12-14 қыркүйекте елімізде ауа райы күрт өзгереді

12-14 қыркүйекте елімізде ауа райы күрт өзгереді

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Алдағы күндері Қазақстанда ауа райы өңірге қарай айтарлықтай ерекшеленеді. Солтүстік пен орталықта күн салқындап, жаңбыр жауып, жел күшейсе, оңтүстікте жазғы жылу әлі де сақталады. Ал батыста жауын-шашын біртіндеп тоқтап, температура қайта көтеріле бастайды. Синоптиктер 12-14 қыркүйекте ел тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты.

Қазақстан аумағының басым бөлігінде алдағы күндері құбылмалы ауа райы сақталады. Оған циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді. Соның салдарынан бірқатар өңірде жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнайды. Жел де күшейеді. Әсіресе елдің солтүстік бөлігінде жылы әрі жауын-шашынсыз күндерден кейін ауа температурасы айтарлықтай төмендейді.

Солтүстікте жылы әрі жауын-шашынсыз күндерден кейін күн айтарлықтай салқындайды. Кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, жел күшейеді, – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

Солтүстікте күн күрт салқындайды

Ауа райындағы ең үлкен өзгеріс Қазақстанның солтүстік өңірлерінде сезіледі. Мұнда күндіз ауа температурасы +13…+20°С-қа дейін төмендейді.

Орталық өңірлерде де аптап ыстықтың беті қайтып, күндіз +15…+25°С шамасында болады.

Елордада да температура айтарлықтай төмендейді. 11 қыркүйекте күндіз +30…+32°С шамасында болған ауа температурасы 12 қыркүйекте +21…+23°С-қа, ал 13 қыркүйекте +16…+18°С-қа дейін төмендеуі болжанған. Яғни екі күннің ішінде күндізгі температура шамамен 14 градусқа дейін өзгеруі мүмкін.

12-13 қыркүйекте Астанада жаңбыр жауып, найзағай ойнауы, желдің екпіні кей уақытта 15–20 м/с-қа жетуі ықтимал. Осылайша, қыркүйектің алғашқы жартысындағы жазға тән ыстық ауа райының орнын елдің солтүстігінде күзгі салқын басады.

Оңтүстікте жазғы жылу сақталады

Қазақстанның солтүстігінде тұрғындар жылы киімге қайта орала бастаса, оңтүстік өңірлерде ауа райы мүлде басқаша болады.

Мұнда температура жоғары деңгейде сақталады. Мәселен, Алматыда 12 қыркүйекте күндіз +30…+32°С, ал 13 қыркүйекте +28…+30°С шамасында болады деп болжанған.

Алматының өзінде жауын-шашын күтілмейді. Алайда Алматы облысының кей аудандарында, әсіресе таулы жерлерде қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Кей жерлерде желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Осылайша, бір күннің өзінде Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігіндегі ауа температурасының айырмасы 10 градустан асып кетуі мүмкін.

Батыста жауын тоқтап, күн жылынады

Батыс өңірлерде жағдай керісінше өзгереді. Мұнда ауа райы біртіндеп тұрақтанып, жауын-шашын тоқтайды. Күндіз ауа температурасы қайта көтеріліп, +20…+30°С шамасына жетеді.

Бұған дейін батыс аймақтарда циклонның әсерінен жаңбыр жауып, кей жерлерде жауын күшейіп, ауа температурасы төмендеген болатын. Енді циклонның жылжуына байланысты өңірде жауын-шашын азайып, күн қайта жылына бастайды.

Жалпы, қыркүйектің ортасында Қазақстанның әр бөлігінде ауа райы әртүрлі болады. Солтүстікте күзгі салқын мен жаңбыр сезілсе, оңтүстікте жазғы +30°С шамасындағы жылу сақталады. Ал батыста жауын-шашын басылып, температура қайта көтеріледі.

Сондықтан демалыс күндері жолға шығуды немесе ашық ауада демалуды жоспарлаған тұрғындарға өз өңіріндегі қысқа мерзімді ауа райы болжамы мен дауылды ескертулерді алдын ала тексерген жөн.

Оқи отырыңыз

{