20.05.2026
11:40
149

140 баллдан кейінгі өмір: үздік түлектердің таңдауы қандай болды?

Екіұдай сезімге толы 50 күн. Қолжетпеске айналған 140 балл. Жылаған оқушы, жұбатқан ата-ана. Иә, мектеп бітіруші кез келген түлектің арманы – жоғары балл алу. Тестілеудің дәл осы балдық жүйесі 2017 жылдан бастап өзгерген еді. Бастапқы екі жылда 140 баллды ешбір түлек жинай алмады.

El.kz тілшісі соңғы үш жылда ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен түлектерді анықтап көрді. Олар қазір қайда жүр? Қандай университетке оқуға түсті? 140 баллдан кейінгі өмірлері қалай өзгерді?

Оқи отырыңыз: 

 

Жаннұр Еңсебек қазір қайда жүр?

2024 жылы бірыңғай ұлттық тестілеуге 181 мың талапкер қатысты. Сол жылы ең көп талқыланған есімдердің бірі – Жаннұр Еңсебек болды. Алматы облысы Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының түлегі тестілеуден 140 балл жинап, ел назарын өзіне аударды. Бұл – ҰБТ тарихындағы ең жоғары нәтиже.

Ауыл мектебінде оқыған қарапайым түлектің барлық сұраққа дұрыс жауап беруі көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Әлеуметтік желілерде оның аты жиі аталып, сұхбаттары тарай бастады. Жоғары нәтиже көрсеткен түлекпен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы кездесіп, құттықтады. Ал түрлі компаниялар мен білім беру орталықтары оған сыйлықтар табыстады.

Ең қымбат сыйлықтардың бірі – су жаңа Hyundai Sonata автокөлігі болды. Сонымен қатар Жаннұрға ақшалай сертификаттар, жанармай купондары және ата-анасына қаржылай сыйлықтар берілген. Бұл жаңалық қоғамда қызу пікірталас тудырып, “140 балл өмірді өзгерте ме?” деген сұрақтарды көбейтті.

Кейін Жаннұр әлеуметтік желідегі видеолардың бірінде сыйға берілген көлікті сатып жібергенін айтқан. Оның сөзінше, басты мақсаты – білім алып, болашақ мансабына инвестиция құю. Сұхбаттарында ол ақпараттық технологиялар саласына қызығатынын айтып, IT бағытын таңдағанын жеткізді. Қазір Жаннұр SDU университетінің 2-курс студенті.

Қосшыдан шыққан 140 балл иесі

Дәл осындай үздік нәтижеге қол жеткізген Ақмола облысы Қосшы қаласындағы Р.Қошқарбаев атындағы №1 мектептің түлегі Айым Ержанова да SDU университетін таңдаған. Айым тестілеудегі барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, максималды балл жинаған.

Жас түлек сұхбаттарында дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін таңдағанын айтқан. Оның сөзінше, жоғары нәтиже бір күнде келген жоқ. Айым 10-сыныптан бастап ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындалып, мектептегі көптеген іс-шарадан бас тартқан.

Алдыма мақсат етіп қойып, оған барымды салдым, – деген еді ол сұхбаттарының бірінде.

Жоғары нәтиже үшін Айымға түрлі сыйлықтар да табысталды. Ол дайындалған білім беру орталығы талапкерге 5 миллион теңге, жаңа iPhone және Дубайға жолдама сыйлаған.

Кейін Айым өзінің Қазақстанда оқуды жалғастыратынын айтып, “Екі шет тілі” мамандығына қызығушылық танытқан.

2025 жылы Түркістандық түлек топ жарды

2025 жылғы ҰБТ-ның алғашқы 140 балл иегері атанғандардың бірі – Түркістан облысының түлегі Жәнібек Әбілхан. Оның есімі тестілеу басталған сәттен-ақ бүкіл елге танылды. Себебі Жәнібек негізгі ҰБТ-ның алғашқы күндерінің өзінде ең жоғары нәтиже көрсетіп, қоғам назарын аударды.

Жәнібек Асқарұлы Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Ұлттық бірыңғай тестілеуде информатика пәнін таңдаған. Жергілікті білім басқармасының айтуынша, көпбалалы отбасыдан шыққан Жәнібек ізденімпаз, білімді оқушы.

140 баллдан кейін Жәнібектің есімі түрлі медиа мен білім беру платформаларында жиі аталды. Оны Ғылым және жоғары білім министрі, облыс басшылығы мен ұстаздары арнайы құттықтап, жоғары нәтижесін елге үлгі ретінде көрсетті. Ал білім алған оқу орталығы Жәнібекке Астанадан пәтер сыйлады.

Қазір ол Astana IT университетінің 1-курсында IT және инженерия бағыттары бойынша білім алып жүр.

Былтыр ҰБТ-да астаналық Жанайым Рашид та 140 балл еншіледі. Дарынды қыз балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатының оқушысы елдегі ең жоғары нәтиже көрсеткен санаулы талапкер қатарына енді.

Жанайым ҰБТ-да таңдау пәндері ретінде дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдаған. Бұл оның халықаралық қатынастар саласына қызығушылығымен байланысты екені айтылды. 140 балл жинағаннан кейін Жанайымның есімі әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында жиі атала бастады. Астана қаласының Білім басқармасы оның жетістігін “табандылық пен жүйелі еңбектің жемісі” деп бағалаған.

Жоғары нәтиже үшін оған ерекше сыйлық та берілді. Жанайым дайындалған білім беру орталығы талапкерге Zeekr маркалы электрокөлік сыйлаған

Мектебі пәтер сыйлаған оқушы

2025 жылғы ҰБТ-да ең көп талқыланған түлектердің бірі – алматылық Айша Сатыбалды болды. Ол Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинап, елдегі ең жоғары нәтиже көрсеткен санаулы талапкерлер қатарына енді. Айша – Алматыдағы 125 High School мектебінің түлегі. Оның сөзінше, жоғары нәтижеге жету үшін екі жыл бойы жүйелі түрде дайындалған. 10-сыныпта ағылшын тіліне, ал 11-сыныпта тарих пәніне ерекше көңіл бөлген.

Негізгі мақсатым – 130 балдан асу еді. 140 балл аламын деп күтпедім, – деген еді Айша.

140 баллдан кейін Айшаның есімі әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жиі аталды. Алайда қоғамды таңғалдырғаны – оған мектеп тарапынан пәтер сыйлануы болды. 125 High School басшылығы ең жоғары нәтиже көрсеткен түлекке Алматыдан пәтер тарту еткен. Бұл жаңалық ел ішінде кең талқыланып, “ҰБТ тарихындағы ең ерекше сыйлықтардың бірі” аталды.

Пәтер кілтін алған сәтте Айша көз жасына ерік берген. Ол ұстаздарына, ата-анасына және жақындарына алғыс айтқан. Айша болашақта ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуды армандайтынын айтқан. Ол Suleyman Demirel University университетінің “Екі шет тілі” мамандығына түсуге ниетті екенін мәлімдеді. Сонымен қатар магистратураны шетелде оқуды жоспарлайтынын жеткізген.

Биыл жоғары нәтижеге 4 түлек жетті

Биылғы ҰБТ-ның басталғанына санаулы күндер ғана болды. Алғашқы апталарда 4 бірдей түлек топ жарып, 140 балл еншіледі. Ең үздік нәтиже көрсеткендердің қатарында шымкенттік Айсұлтан Жаңбырбай мен Түркістан қаласының тумасы Жасур Нышанбаев бар. Айта кетерлігі, екі түлек те бір сыныпта білім алған. Сонымен қатар олар ҰБТ-да бірдей бейіндік пәндерді – дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдаған.

Жас талапкерлер халықаралық IELTS емтиханынан да 6,5 балл иеленген. Бұл олардың тек ҰБТ-да ғана емес, халықаралық деңгейдегі білім талаптарына да дайын екенін көрсетті.

Айсұлтан Жаңбырбай жоғары нәтижеге жету тұрақты еңбек пен дайындыққа байланысты екенін айтады.

Қуанышты сәт, бірақ мен өзім 140 балл алатыныма сенімді болдым. Қаншалықты еңбек етіп, тырысқаныңа байланысты деп ойлаймын, – дейді түлек.

Ол ата-анасына алғыс айтып, өзіне жағдай жасап, Түркістанға оқуға жібергенін ерекше атап өтті.

Білім додасында тараздық оқушылар да жоғары нәтиже көрсетті. ҰБТ-да 140 балл жинағандардың бірі – Нұрғанат Қанат. Жас түлекке жетістігі үшін 50 миллион теңгелік пәтер сыйға берілген. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

Ең жоғары нәтиже көрсеткен тағы бір талапкер - Тұрар Рысқұлов ауданындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Назерке Сәрсенбай. Оның айтуынша, жоғары балл алу үшін шамамен бір жарым жыл уақыт кеткен.

IELTS, ITest секілді халықаралық емтихандарым маған қосымша балл беріп тұр. Бұл - өз еңбегімнің жемісі деп ойлаймын, – дейді Назерке.

140 балл жинаған оқушылардың жетістігі әлеуметтік желілерде кең таралып, мыңдаған талапкерге мотивация болды. Мұндай нәтиже тек қабілетке емес, жүйелі дайындық пен тәртіпке де байланысты.