Жаңалықтар

Америкадағы қазақтар қандай кәсіппен айналысады

Америкалық білім беру жүйесі өзінің әділдігімен, әділеттілігімен ерекшеленеді
Америкадағы қазақтар қандай кәсіппен айналысады

Америкадағы қазақтардың ерекшелігі неде? Олар қандай кәсіппен шұғылданады. Қалай тіршілік етіп жатыр деген «El.kz» порталының сауалдарына жауап алу мақсатында АҚШ-тағы түрлі салада білім алып, еңбек етіп жатқан қазақ жастарымен онлайн сұхбаттар циклін назарларыңызға ұсынамыз.

Алғашқы кейіпкеріміз АҚШ-тағы Біріккен Алаш Қорының Президенті Ұланбатыр Бақытханұлы.

Анықтама:

Аты-жөні: Ұланбатыр Бақытханұлы

Туған жері: Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы

Мамандағы: мұнай-газ инженері

Кәсібі: жылжымайтын мүлік сауда-саттығы

Тілді меңгеру деңгейі: қазақ, қытай, ағылшын, испан, орыс тілдері

Авторлық жобалары: «Мұнай-газ өнеркәсібі» атты кітаптың құрастырушысы

Жетістігі: Қытай Стипендиялық кеңесінің «Үздік студенттер бағдарламасы» жолдама иегері (ҚХР), Халықаралық Стерлинг қоғамдық сыйлығының иегері «Award Winner of International Sterling Society» (АҚШ)

Отбасылық жағдайы: үйленген

Әуестігі: таеквондо (қара белбеу), футбол, кітап оқу, саяхаттау.

Америкадағы қазақтар қандай кәсіппен айналысады

– Ұланбатыр Бақытханұлы, онлайн сұхбат беруге келісім бергенің үшін көп рахмет. Америка сені несімен баурап алды. Онда кәсіп ашып, қызмет істеу жағы қалай. Қазіргі кезде Нью-Йоркте жылжымайтын мүлік саудасымен айналысып жүрген сияқтысың, бұл қиын емес пе?

– Ассалаумағалейкүм, Қазақ елі! Сұхбатқа шақырғаныңызға қуаныштымын. Америка негізінен өзінің әділдігімен, әділ заңымен ерекшеленеді. АҚШ-тың Ата заңының өзі 1789 қалыпқа түсіп, содан қазіргі күнге дейін дамып келеді. Бізде қазақтың бір баласы ретінде Америкаға өз арманымызды арқалап келгенбіз. Бұл жерде адамдарға берілетін мүмкіндіктердің барлығы жастарды бірден өзіне баурап алады. Алла қаласа осында өзіміздің мүмкіндіктерді толық пайдалану арқылы Қазақ еліне бір кісілік үлесімізді қоссақ деген ниеттеміз. Ең алғаш Нью-Йоркке келгенде осы салаға келуіме себепкер боп, ұстаздық-ағалық жолын көрсетіп, демеуші болған АҚШ-тағы танымал кәсіпкер ағамыз Думан Разданұлы болатын. Қазір мен АҚШ-тың Coldwell Banker American Homes компаниясында жылжымайтын мүлік саудасы саласында қызмет атқарып жатырмын. Нью-Йорк қаласында. Біз жылжымайтын мүлікті сату ғана емес, жалға берумен де айналысамыз. Жалпы бұл жұмыстардың өз алдына қиындығы да бар, бірақ табандылықпен жұмыс атқару барысында көп тәжірибе алып, сауданың тетігін меңгере бастадық. Мұнда қандай сауда жасасаң та әділ және заңды түрде жасасаң, оның пайдасын қалай да көретініңе көз жеткізесің.

– Өзің негізі мұнай-газ саласының маманы екенсің, қазір ол салада жұмыс істеп жүрсің бе?

– Менің негізгі мамандығым мұнай-газ сақтау, тасымалдау инженериясы. Магистратура бітіріп 2017 жылы қыркүйекте Қазақ еліне барып, ЕРС жобасы бойынша Kerui Petroleum Company-дың қазақстандық филиалында жұмыс істедім. Кейін 2018 жылы наурыз айында Америкаға келдім. Ол кезде бірден мұнай-газ саласына бару мүмкіндігі шамалы болды. Сосын жылжымайтын мүлік саудасына ойыстым. Қазір мұнай-газ саласында толық жұмыс істемесем де 2021 жылы Қазақ елінің 30 жылдық тәуелсіздік мерейтойына арналған «Мұнай-газ өнеркәсібі» атты кітабіміз Қазақстанда, Алматыдағы баспадан жарық көрді. Бұл еңбекті қытайдағы Мұнай-газ университетіндегі бауырларымызбен бірге құрастырған болатынбыз. Алла қаласа кейінгі мүмкіндіктерді өз уақытында жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

Америкадағы қазақтар қандай кәсіппен айналысады

– Ұланбатыр, өзің бірнеше елде білім алған екенсің. Қытай, Ресей, АҚШ-тың білім беру саласында қандай айырмашылық бар екен?

– Жалпы білім саласына келетін болсақ, Қытайдағы миллиард халықтың жастарымен бәсекеге түсу керек болды. Цинтау (Tsingtao) қаласындағы Қытай мұнай-газ университетінде білім алдым. Жалпы ондағы бакалаврдан гөрі магистратура бірден ұнады деп айта аламын. Өйткені магистратура барысында арнайы жобалармен шұғылданып, нақты білім алып, тәжірибе алуға мүмкіндіктер болды. Сонымен қатар шет тілдерін игерудің маңыздылығы өте жоғары болды. Әсіресе ағылшын тілін, сосын орыс тілін игеруге мүмкіндік болды. Шетелге шығып тәжірибе жасауға жағдай жасады. 2013-14 жылдары Ресейдің Мәскеу қаласында, яғни И.М. Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай-газ университетінде бакалаврдің 4-курсында алмасып оқу мүмкіндігіне ие болдым. Сол кезде Ресейдегі бакалаврдағы оқу базалары маған шынымен ұнады. Ал Ресейде отандық технологияны қатты қорғайтынын байқадым. Енді Америкаға келетін болсақ, Америка Құрама Штаттарында нағыз білім алудың, соны іске асырудың сан тарау жолдары бар. Әрбір мамандыққа байланысты арнаулы лицензия, куәлік алып шығуға мүмкіндіктер бар. Сол арқылы әркім өзі армандаған кез келген кәсібін істеуге немесе көкейдегі бизнес жобаларын жүзеге асыру жолдары бар деп айта аламын. Былайша айтқанда АҚШ-тың білім беру саласы бәрінен озық деп айта аламын. Сонымен қатар Америкада әлемнің жер-жерінен келген дарынды жастарымен бәсеке түсуге тура келеді. Америкалық білім беру жүйесі өзінің әділдігімен, әділеттілігімен ерекшеленеді. Сондықтан да америкалық білім беру жүйесі озық дей аламын.

– Өзің Қытайда туып өскен қандасымызсың. Қытайдағы Қазақ студенттер қауымдастығын құрып, басқарған екенсің. Қазір де ол ұйыммен байланыс бар ма. Әлде Америкаға кеткен соң Қытаймен байланыс үзілді ме?

– Иә, менің туып-өскен жерім қытайдағы қазақтың Алтай деген ежелгі киелі мекені. Яғни Алтайдың тумасымын. 2011 жылы қазан айында Қытайдың Бейжің қаласында қазақ студенттерінің алғашқы құрылтайын ұйымдастырып өткіздік. Сол кездегі белсенді қазақ жастары арқасында Қазақ студенттер бірлестігін құрдық. Қолымыздан келгенше түрлі жұмыстарды жүзеге асыра алдық. Сол кезде Алаш идеологиясы біздің ұлттық идеологиямыздың жантамыры екеніне көз жеткіздік. Содан кейін Қытайдағы қазіргі әлеуметтік жағдайларға байланысты бұл ұйым өзінің жұмысын жалғастыра алмады. Бірақ сондағы студенттер бірлестігінде бірге жұмыс істеген бауыр-қарындастарымызбен әрқашан байланыстамыз. Қазір де олар қазақтың әрбір аймағында жұмыстарын атқарып еңбек етіп жатыр деп айта аламын.

– Дұрыс болған екен. Қытайда жинаған тәжірибеңді енді Америкаға келіп жалғастырып жатқандайсың. Біріккен Алаш Қорын құрған екенсің. Бұл ұйым немен айналысады және оған кімдер қатысады?

– Қытайда магистратурада оқып жүрген кезімізде, 2015 жылы шілде айында АҚШ-тың Монтана штатына үш айлық тәжірибе жасауға мүмкіндік алған едім. Бұл менің Америкаға бірінші келуім еді. Содан Қытайдағы магистратураны бітіргеннен кейін Қазақстанға барып жұмыс істедім. Содан кейін 2018 жылы наурызда Америка Құрама Штаттарына қайта келдім. Содан қазіргі кезде АҚШ-тағы қазақ жастарының әр салада тырысып өз армандарын іске асырып жатқандарын білеміз. Сондай-ақ, өз мүмкіндіктерімізді шамалы бірлікке келтірсек деген ниет болды. 2019 жылы Нью-Йорк университетінде АҚШ-тағы алаш жастарының алғашқы құрылтайын өткіздік. Сол кезде Біріккен Алаш қорын құру идеясын ортаға тастадық.

Кезінде Ресейде оқып жүрген кезімізде Мәскеудегі «Мұрагер» атты қазақтардың қауымдастығы бізге өте жақсы әсер етті. Ондағы ағаларымыз өздерінің көптеген ақыл кеңестерін айтты. Ол кісілер де Алаш идеологиясының маңыздылығын көрсетті. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның сүйегі жерленген жер Мәскеу қаласындағы Дон зиратында болатын. Біз сол ұлт көсемінің басына ұдайы барып құран оқып тұрдық. Солардың барлығы біздің Алаш идеологиясына бекемделуімізге бірден әсер етті. Кейін Студенттер бірлестігін ары қарай дамытуда және өзіміздің ұлттық идеологиямызды дұрыстап табуымызда осының барлығы әсер етті деп ойлаймын. Енді Бірккен Алаш қоры осы идеологияны ары қарай дамытуды көздеп отыр деуге болады.

Аллаға шүкір 2022 жылы сәуір айында Біріккен Алаш Қоры осы Нью-Йорк штатында заңды түрде тіркеуден өтті. Бұл Қор қайырымдылықпен, марапат жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар Біріккен Алаш Қорының аясында Кітап клубы мен Бизнес клубы өз жұмыстарын атқарып жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз Қазақ еліне қызмет ету.

Америкадағы қазақтар қандай кәсіппен айналысады

Біріккен Алаш Қорына әртүрлі мамандықтағы қазақ жастары белсене атсалысып жатыр деп айта аламыз. Мысалы ақпараттық технологиялар, қазына яғни бухгалтерлік, жылжымайтын мүлік саудасы, журналистика саласындағы жастар белсене араласып жатыр. Біріккен Алаш Қорының жұмысына басқа да көптеген қолдаулар болып жатыр, атап айтатын болсақ, KazUnite.com халықаралық онлайн газеті, Нью-Йорк фильм академиясы, сонымен қатар Нью-Йорктегі Қазақстан өкілдігі және БҰҰ аясындағы  Қазақ миссиясы. Барлығы біздің Қордың жұмысына үлкен үміт артып, өздерінің қолдауларын білдіріп жатыр. Алдағы уақытта осы бағытта Қазақ елімен де тығыз байланыста жұмыс жүргізссек деп отырмыз.

Америкадағы қазақтар қандай кәсіппен айналысады

– Қазақстанда да жұмыс істеп үлгерген екенсің, қазір елмен байланыс бар ма. Қазақстанға қайтып келіп қызмет ету ойда жоқ па?

– Иә, Дәурен аға сауалыңыз өте орынды. «Өз елің - алтын бесік» дейді, Қазақстан біздің атажұртымыз. Ана Отанымыз. Шығыс Қазақстандағы Марқакөлден Алтайға дейінгі елді мекен біздің әулетіміздің ата қонысы болған. Арғы атам Ақтайыншаның басына тас қойылған жер Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданындағы Қарой деген жерінде. Мен сол кісінің тікелей ұрпағы боламын. Еліміз тәуелсіздік алған соң туыстарымыз Шығыс Қазақстанға, Алматыға және Астанаға барып қоныстанды.

Сонымен қатар айта кетейін менің ұлы атам Балғынбек Саудабаев деген кісі Қарағанды лагерінде болған. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған. 1989 жылы Кеңес Одағының ақтау-ардақтау жұмыстары бойынша ақталып, 1993 жылы Қазақстанның саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесіне ие болған. Былайша айтқанда біз саяси қуғын-сүргін құрбандарының тікелей ұрпағымыз. Сондықтан да болар көкейімізде әрқашан Қазақ еліне барып қызмет ету деген ой тұрады. Қазақ еліне деген сағынышымыз бен махаббатымызды ауызбен айтып жеткізе алмаймыз. Енді сол арманымызды іске асыру үшін өзіміздің қолдан келетін игіліктермен, жақсылықтармен Қазақ еліне оралсақ деген ниеттеміз. Алла тағала соған жеткізсін деп тілеймін.

Америкадағы қазақтар қандай кәсіппен айналысады

– Асқақ армандарың тезірек орындалсын! Ал қазір қай елдің азаматысың. Алдағы уақытқа қандай жоспарларың бар?

– Соңғы рет Америкаға Қазақ Елі арқылы келдім. Бірақ Қытай азаматтығымен. Осында келген соң жартылай азаматтыққа, яғни ықтияр хатқа тапсырдым. Қазіргі кезде құжаттарды күтіп жүрміз. Алдағы уақытта өзімнің қазіргі салам жылжымайтын мүлік саудасы саласында дамуға бет алсам деймін. Жақында ғана брокерлік куәлігіне (лицензиясына) емтиханнан өттім, осы бағыттағы жұмыстарымды жалғастырып өзімнің жылжымайтын мүлік компаниямды құрып дамытсам деймін. Сол арқылы америкадағы бизнесті Қазақ еліне яғни тарихи отаныма апарсам деген жоспардамын.

Сонымен қатар Біріккен Алаш Қоры қайырымдылық және марапат жұмыстарын әлемнің кез келген елінде және Қазақ елінің өңірлерінде бұйыртса өзінің жұмыстарын атқара береді деген ойдамын.

– Сырлы сұхбатыңа көп рахмет. Алдағы армандарыңа адаспай жетулеріңе тілектестік білдіремін!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға