Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің финалында әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңуі мүмкін. Мұндай пікірді америкалық SBNation.com басылымының журналисі Оливер Фокс білдірді, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы.
Шетелдік сарапшы соңғы уақытта Рыбакинаның ойы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның пікірінше, қазақстандық спортшы өз ойынының тиімді формуласын тауып, шешуші сәттерде тұрақтылық танытып жүр.
Соңғы уақытта Рыбакина жеңіске жетудің өз формуласын тапқандай. Ол бірінші доптан кейінгі ұтыстардың 70 пайыздан астамын өз пайдасына шешіп, эйстерді де көп орындайды. Ал қабылдау көрсеткіші бойынша Рыбакина мен Соболенко турнирдегі орташа деңгейге жақын болғанымен, екеуі де Линда Носковамен бірге WTA турындағы ең мықты доп берушілердің қатарында. Әсіресе өз доп беру геймдерінде қарсыластарына брейк жасау мүмкіндігін барынша аз береді, - деп жазды Оливер Фокс.
Журналист Арина Соболенконың да қазіргі теннистегі ең қауіпті әрі жан-жақты ойыншылардың бірі екенін жасырмады. Беларусь өкілі биылғы маусымда матчтарының 80 пайыздан астамында жеңіске жеткен.
Алайда Оливер Фокстың пайымынша, биылғы маусымдағы ерекше серпін дәл Елена Рыбакинаға тән.
Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген пікір болмауы мүмкін, бірақ биылғы жыл Рыбакинаға тиесілі секілді. Ол өте мықты қарсыластарға қарсы керемет теннис көрсетіп жүр. Оның ойынға деген көзқарасы, психологиялық дайындығы және алаңдағы жоғары шоғырлануы ерекше әсер қалдырады, - дейді америкалық журналист.
Сарапшы Соболенконың Рыбакинамен соңғы кездесулердегі басымдығына қарамастан, бұл жолы қазақстандық теннисші жеңіске жетеді деп болжады.
Мұны дәлелдейтін нақты дерегім жоқ. Бірақ қазір Рыбакина, қарапайым тілмен айтқанда, чемпиондық деңгейде ойнап жүр, - деп түйіндеді Оливер Фокс.
Айта кетейік, Елена Рыбакина мен Арина Соболенко арасындағы US Open-2026 турнирінің финалы 12 қыркүйектен 13 қыркүйекке қараған түні өтеді.