Сахнада қазақша ән шырқап тұрған бұл қызды алғаш көрген адам оның ұлты неміс екенін бірден аңғара қоймайды. Бірақ Эльдана Габерман үшін бұл тосын жайт емес. Өйткені ол өзін ұлтпен емес, рухымен өлшейді. Қазақы ортада өсіп, сол мәдениеттің тынысымен қалыптасқан ол бүгінде әскери қызмет пен өнерді қатар алып жүрген, болмысы бөлек жанға айналған.
Эльдананың балалық шағы Павлодар облысындағы Шарбақты ауылында өткен. Анасы қазақ болғандықтан, ол нағашыларының ортасында өсіп, қазақтың тілі мен салт-дәстүрін табиғи түрде бойына сіңірген. Бұл орта оның дүниетанымына айрықша әсер етіп, болашақтағы өмірлік бағытын айқындап бергендей.
Балалық шағым Шарбақты ауылында өтті. Нағашыларым – қазақ, анам қазақ. Қазақ тілін де, қазақтың салт-дәстүрін де сол туған-туыс, отбасымның ортасында жүріп меңгердім. Қазір де жұмыста әріптестеріммен қазақша сөйлесіп, тілімді одан әрі дамытып келемін, – дейді ол.
Бүгінде көпшілікті таңғалдырған тағы бір жайт – оның әскери салаға қалай келгені. Өзі айтқандай, бұл – бала арманы емес, тағдырдың тосын бұрылысы. Астанада өткен бір концертте Әлия Молдағұловаға арналған әнді орындаған сәті оның өмірін түбегейлі өзгерткен.
Әскери салаға бет бұрамын деп ешқашан ойламаппын. Бір үлкен концертте «Әлия» әнін орындағанымда, маған «Ұлттық ұланның әскери ансамблінде жұмыс істегің келмей ме?» деп ұсыныс жасады. Мен бірден келісім бердім. Сөйтіп, сол ансамбльде кіші сержант шенінде 8 жыл қызмет еттім, екі келісімшартты да аяқтадым, – дейді Эльдана.
Өнер кейіпкеріміздің өмірінде ерте басталған. Әнге деген қызығушылығы 9 жасында оянып, сол кезден бастап үлкен сахнаға шыға бастаған. Павлодар облысында өткен «Хрустальный звон» байқауына қатысуы – оның шығармашылық жолының бастауы болды. Кейін Астанадағы «Жас қанат» байқауында бақ сынап, диплом иеленеді. Бұл жетістік оның тағдырын тағы бір арнаға бұрған.
9 жасымда алғаш рет үлкен сахнаға шықтым. Сол кезде өнердегі жолым басталды. 17 жасымда Астанаға келіп, «Жас қанат» байқауына қатыстым. Сол кезде продюсер Мұрат Ерғалиев маған Мемлекеттік филармонияда жұмыс істеуді ұсынды. Сөйтіп, жас күнімде елордаға көшіп келдім, – деп еске алады ол.
Эльдананың бойындағы тағы бір ерекше қыр – айтыс өнеріне деген жақындығы. Бұл қабілет те бала күннен қалыптасқан. Ол домбыраны кәсіби түрде меңгермесе де, бала кезінде өздігінен «ойнап», өнер көрсеткен сәттері әлі күнге дейін туыстарының жадында екен.
7 жасымда үйде перде ілгішті домбыра сияқты ұстап, өзімше дыбысын салып, айтыс жасап, өнер көрсететінмін. «Выступает Эльдана Габерман» деп өзімді жариялап, шағын қойылым жасайтынмын. Қазір апаларым мен ағаларым сол кездерді күліп еске алады, – дейді ол.
Оның айтысқа қатысуы да күтпеген жерден басталған. Астана әкімдігінен ұсыныс түскенде, алғашында қобалжығанымен, өзін сынап көруге бел буады.
Айтысқа қатысамын деп ойламадым. Бірақ ұсыныс түскенде, «қорықсам да көрейін» дедім. Сахнаға шығар алдында қобалжу болды, бірақ кейін еркін шығып кеттім. Бұл жобада абыройымды түсірмей, Астананың намысын қорғауды басты мақсат еттім, – дейді ол.
Эльдананың өмірінде Германия тақырыбы да бар. Әкесі мен неміс туыстары сол жақта тұрғанымен, өзі Қазақстаннан кету туралы ешқашан ойламаған.
Әкем Германияда тұрады, неміс туыстарым да сол жақта. Бірақ олар қазақша таза сөйлейді. Өзім Германияға барған емеспін. Көшу туралы ой да болған жоқ. Туған жерім – Қазақстан. Ішкі дүнием де, ойым да қазақ, – дейді ол.
Тіпті, бір сұхбатында ауылға көшкісі келетінін де жасырмаған. Оның айтуынша, қазақы орта, туған-туыспен араласу – өмірінің ажырамас бөлігі.
Нағашыларыммен өте жақын араласамын. Оларсыз өмірімді елестете алмаймын. Ауылдың тынысы, қазақы орта – мұның бәрі маған өте жақын, – дейді Эльдана.
Бүгінде ол әскери қызметті абыроймен атқарып, өнер арқылы патриоттық рухты көтеруді өз миссиясы санайды. Оның ұраны да айқын.
Мен – патриотпын. Ұраным – абырой, ерлік, міндет. Әскери салада қызмет ете жүріп, патриоттық әндер арқылы халықтың рухын көтеріп, сарбаздарға жігер бергім келеді, – дейді ол.
Сонымен қатар, болашақта өзін педагогика саласында көргісі келеді.
Әр нәрсенің өз уақыты бар. Болашақта музыка пәнінің мұғалімі болсам деймін, – деп жоспарымен бөлісті.
Эльдананың рухани әлемінде қазақ әдебиетінің де орны ерекше. Ол әсіресе Абай шығармаларын жоғары бағалайды.
Абай Құнанбаевтың “Қара сөздері” – өте терең дүние. Онда философиялық ой, адамгершілік, мораль туралы көп нәрсе айтылған. Сол себепті бұл шығарманы ерекше жақсы көремін, – дейді ол.
Оның айтуынша, көп жағдайда сырт көз оны орыс деп қабылдайды. Бірақ қазақша жауап берген сәтте адамдардың таңданысын жасырмайтынын айтады.
Көп адам мені сырттай орыс деп ойлап, орысша сөйлейді. Мен оларға қазақша жауап бергенде таңғалады, – деп күледі ол.
Эльдана үшін айтыс өнері тек сахна емес, бала күнгі естеліктермен де байланысты. Әжесімен бірге теледидардан айтыс көріп өскен ол сол кезден бастап бұл өнерге іштей жақын болған.
Бала кезде әжеммен бірге айтыс көретінбіз. Сол кезде Аманжол Әлтаевті білетінмін. Кейін оны тірідей көргенде қатты қуандым, әжем есіме түсті, – дейді ол.
Тіпті, ақындарға деген құрметін ерекше әрекетпен білдірген.
Аманжол ағамыз Ақындар одағын ашты дегенді естігенде, көрімдігім ретінде жылқы сыйладым. Бұл – әжемнің атынан ақындарға деген құрметім, – дейді Эльдана.
Эльдана Габерман – ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ деп соққан жан. Оның өмір жолы – тіл мен мәдениеттің ұлттан биік тұратынын дәлелдейтін жарқын мысал.