1 қарашадан бастап шетелдіктердің Қазақстанға кіру тәртібі өзгереді

1 қарашадан бастап шетелдіктердің Қазақстанға кіру тәртібі өзгереді

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан Республикасының Үкіметі шетел азаматтарының елге кіру, Қазақстан аумағында болу және елден шығу қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстанға визасыз келетін шетел азаматтары электрондық кіру рұқсатын рәсімдеуге міндеттеледі. Өзгерістер 2026 жылғы 24 қазанда күшіне енді. 

Электрондық рұқсат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарына, сондай-ақ Қазақстанмен визасыз қатынас туралы келісімі бар елдердің азаматтарына қажет болады. Бұл талап АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Үндістан және Иран сияқты елдердің азаматтарына да қатысты. Рұқсат Қазақстанға тікелей кірумен қатар, ел аумағы арқылы транзитпен өтетін шетелдіктер үшін де қарастырылған.

Жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. 2026 жылғы 1 қарашадан бастап электрондық рұқсатты тексеру Ақтау халықаралық әуежайында, сондай-ақ Павлодар облысындағы «Үрлітөбе», Жамбыл облысындағы «Аухатты», Түркістан облысындағы «Атамекен» және Жетісу облысындағы «Нұрлы жол» автомобиль өткізу бекеттерінде басталады. Алғашқы кезеңде электрондық рұқсаты жоқ шетел азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынбайды. Оларға тек құжатты рәсімдеу қажеттігі туралы ақпарат беріледі.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап электрондық рұқсатты тексеру Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында енгізіледі. Ал 1 наурыздан бастап бұл талап елдегі барлық қалған шекаралық өткізу пункттеріне таралады. 2027 жылғы 1 шілдеден бастап электрондық рұқсат толықтай міндетті болады. Осы күннен кейін тиісті рұқсаты жоқ шетел азаматтарына Қазақстан аумағына кіруге рұқсат берілмейді.

Электрондық рұқсатты рәсімдеу үшін шетел азаматы Қазақстанға жоспарланған сапарынан кемінде 72 сағат бұрын арнайы цифрлық платформа арқылы өтініш беруі қажет. Өтініш беру кезінде азаматтың жеке басы сәйкестендіріледі. Рұқсатты ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу арқылы береді.

Электрондық рұқсат тегін рәсімделеді және оның жарамдылық мерзімі 180 күнтізбелік күнді құрайды. Алайда бұл шетел азаматына Қазақстан аумағында 180 күн бойы үздіксіз тұруға құқық бермейді. Елде болу мерзімі қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес реттеледі. Шекарадан өткен кезде шетел азаматы электрондық рұқсатты рәсімдеу барысында көрсеткен паспортын ұсынуы тиіс. Құжаттың бар-жоғын Шекара қызметі «Бүркіт» бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы тексереді.

Сонымен қатар электрондық рұқсат беруден бас тарту немесе бұрын берілген рұқсаттың күшін жою жағдайлары да қарастырылған. Атап айтқанда, шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылған, ол әкімшілік тәртіппен елден шығарылған немесе рұқсат заң талаптарын бұза отырып рәсімделген жағдайда құжаттың күші жойылуы мүмкін. Мұндай шешім туралы хабарлама азаматқа цифрлық платформа арқылы жолданады.

Жаңа ережелерге сәйкес, шетел азаматтарының 29 санаты электрондық рұқсат алу міндетінен босатылады. Олардың қатарында 16 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан адамдар, Қазақстанның жарамды визасы бар шетелдіктер, уақытша тұруға рұқсаты немесе ықтиярхаты бар азаматтар, босқындар мен баспана сұраушылар бар.

Сондай-ақ әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын жолаушылар, әуе, теңіз және өзен кемелерінің экипаж мүшелері, пойыз және локомотив бригадалары, халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілер мен автобус жүргізушілерінің белгілі бір санаттары да бұл талаптан босатылады. Мемлекет басшылары, дипломаттар және ресми делегация мүшелері үшін де электрондық рұқсат талап етілмейді. Алайда аталған санаттарға жататын азаматтар өз мәртебесін растайтын тиісті құжаттарды ұсынуы қажет.

Осылайша, Қазақстан шетел азаматтарының елге кіру тәртібін кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіруді жоспарлап отыр. Жаңа жүйе көші-қон бақылауын күшейтуге, шекарадан өту рәсімдерін реттеуге және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

2027 жылғы 1 шілдеден бастап электрондық рұқсат міндетті талапқа айналатындықтан, Қазақстанға визасыз келуді жоспарлаған шетел азаматтары сапар алдында тиісті құжаттарды алдын ала рәсімдеуі қажет.

Оқи отырыңыз

{