Жаңалықтар

Американы екінші үйімдей көремін - АҚШ-та үлкен жүк көлігін жүргізетін қазақ қызы

Американы екінші үйімдей көремін - АҚШ-та үлкен жүк көлігін жүргізетін қазақ қызы
Фото: instagram/asikon.amerika 19.04.2024 14:17 1148

Бүгінде әр адам өзі қалаған жұмысты таңдау еркіндігіне ие. Әсіресе, әйелдер қажетті білім деңгейі мен тәжірибесіне байланысты кез келген жұмысқа орналаса алады. Ер адамдар кәсібінде қызмет ететін әйелдер қатары да күн санап толығуда. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі мұхиттың арғы жағына хабарласып, әлеуметтік желі қолданушыларын фура айдап таңғалдырған Ассоль есімді арумен тілдесті.  

El.kz: Ассоль, алдымен өзіңізді көпшілік қауымға таныстырып өтсеңіз. Оқырмандарымызға сіз жайлы толығырақ білу қызықты болар. Қай жердің тумасысыз? Қандай оқу орнын тәмамдадыңыз?

Ассоль: Ақтөбе қаласының тумасымын. 17 жасымнан үлкен өмірге қадам басып, Алматы қаласындағы ҚазҰТУ-ға оқуға түстім. Мамандығым -  инженер-жобалаушы (бакалавр). Көпбалалы отбасында дүниеге келдім: алдымда үш әпкем бар. 18-ге толғанымда әкемнен айырылып қалдық. Анам Ақтөбеде тұрады. Барлық туыстарым да сол өңірде. Ал әпкелерім өзім сияқты шетел асқан. Бүгінде төртеуіміз әлемнің әр түпкірінде өмір сүріп жатырмыз. 

El.kz: АҚШ-қа қай жылы қандай бағдарлама арқылы қоныс аудардыңыз? Америкаға көшу арманыңыз болды ма?

Ассоль: Осыдан 6 жыл бұрын ағылшын тілін меңгеремін деген ниетпен АҚШ-қа қоныс аударып, уақыт өте елде қалу туралы шешім қабылдадым. Алғашқы 2 жылды Флорида штатындағы Ки-Уэст аралында өткіздім. Кейіннен Калифорнияның Санта-Моника қаласына көшіп, қонақүйде қызмет атқардым. Пандемия басталып, барлығымыз үй қамақта отырған кездер де бастан өтті.

El.kz: Өзге елге көшкенде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз? 

Ассоль: Әрине, қиындықсыз болмайды. Шетелге қоныс аудару саналы түрде қабылдаған шешім болған соң, артқа шегінер жол жоқ деп білдім. Сол себепті де еш қиындыққа мойымай, арқаны тік ұстап, арман-мақсаттарыма жету жолында жаңа өмірге бет бұрдым.

El.kz: Шетел асқаныңызға өкінген күндер болды ма?  Қолды бір сілтеп, елге қайтуды ойлаған ба едіңіз?

Ассоль: Осы тектес сұрақтарды жиі естимін. Шыны керек, болашақты болжай алмаймын. Алайда өз елімді қаншалықты сүйсем, Американы да екінші үйімдей қабылдайтыным рас.

El.kz: Америкадағы алғашқы жұмысыңыз есіңізде ме? Қолға алған алғашқы жалақыңыздың сомасы қанша еді?

Ассоль: Америка құрама штаттарына студент кезімнен түрлі бағдарламалар арқылы баратын едім. Жұмыстың қиындығынан қашпай, түрлі мейрамханалар, қонақүйлер мен дүкендерде жұмыс істеп, нәпақа таптым. Штат пен қалаға байланысты жалақы мөлшері де өзгеріп отырады. Сағатына 8 доллар алған кездерім де болған.

El.kz: Шетелде жақсы араласатын шынайы достарды жолықтыру қаншалықты қиын?

Ассоль: АҚШ-қа алғаш келгенімде араласатын адамдарды табу қиын болды. Алайда уақыт өте етене араласатын, көңіліміз жарасатын жақын достар табылды. Бүгінде олардың қатары көбеюде.

El.kz: Жүк көлігінің жүргізушісі (дальнобойщик) жұмысына қалай келдіңіз? Неліктен таңдауыңыз осы кәсіпке түсті?

Ассоль: Жүк көлігін жүргізу - ешкімге айтпаған жан сырым еді. Сонау  2011 жылдан бері осы ой мазалады. Абырой болып,  арманыма жетіп отырмын. Жасыратыны жоқ, алдымен бұл саладағы жалақы мөлшері қызықтырды. Кейіннен әлеуметтік желілердегі парақшам танымалдылыққа ие болып, жүргізушілікпен қатар блогерлікті де алып жүрдім. Track жүргізуші болудың плюстары бар болғанымен, қиын тұстары одан көп. Нақтысы әйел адамдардың табиғатына жат дүние дер едім.

El.kz: Truck driver қызметіне орналасу барысында қандай процесстерден өттіңіз?

Ассоль: CDL жүргізушілер құжатын алу үшін Орландоға бардым. CDL – Америка бойынша үлкен жүк көліктерін айдау үшін қажетті коммерциялық құжат. Оқуым екі аптаға созылды. Одан да тез аяқтауға болады. Бұл - оқытушыға байланысты. Емтиханды тапсыруға алғашқылардың бірі болып кірген едім. Бақытыма орай, қажетті балл жинап, сынақтан сүрінбей өттім. Ыңғайлысы Орландода оқып, басқа штатта емтихан тапсыру мүмкіндігі бар. Сынақтан өтсеңіз, құжатты мекенжайыңызға жібереді. Бірақ бұл құжаттың мерзімі шектеулі. Кейбіріне 3 жылға, енді біріне 5 жылға беріледі. Өз басым 5 жылға алдым. Тестті ағылшынша, кей штаттарда орысша тапсыруға болады. Өзіңізге ыңғайлы тілді таңдасаңыз болғаны. 

El.kz: Сіз сияқты нәзік қызға осындай үлкен көлікті тізгіндеп кету қаншалықты қиындық тудырды?

Ассоль: Әлі күнге дейін түрлі қиындықтармен бетпе-бет келемін. Көп жағдайда басқа трак жүргізушілері көмек қолын созып, кішігірім мәселелердің шешімін тауып береді. Жолымда мейірімді жандар жиі кездесетіні – қуантады.

El.kz: Өзіңізді жол үстінде көрген адамдардың таңданысын байқайсыз ба? Өзге адамдар қызығушылық танытқанда қандай сезімде боласыз? Әлде етіңіз әбден үйреніп кетті ме?

Ассоль: Ең қызығы, көрген кісілер мені жүргізуші жанындағы жолаушы деп ойлайды. Трак жүргізушісі өзім екенін көргенде өз көздеріне сенбей, таңдай қағысады.

El.kz: Жаңа жұмысыңызға тума-туыстарыңыздың көзқарасы қандай? Уайымдайтынын айтып, қарсылық танытпайды ма?

Ассоль: Әрине, шет жерде жүрген соң олар мен үшін үнемі алаңдап отырады. Көлік тізгініне жиі отырмай, лажы болса жұмысты ауыстырғанымды қалайды. Бірақ менің қайсар, бірбеткей мінезімді білген соң, ойымнан айнытуға тырыспайды. Керісінше қолдап-қоштап отырады.

El.kz: Трак жүргізушісінің жұмысы қаншалықты ауыр? Осы тектес жұмысқа келгісі келетіндерге қандай нюанстарды ескерген жөн дер едіңіз? Әсіресе қыз-келіншектерге айтар кеңесіңіз болса, бөлісе кетсеңіз.

Ассоль: Шындығында, қыз-келіншектерге бұл мамандыққа келуге кеңес бермес едім. Осы ойым үшін айналамдағылар маған ренжіп жатады. Меніңше, әйел адамдар өз табиғаттарына сай жұмыспен айналысқаны дұрыс. Өз мысалыммен өмірде бәрі мүмкін екенін дәлелдесем де, нақты жоспармен келіп, «жүргізушілікте ұзақ уақыт жүріп қалмаңдар!» деп едім.

El.kz: Кадр сыртында, көзге көрінбей, еленбей қалып жатқан жұмыстағы мезеттер жайлы айта кетсеңіз?

Ассоль: Жұмыстың жүйкені жұқартып, қатты шаршататыны бар. Десе де оқырмандарыма негативті тұстарды көрсете бермеймін. Қай кезде де осы позицияны ұстанамын.

El.kz: Блогерлікке қалай келгеніңіз жайлы айта кетсеңіз? Жұмысыңыз әлеуметтік желілерде оқырман жинауға көмектесті ме?

Ассоль: Өзіме қызықтының бәрін түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшама жүктеп отырамын. Бастысы оқырмандарыма түсірген контентім ұнайды. Бұл саладағы алғашқылардың бірі болған соң, әлі күнге дейін видеоларым миллиондаған қаралым жинайды. Үлкен көлікте кіп-кішкентай болып отырғаным - бәріне қызықты. Айта кету керек, әлеуметтік желіде көбіне жұмысым жайлы, иммигранттарға арналған пайдалы кеңес, арасында әзіл-қалжыңы аралас контент түсіремін. Оқырмандарыма жеке басымда болып жатқан проблемаларым жайлы тіл қатпаймын. Керісінше лентамды мотивацияға толтырғым келеді.

El.kz: Жұмыс режиміңіз қандай? Арасында тынығуға уақыт табасыз ба? Жұмыстан бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

Ассоль: Жұмыс кестесі – еркін. Десе де, мақсатыма тез қол жеткізу үшін бас алмастан жұмыс істеймін. Арасында демалып та үлгеретінім бар. Саяхаттағанды, табиғат аясына шыққанды, достарыммен жүздесуді, денсаулығыма көңіл бөлгенді ұнатамын.

El.kz: Болашақта басқа мамандыққа кету ойыңызда бар ма? Қай салаға кеткіңіз келеді?

Ассоль: Бүгінде орайын тапсаң, бір емес бірнеше жұмысты қатар алып жүруге болады. Болашақта трак айдамасам да, жұмысым осы саламен байланысты болатынына сенімдімін.

El.kz: Алға қойған жоспарларыңыз қандай? Жуық арада Қазақстанға қыдырып келу жоспарда бар ма? Мүмкін көшіп келу жайлы ойлап жүрген боларсыз?

Ассоль: Болашақта жүрегім қалайтын іспен айналысып, саяхаттау, өмірлік жарымды кезіктіріп, отбасы құруды мақсат етемін. Елге қыдырып бару да ойымда бар. Алайда көшіп кету туралы әзірге нақты ештеңе айта алмаймын.

El.kz:Сұқбатыңызға рақмет!

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от 𝙰𝚜𝚒𝚔𝚘𝚗|𝚕𝚒𝚏𝚎|𝚜𝚙𝚘𝚛𝚝|𝚝𝚛𝚞𝚌𝚔|🇰🇿🇺🇸 (@asikon.america)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға