Жаңалықтар

Америкадағы бейнелеу өнерінің ерекшеліктері

Алдымен Нью-Йорк қаласындағы ескерткіштер туралы сөз қозғап көрейік
Америкадағы бейнелеу өнерінің ерекшеліктері
Фото: Автордікі 07.11.2022 10:32 3585

Өткен жылдың соңында «Болашақ» халықаралық білім беру Президенттік бағдарламасы арқасында Америка Құрама Штатында бір жылдық тағылымдамамен оқып қайтқанымыз жөнінде және ондағы білім беру ерекшеліктері жайлы өткен жолы жаздық. Қызығушылық танытсаңыз мына сілтеме арқылы оқып шықсаңыз болады.

Онда шығармашылық саласында білім алатындарға теориядан гөрі тәжірибеге көп көңіл бөлінетін айттық. Сол шығармашылық тапсырмамен бейнетүсірілім жасап жүрген кезде фотоаппаратты да үнемі жанға серік етіп жүрдік.

«Сырт көз - сыншы» демекші, Америка құрлығының қай түпкіріне барсақ та жан-жағымызға қарап, биік-биік ғимараттармен бірге әдемі үйлесім тауып орналасқан бейнелеу өнерінің ескерткіштерін де көріп, фотосуретке түсіре бастадық...

Шыны керек, Америка дегенде «бейнелеу өнері ол жақта қалай дамыған екен» деген ой мен қызығушылық қатар келді. Себебі кино өнері арқылы бір ғана Голливудының өзі күллі әлемді мойындатып тастағанын бәріміз білеміз. Ал өнердің басқа түрі қандай деңгейде, қалай дамып жатыр екен деген сауалдар көкейде тұрды. Содан Академияға әр күн сайын сабаққа бара жатқанда, не болмаса сабақтан қайтқанда жолда кездескен ескерткіштерді фотоаппараттың көмегімен суретке түсіріп отырдым. Кейде түсірілім жұмыстарымен басқа ауданға немесе басқа штаттарға барғанда да фотоаппаратымды тастамай алып жүріп, біраз ескерткіштерден естелік жасап отырдым.

Алдымен Нью-Йорк қаласындағы ескерткіштер туралы сөз қозғап көрейік. Алғашқысы әрине аралдағы атағы жер дүниеге мәлім «Азаттық» ескерткіші. Алып ескерткішті көруге, жанына келіп фотосуретке түсу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен күніне мыңдаған турист келеді. Біз де бұл өнер туындысын бірнеше рет суретке түсіру бақытына ие болдық.

«Азаттық» ескерткіші 1886 жылы 4 шілдеде АҚШ-тың Тәуелсіздігінің 100 жылдығы құрметіне Франция Республикасы мен Америка Құрама Штаты халықтары достығының белгісі ретінде сыйға берілген. 15 қабатты үйдің биіктігімен бірдей болатын (тұғыртасын есепке алмағанда) алып ескерткіш алдымен Францияда жасалды. Содан оны Америкаға жеткізу үшін бірнеше ағаш қораптарға бөлшектеп салып Атлант мұхиты арқылы тасымалданған.

Ескерткіште оң қолымен жоғары көтеріп алау ұстаған, сол қолына АҚШ-тың Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған күн ретінде «1776 жылғы 4 шілде» деп жазылған планшет ұстаған, басына тәж киген, үстіне желбегей мата жамылған әйелдің бейнесі сомдалған. Француз мүсіншісі Фредерик Бартольди бұл ескерткішке өз анасының образын бейнелеген екен.

Алаулаған шам ұстаған қолының өлшемі 14 метр (46 фут), саусақтары 2,4 метр (8 фут), мұрыны шамамен 1,5 метр (5 фут). Жалынның ұшынан тұтқаның түбіне дейін 8,8 метр (29 фут) болады. Ескерткіштің ішінде лифт бар, онымен тұғырдағы бақылау палубасына көтерілуге болады.

Мүсіннің тәжінде жеті сәуле бар, ол жер бетіндегі жеті теңізді білдіреді. Келушілер тәждегі 25 терезеден айналаны қарап көру үшін 354 бұрандалы баспалдақпен (22 қабат) көтерілуі керек. Мүсін қатты желде 7,62 см (3 дюйм), алау 12,7 см (5 дюйм) дейін тербеледі.

Қысқаша анықтама:

Ресми атауы: «Әлемді ағартушы, Азаттық ескерткіші»

Авторы: Фредерик Агюст Бартольди (Frederic Auguste Bartholdi)

Жасалған уақыты: 1876-1886 жж.

Ескерткіштің көлемі: мүсіннің биіктігі 46 метр (151 фут, 1 дюйм),

тұрғыртасымен бірге жалпы биіктігі 93 метр (305 фут).

Жалпы салмағы: 225 тонна.

Орналасқан жері: Нью-Йорк қаласының жанындағы Азаттық аралы

Материалы: 300 дана мыс қаңылтыр қаптама, 4 дана құрыш темір қаңқа,

шойын тірек, 1 дана алтын алау. 

Сәулетшісі: Фредерик Агюст Бартольди, Ричард Моррис Хант

Инженері: Александр Густав Эйфель, Эжен-Эммануэль Виолле-ле-Дюк,

Морис Кехлен.

Бұл ескерткіш кейін еркіндік пен демократияның жалпылама символына айналды. «Азаттықтың» осы аралдағы арнайы ашылған музейін аралап, ондағы жәдігерлерді де суретке түсіріп алдым. Ол жайлы кейін тарқатып жазармын.

Енді Нью-Йорк қаласындағы менің нысанама ілінген өзге ескерткіштерге бір шолу жасап кетейік. Алдымен өзіміз оқыған Нью-Йорк академиясының Бас корпусы орналасқан Манхэттен ауданындағы Бэттери (Battery Park) саябағындағы ескерткіштерді таныстырып көрейік.

Америкалық теңізшілер мемориалы. Бұл мемориал Гудзон өзенінің Манхэттен жағындағы жағалауда орналасқан. Ескерткішті Нью-Йоркта оқыған венесуэлалық мүсінші Марисоль Эскобар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде түсірілген фотосуреттер негізінде жасаған.

Судың үстіне тұрғызылған қола мүсін композициясында соғыс кезінде немістің U-123 сүңгуір кемесінің шабуылы кезінде Америка теңізшілері сауда флотының суға батып бара жатқан 4 жауынгері бейнеленген. Композицияда батып бара жатқан кемедегі бір теңізші жағалауға қарап, екі қолын ауызына тақап жанұшыра көмекке шақыруда, екінші теңізші қолын тізесіне қойып, құтқаруға еш мүмкіндік жоғына бойұсынған, үшінші теңізші суға батып бара жатқан төртінші теңізшіні құтқару үшін қолын созып жоғары тартуға әрекеттенген сәт. Толқынды судың деңгейі бірде көтеріліп, бірде төмен түсіп, судағы тірі қалуға талпынған теңізшінің жай-күйін ерекше әсерлендіріп тұрады. Қайғылы оқиғаға құрылған өте әсерлі туынды.

Ескерткіш теңізде қаза тапқан сүңгуір кеме командирі СС Маскоги (Muskogee) экипажының мүшелерін есте сақтау үшін және теңізде қаза тапқан барша американдық теңізшілердің құрметіне 1991 жылы қойылған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ең қажетті жүкті жеткізуші Америка сауда флотының 700-ге жуық кемесі апатқа ұшырап, ондағы 6600 теңізші суға батып, қайтыс болған.

Корей соғысы ардагерлерінің мемориалы (ескерткіштің екінші атауы «Әмбебап солдат»). Бұл Бэттери саябағында орналасқан Нью-Йорктің ең ерекше әрі эмоционалды ескерткіштерінің бірі.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Корей түбегінде жершілдікке (солтүстік және оңтүстік) бөлінушіліктің салдарынан болған 1950-1953 жж. қанқұйлы шайқаста қаза тапқан 38 мыңға жуық сарбаздың құрметіне қойылған. Бұл соғыста корейлермен қатар американдық (нью-йорктік) жауынгерлер де қаза тапқан.

Мемориал 1991 жылы ашылды. Мүсіншісі Мак Адамс. Биіктігі 4,5 м. қара граниттен тұрғызылған стелланың ортасына Корейлік құрлық әскерінің тесік сұлбасы (силуэті) бейнеленген. Жасалған ескерткіштің орны алдына ала зерттеліп барып әдейі таңдалған. Себебі солдаттың тесік сұлбасы арқылы ар жағынан Азаттық ескерткішін көруге болады. Ескерткіштің тұғыртасына коммунистік агрессияға қарсы соғысқан 22 елдің тулары түрлі-түсті мозайка тәсілімен бейнеленген.

Бұл мемориалдың тағы бір ерекшелігі бар. Ол жылына бір рет, 27 маусымда (әскери қимылдар тоқтатылған күн) солдаттың басы арқылы шағылысқан күннің сәулесі осы соғыста шейіт болған нью-йорктік сарбаздардың аты-жөндері жазылған мемориалдық тақтаға түседі.

Ескерткіш тұрғызып, мүсін жасауда осындай табиғи байланыстарды ұтымды пайдалану, ескерткіштің мән-мазмұнын аша түседі.

 

 

Джовани да Верраццано ескерткіші. Америкадағы өте мұқият сомдалған ескерткіштердің бірі. Джовани да Верраццано америкаға ең алғаш рет 1524 жылы кеменің тұғырында қасқайып тұрып жеткен еуропалық зерттеуші. Италиялық мүсінші Этторе Ксименес (Ettore Ximenes) сомдаған бұл статуяны 1909 жылы Гудзон-Фултон мерекесі аясында ашты.

Ескерткіш көп фигуралы, екі қатар тұрғызылған тұғырға қиюластырып қойылған жартылай ер адам және толық тұлғалы әйел адам сомдалған күрделі композиция. Негізгі фигура – асқақ рухты Джованидің кеудемүсіні бұғы аралынан әкелінген сарғыш граниттің үстіне қойылған. Батыр денелі, өр рухты Верраццаноны мүсінші, кейіпкерінің өмірдегі түр-тұлғасын нақ беруге тырысқаны академиялық орындалу тәсілінен байқалады. Ол басын бір жағына қарай сәл бұрып, оң қолымен акимбосын ұстаған болса, сол қолымен үстіндегі сауытынан түскен жамылғысының ұшын ұстаған.

Алдыңғы жағына, жаңалықтың жаршысы – қоладан жасалған әйелдің аллегориялық образы бейнеленген. Оның көтерілген сол қолында Liberty сияқты білімді немесе ағартушылықты білдіретін алау бар. Оның етек жағында «1524» және «1909» деген сандар жазылған кітап бейнеленген. Бұл сандар Верраццаноның Нью-Йорк айлағына келген кезі және ескерткіштің сомдалған жылының белгісі. Ал кітапты тескен қылыш оқиғаны анық түсіну қажет өткір ақылды білдіреді.

«Буырқанған бұқа» мүсіні. Мүсін қоладан құйылған. Салмағы 3200 кг., биіктігі – 3,4 метр, ені – 4,9 метр. Бұқаның бұл мүсінін 1989 жылы америкалық мүсінші Артуро де Модика сомдаған. Нью-Йорктегі жүздеген қаржы институттары орналасқан Уолл-стриттің сәнін келтіріп қана қоймай, атағын да асқақтатып тұр. Алғашында бұл мүсін уақытша ғана тұрады делінген. Бірақ мүсін аз уақыттың ішінде осы аймақтың басты символына айналып үлгереді. Кейіннен қала басшылығы алғашқы шешімдерін өзгертіп, ескерткішті тұрақты түрде қалдыру жөнінде шешім қабылдайды.

Әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристер мен қала қонақтары бұқаның алып мүсінін көріп, қолдарымен мүйізі мен «жұмыртқасын» ұстап көруі үшін сағаттап кезекке тұрады. Қолы жеткен адамдар қаржылық жағынан табысты және абыройлы бола алады деген сенім қалыптасқан-ды.

Енді американың Массачусетс штатындағы Бостон қаласында орналасқан мына бір ескерткішке тоқтала кетейік.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ол Бостон қаласының әкімі Кевин Уайттың (mayor Kevin White) ескерткіші. Бостон шаһарындағы Фанейл-холлда орналасқан. Биіктігі 3 метр (10 фут). Тұғыртассыз (постаментсіз). Қоладан құйылған бұл ескерткіш 2006 жылы ашылған. Сомдалуы да ерекше екені бірден көзге түседі.

Мүсінде әкім Кевиннің 1970 жылдары өзі жөндетіп, кеңейткен Фанейл-холлдан Квинси базарына жаяу кетіп бара жатқан сәті бейнеленген. Онда Кевин үстіне күртешесін сол иығына аса салып, асығыс жүріп барады. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарамайтын нағыш халықшыл әкім болғандығын, мүсінші жан-жағына «маңыз беріп, бұрылып қарағаны» арқылы шынайы шеберлікпен жеткізе білген. Мүсінді сомдаған боливиялық мүсінші Пабло Эдуардо (Pablo Eduardo). Пабло әртүрлі мақсатта түрлі бағыттағы мүсіндерді сомдайды. Ол бірнеше шет елдерде ескерткіштер сомдап жүргенімен, негізгі жұмыстары АҚШ, Англия және Боливияда. 

Статуяның кейіпкері аңызға айналған адам десе де болады. Америка тарихында ең ұзақ әкім болғандардың бірі, танымал әрі беделді саясаткер Кевин Уайт алғаш рет 1968 жылы 38 жасында қала мэрі болып сайланған. Бостондықтардың құрметіне бөленген ол 1984 жылға дейін қатарынан төрт рет осы лауазымға сайланған. 1960-1970 жылдары қоғамдағы нәсілдік аласапыран жылдарында елдің жанды жерін дөп басып, шырмауықтай шырмалған түрлі мәселелердің күрмеуін шеше отырып басқарған, халық жадында жақсы ісімен қалған мемлекетшіл тұлға.

Менің бір байқағаным Америкадағы бейнелеу өнерінде арыстан мен жолбарыстың мүсіні өте көп кездеседі. Тіпті АҚШ-тың астанасы – Вашингтон шаһарынан бастап, штаттардың кез-келген қаласында бар десек болады. Бірақ олар әр жерде әр түрлі композицияда сомдалған.

Мысалы мына арыстандар Вашингтон қаласындағы Джордж Вашингтон университетіне қарасты негізі 1890 жылы қаланған Коркоран атындағы Өнер және дизайн мектебіне тиесілі. Екі арыстан ғимараттың кіре берісіндегі есіктің екі жағына бір-біріне қарма-қарсы қойылған, бейне бір өнер ордасының есігін күзетіп жатқандай. Композиция бойынша алдыңғы аяқтарын алдыға созып, көздерін бақырайтып, жауына қарсы әне-міне атылатындай сәті бейнеленген. Мүсіндер қоладан құйылып, қара түске боялған. Астындағы тұғыртасы ақ-сұр түсті мәрмәр тастан қойылған, бүйір жағына ақ мәрмәр тастан тақтайшаны қиюластырып орнатып, оған «The Corcoran» деген жазулар қашап жазылған. Уильям Уилсон Коркоран атақты американдық банкир, филантроп, өнер туындыларын қадірлеп жинақтаушы болған.

 

Ал Принстон қаласындағы Принстон университетінің (Princeton University) тарихи ғимараты Нассау-холдың кіре берісіне қоладан құйылған қос жолбарыстың мүсіні қойылған.

Мұнда жолбарыстар ырылдап, азу тістерін ақситып, бір-бірімен көз арбасып, денелерін сәл көтеріп келе жатқан сәттері бейнеленген. Көлемі нақты шамадан 1,5 есе үлкейтіліп жасалған. Тұғыртасы шағын сұр граниттен қойылған.

1746 жылы негізі қаланған Принстон университетінің символы бұл мүсіндердің тарихы да қызық. Университеттің 1879 жылғы бітіруші түлектері (оның ішінде АҚШ-тың болашақ Президенті Вудро Вильсонда бар) дәл осы жерге екі арыстанның мүсінін тапсырыспен жасатып, сыйлық ретінде әкеліп қояды, араға 32 жыл салып, яғни 1911 жылы дәл сол түлектер оны қазіргі жолбарыстардың мүсініне ауыстырады. Сол аралықта талғам өзгерді ме, тотем өзгерді ме белгісіз.

Осы бағыттағы ойды түйіндейтін болсақ, Америка Құрама Штатында бейнелеу өнерінің небір жауһарлары бар екен, оны тек дәм бұйыртса, барып өз көздеріңізбен көріп қайтқандарыңыз жөн болады.

Суреттер автордың жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға