20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керекҚазақстанда мерзімі өткен несие берешегін өндіріп алу тәртібі өзгерді. Енді банктер белгілі бір жағдайда борышкердің шотында кемінде 101 702 теңге қалдыруға міндетті. Жаңа талап 2026 жылғы 21 қазаннан бастап күшіне енді.
Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, банк мерзімі өткен несие қарызын төлем талабы арқылы өндірген кезде азаматтың шотындағы барлық ақшаны ұстап қала алмайды. Қарыз алушының күнделікті қажеттілігіне жұмсайтын қаражаты сақталуы тиіс.
Борышкердің шотында қанша ақша қалуы керек?
Жаңа ережеге сәйкес, несие қарызын өндіріп алу кезінде азаматтың ағымдағы шоттарында кемінде екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат қалуы қажет.
2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Демек, борышкердің шотында кемінде 101 702 теңге сақталуы тиіс.
Сонымен қатар банк төлем талабы арқылы шоттағы қаражаттың 50 пайызынан астамын ұстай алмайды. Бұл шектеу заңда көзделген кейінгі ақша түсімдеріне де қолданылады.
Алайда қорғалатын сома әр шотқа жеке есептелмейді. Бір банктегі азаматқа тиесілі барлық ағымдағы шоттың жалпы қалдығы ескеріледі.
Мысалы, шотта 150 мың теңге болса...
Азаматтың несие төлемін кешіктіріп, банк алдындағы қарызы жиналды делік. Оның бір банктегі ағымдағы шоттарында 150 мың теңге бар.
Банк төлем талабы арқылы берешекті өндірген жағдайда азаматқа кемінде 101 702 теңге қалдыруы керек. Яғни бұл сомадан ең көбі 48 298 теңге ұстай алады.
Ал шоттағы қаражат белгіленген ең төменгі сомадан аз болса, банк осы тәртіппен ақша өндірген кезде қалдықты одан әрі азайтпауы тиіс.
Бұл ретте банк екі талапты да сақтауға міндетті: шотта кемінде 101 702 теңге қалуы және қаражаттың 50 пайызынан астамы ұсталмауы қажет.
Оқи отырыңыздар
Жаңа ереже кімдерге қатысты?
Өзгеріс банктік несие бойынша мерзімі өткен қарызды төлем талабы арқылы өндіріп алу жағдайларына қолданылады.
Атап айтқанда, бұл талап жеке тұлғалардың және жеке кәсіпкерлік нысанында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің ағымдағы шоттарына қатысты.
Алайда жинақ шоттарына мұндай шектеу қолданылмайды.
Сондай-ақ шотта белгілі бір соманың сақталуы азаматты несиесін төлеу міндетінен босатпайды. Қарыз жойылмайды және оны заңда қарастырылған басқа тәсілдермен өндіріп алу жалғасуы мүмкін.
Сот орындаушылары да 101 мың теңге қалдыруға міндетті ме?
Жоқ. Жаңа талап барлық қарызды өндіріп алу жағдайларына бірдей қолданылмайды.
Егер банк мерзімі өткен несие берешегін төлем талабы арқылы өндірсе, борышкердің шотында кемінде 101 702 теңге сақталуы керек.
Ал қарыз сот орындаушысы арқылы өндірілсе, басқа ережелер қолданылады.
Мәселен, жалақыдан және заңда көрсетілген кейбір табыс түрлерінен ақша ұсталған кезде борышкердің табысының, әдетте, кемінде жартысы сақталуы тиіс. Сондай-ақ қалған қаражат бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 50 851 теңгеден кем болмауы қажет.
Дегенмен жалақыдан ақша ұстау мен банк шотындағы қаражатты өндіріп алудың құқықтық тәртібі әртүрлі.
Сондықтан 101 702 теңге мөлшеріндегі қорғалатын сома сот орындаушылары бұғаттаған барлық шотқа автоматты түрде қолданылмайды.
Банк шоттан артық ақша ұстаса, не істеу керек?
Егер банк төлем талабы арқылы шоттан ақша ұстап, азаматтың қолында заңда белгіленген сомадан аз қаражат қалса, алдымен ақшаның қандай негізде алынғанын анықтау қажет.
Ол үшін банктен қаражатты кімнің өндіргенін, қандай құжат негіз болғанын және ақшаның қай шоттан алынғанын нақтылаған жөн. Сондай-ақ ақша ұсталған сәтте сол банктегі ағымдағы шоттарда қанша қаражат болғанын тексеру керек.
Осы мәліметтерді анықтағаннан кейін банкке жазбаша өтініш беріп, операцияның заңдылығын тексеруді талап етуге болады.
Егер мәселе шешілмесе, азамат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға құқылы.
Ал ұсталған ақшаның қайтарылуы оның қандай негізде өндірілгеніне және істің мән-жайына байланысты шешіледі.
Бұған дейін депутат қандай ұсыныс айтқан еді?
7 қазанда Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов Ұлттық банк төрағасына депутаттық сауал жолдап, қарызы бар азаматтардың күнкөрісіне қажетті қаражатты сақтауға кепілдік беруді ұсынған болатын.
Депутат мұндай кепілдіктерді банктер мен микроқаржы ұйымдарының келісімшарттарында нақты көрсету қажеттігін көтерді. Сондай-ақ борышкерлердің шотында кемінде бір ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең ақша қалдыруды ұсынды.
Ал 21 қазанда күшіне енген өзгерістер мерзімі өткен банктік несиені өндіріп алудың нақты бір тәсіліне қатысты. Сот орындаушылары арқылы қарыз өндірілген кезде азаматтардың қаражатын қорғау мәселесі бөлек реттеледі.
20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек20 Қазан, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады19 Қазан, 12:42
1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?