1 қыркүйектен бастап жаңа шектеу: Қазақстанға қандай көліктерді әкелуге тыйым салынады?

1 қыркүйектен бастап жаңа шектеу: Қазақстанға қандай көліктерді әкелуге тыйым салынады?

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда шетелден автокөлік әкелу тәртібін қатаңдату жоспарланып отыр. Тиісті түзетулерді Сауда және интеграция министрлігі әзірледі.

Жаңа өзгерістер, ең алдымен, рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерге және төтенше жағдайда көмек шақыруға арналған SOS жүйесін тексеру тәртібіне қатысты болмақ.

Жобаға сәйкес, рөлі оң жақтан сол жаққа қайта жабдықталған автокөліктерге енді көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік берілмейді. Бұл мұндай көліктерді заңдастыру мүмкіндігін шектейді.

Мамандардың айтуынша, 2023 жылғы автокөліктерді заңдастыру науқанынан кейін Қазақстанға мұндай көліктердің жаппай әкелінуі байқалмаған. Соған қарамастан, билік болашақта осындай тәжірибенің қайта орын алуына жол бермеу үшін бұл шектеуді заң жүзінде бекітуді көздеп отыр.

Сонымен қатар, төтенше жағдайда көмек шақыруға арналған SOS жүйесін тексеру тәртібі де күшейтіледі. Бұған дейін кейбір көліктерде бұл құрылғының орнатылмағаны немесе жұмыс істемейтіні анықталған. Енді жүйені сынақтан өткізу міндетті түрде бейнетаспаға жазылады. Жазбада көліктің сәйкестендіру нөмірі (VIN) анық көрінуі тиіс, ал бейнематериалдар зертханаларда кемінде үш жыл сақталады.

Министрліктің пікірінше, бұл талаптар көліктерді нақты тексермей-ақ сертификат беру жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Аталған түзетулер көліктердің заңсыз импортын азайту мақсатында әзірленіп жатыр. Бұған дейін Қазақстан премьер-министрі 1 қыркүйектен бастап заңсыз автокөлік әкелуді қиындататын шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

«Төтенше жағдайда көмек шақыру жүйесін тексеруді міндетті бейнефиксациялау және рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған автокөліктерге қауіпсіздік куәлігін беруге тыйым салу сертификаттау рәсімінің ашықтығын арттыруға және көліктердің заңсыз импортын болдырмауға бағытталған», – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі.

Оқи отырыңыз

{