осындай ұзын шаш өсіру үшін оған уақыт бөліп, күтім жасауға дайын болу керек екенін айтады.
«Кейде бәрін қиып тастау туралы ой келеді»
Төрт баланың анасы үшін жұмыс, сапар, балалардың күтімі мен сән әлемін қатар алып жүрудің өзі үлкен жауапкершілік. Оған күнделікті өмірде ұзын шаштың күтімі де қосылады.
Гауһар кей кездері шашын қысқартып тастағысы келетінін жасырмайды. Дегенмен әзірге мұндай өзгеріске дайын емес.
Әрине, кейде оңай емес. Әсіресе тез жиналу керек болғанда, балалармен айналысқанда, сапарға шыққанда немесе жұмыс істеген кезде қиындық туындайды. Бірақ мен шашыммен дұрыс жұмыс істеуді үйреніп алдым. Күнделікті өмірде көбіне жинап жүремін, ал іс-шаралар кезінде түрлі образ жасай аламын, – дейді.
Кейде, шаршағанда қиып тастағысы келетінін айтады. Бірақ әзірге оған дайын емес. Өйткені қолаң шаш оның өмір тарихының бір бөлігіне айналып үлгерді.
Нью-Йорк подиумындағы ерекше образ
Нью-Йорк сән апталығына қатысу Гауһар үшін халықаралық fashion-индустриядағы маңызды кезеңдердің біріне айналған. Ол бұл деңгейге түрлі байқаулар, сән көрсетілімдері мен дизайнерлермен ынтымақтастық арқылы біртіндеп келгенін айтады.
Қазақстандық модель дизайнер Тимур Тұрсынқұловпен жұмыс істейді, ал шетелдік көрсетілімдерде халықаралық дизайнерлермен ынтымақтасады.
Нью-Йорктегі көрсетілім кезінде қою қызыл түсті көйлек пен ұзын шаштың үйлесімі ерекше образ қалыптастырған. Гауһар бұл образды жасауда Алайя Шансельдің еңбегін ерекше атап өтті.
Нью-Йорк сән апталығына қатысу менің халықаралық fashion-жолымдағы маңызды кезең болды. Алайя Шансельге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қою қызыл түсті сәнді көйлектің арқасында көрермендер менің шашымның ұзындығына ғана емес, образдағы сымбатқа, әсемдікке және өткен ғасыр стилінің элементтеріне де назар аударды, – дейді модель.
Нью-Йорк подиумына шыққан кезде қатты толқығанын айтады. Бірақ дәл қолаң шашы жұрт талқылайтын басты детальдардың біріне айналады деп күтпеді.
Шашым шынымен де есте қалатын образ қалыптастыруға көмектеседі. Әсіресе халықаралық сахнаға Қазақстанның өкілі ретінде шыққанда, заманауи сәнге өзіңе тән бір ерекшелікті алып келудің өзі қызық, – дейді ол.
Шетелдік дизайнерлерден ұсыныстар түскен
Нью-Йорктегі және басқа да халықаралық көрсетілімдерден кейін қазақстандық модельге шетелдік дизайнерлер тарапынан жаңа ұсыныстар түсе бастаған. Дегенмен Гауһар ұсыныстың көп болғанынан гөрі, әр жобаның мазмұны мен өзінің образына қаншалықты сәйкес келетініне басымдық беретінін айтады.
Қазір мұндай ұсыныстарға өте мұқият қараймын. Жай ғана жобалардың санын көбейте бергім келмейді. Мен үшін ынтымақтастықтың белгілі бір мағынасы болуы және менің образыма сәйкес келуі маңызды. Әсіресе fashion-индустрияны, Қазақстанның ұлттық мәдениетін және заманауи халықаралық эстетиканы біріктіре алатын жобалар қызықтырады, – дейді.
Қазір кейбір келіссөздер талқылау кезеңінде жүріп жатыр. Сондықтан нақты келісімшарттар туралы ресми түрде расталғаннан кейін ғана айтқанды жөн көрді.
Келесі мақсат – Париж сән апталығы
Қазір Гауһар келесі үлкен халықаралық қадамына дайындалып жатыр. Оның жоспары – Париждегі сән апталығына қатысу. Алайда модель үшін Парижге барудың мақсаты тек подиумға шығып қайтумен шектелмейді. Ол халықаралық аудиторияға заманауи қазақстандық әйелдің бейнесін танытқысы келеді.
Қазір Парижге дайындық кезеңіндемін. Көрсетілімдер, образдар, киім өлшеу және түрлі ұйымдастыру мәселелері келісіліп жатыр. Мен үшін Париж – кезекті fashion-көрсетілім ғана емес. Мен заманауи қазақстандық әйелдің образын көрсеткім келеді. Ол – нәзік, өзіне сенімді, дербес және сонымен бірге өзінің мәдениетімен, тамырымен байланысын үзбеген әйел бейнесінде болуы шарт, – деді.
Ұлттық мотивтерді заманауи тұрғыда ұсынатын дизайнерлер оған ерекше қызық. Ол халықаралық аудитория Қазақстанды тек дәстүрлі киім арқылы ғана емес, өз тарихын өзі жасап келе жатқан заманауи әйел арқылы да көргенін қалайды.
Гауһардың айтуынша, сән әлеміндегі жаңа кезең оның бұған дейінгі кәсіби тәжірибесін жоққа шығармайды. Керісінше, инженерия, халықаралық жобалар, ана рөлі мен fashion-индустриясы оның өмірінде қатар тоғысып отыр.
Төрт баланы тәрбиелеп отырған модель тізесін төмен түсетін қолаң шашы халықаралық сахнада оның ерекше белгісіне айналған. Гауһар үшін бұл жай ғана сыртқы ерекшелік емес – ұлттық эстетика, әйелдік болмыс пен заманауи сәнді бір образға біріктірудің бір тәсілі.
28 Қыркүйек, 15:55
Аутизм диагнозы қойылған әлемге танымал адамдар13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?