Жаңалықтар

Әмен Қайдаровтың туғанына 100 жыл

Әмен Қайдаровтың туғанына 100 жыл
Фото: Жеке мұрағаттан 05.06.2023 13:04 1099

Еліміздің ұлт мүддесі: қазақы бейне мен мәдениет, үн мен әуенді, қазақ ұлтына тән салт-дәстүрге бағытталған мультфильмдер - режиссер, суретші және  сценарист Әмен Қайдаровтың анимациялық фильмдерінің негізгі өзегіне айналған тақырыптардың бірі.

Әмен Қайдаров қазақ анимациясына жол салып, көптеген шәкірттерді тәрбиелеген. Қазақ анимациясымен қатар, әлем анимациясының қыр сырын таныған ол Алматы көркемөнер училищесін, кейін Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет  факультетін тәмамдаған. 

Әмен Қайдаровтың еңбегі мен жанашырлығының  арқасында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында анимация режиссурасы мамандығы, кейін «Қазақфильмде» мультипликация цехының негізі қаланды. Әмен Қайдаровтың салып кеткен жолының арқасында «Қазақфильм» киностудиясында мемлекеттің тапсырысымен анимациялық фильмдер түсіріле бастады.

Әмен Хайдаровтың анимациялық фильмдерін алып қарасаңыз, қазақ ұлтының тарихын, анимациялық өнердің дамуын қарастырып, дөп басып отырған.  Әрбір толассыз ізденістен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожа Насыр – құрылысшы», «Қырық өтірік» сынды анимациялық фильмдер жарық көрді.

Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты анимациялық фильмінде қазақ халқынына тән  көзқарас пен дүниетанымын терең зерттеп,  үлгі болатындай анимациялық фильм жасап, көрерменге жеткізе алған. Сондықтан, шығарманың өн бойы адалдық пен шынайылыққа, тазалық пен парасатқа тұнып тұр.

Алғашқы мультипликациялық туындысын шығармас бұрын, ол қазақ аңыз-ертегілері мен қиса-дастандарды оқып, қазақ ауыз әдебиетіне үлкен зерттеу жүргізген. «Қарлығаш ұясын бұзуға болмайды?» деген тыйым сөзді естіп өскен ол алғашқы туындысына халық ертегісін арқау еткен.

Әмен Қайдаров қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін анимациялық фильмдерінде көрсетіп, келбетін мәңгілік мұра етіп қалдырған. Оның фильмдерінсіз казіргі ұрпаққа көптеген құнды бейнелер жетпей, тарих қойнауындағы жабық құпия ретінде қалуы мүмкін еді.

Фильм Кенес үкіметінің идеологиясымен түсірілгенімен,  автор өз халқының болмысын бойына сіңіріп өскендіктен, фильмнің өне-бойынан айрықша атмосфера сезіледі. Әмен Қайдар өз туындыларында ұлттық рух пен болмысты көрсету арқылы жас өркендерге орасан зор тәрбие беріп келеді.

Сөз соңында жастар киноның адамгершілікке баулып, ұлттық болмысымызды сақтап, құндылығымызды дəріптеуге көмектесетін құрал деп түсінсе, ал сол рухани құндылықтың бірі болып саналатын анимация əлемі ұлттық құндылықтан алыстамаса болғаны дегіміз келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға