Көпшілікке АЛЖИР тек өткеннің көлеңкесі, қанды кезеңнің бөлшегі ғана секілді. Дегенмен тарихшы Гүлнұр Төлепбергенова үшін ол – тірі естелік. Музейдің ашылған күнінен бастап әр бұрышын жатқан білетін ол бізге бұрын айтылмаған құпияларды ашып берді.
АЛЖИР қабырғалары талай үнсіздік пен көз жасының куәсі. Бірақ ең ауыры - аналарынан ажыратылған сәбилердікі еді. Үш жасқа толған соң оларды лагерьден алып кетіп, бөтен есім беретін. Сол сәтте бір ананың үні өшіп, бір баланың өткені жойылатын.
АЛЖИР-де 1507 бала дүниеге келген. Кейбірі зорлықтан, кейбірі әйелдердің өз еркімен жарық дүние есігін ашқан. Аналар лагерь қызметкерлерімен байланыс орнатып, сол арқылы ауыр жұмыстан босату, емізуге рұқсат алу, күзетшілердің қырын қарамауы секілді жеңілдіктер алуға тырысқан. Темір тордың ар жағында өмірге келгендер кейін есейген соң да аналары жайлы ақпарат іздеп, келіп тұрады екен.
АЛЖИР-де туған 1507 баланың тізімі бар. Оларды үш жасында балалар үйіне жіберген кезде есімдерін, тегін тіпті жасын өзгертіп тастаған. Ондағы мақсат «халық жауының» ұрпағын түп- тамырымен жою, бір-бірін табуға мүмкіндік бермеу еді. Сол балалардың кейбірі кейін музейге келді. Көпшілігі әлі тірі. Бірақ бәлкім музей туралы білмейтін де, айтуға қорқатын да шығар. Біз Хасен Нұрмұхамедов пен оның жары Кира Нұрмұхамедованың ізін зерттедік. Хасен атылды, Кира лагерьде, ұлы Ленді туыстарына қалдырған. Оны 2008 жылдан бастап іздедік, тек 2016 жылы Кираның бауырының ұлы арқылы таптық. Кейін Лен музейге келіп, ата-анасының тарихын өз көзімен көрді, - деп бөлісті Гүлнұр Төлепбергенова.
Көпшілігі жоғары білімді әйелдер еді: дәрігерлер дәрігер болып, тігіншілер тігін тігіп, мұғалімдер сабақ берді. Тіпті бишілер мен әншілер де лагерь моншасында өнер көрсетіп, әйелдерге үміт сыйлаған. Бірақ олардың еңбегі ақысыз болды. Канал қазып, барак салып, егін егіп, мал бақты.
Қыстың қақаған аязында үш қазақ әйелін бұзауды күзетуге қалдырып кеткен. Тоңып қалған әйелдер бір-біріне сүйкеніп, жылынып отырып ұйықтап қалыпты. Сиыр туған кезде, қатып өлген бұзау үшін сол үш қазақ әйелін атып тастаған. Сол сәт әйелдердің өмірінің құны бұзаудан да төмен болғанын айқын көрсетті, - деді тарихшы.
Көпшілігін «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп алдап, лагерьге осылай алып келген. Киімдері тозғанда ескі маталардан балаларға қайтадан жейде тігіп, жазда кейде тек іш киіммен жүруге мәжбүр болған. Тар, күңгірт бөлмеде таңнан кешке дейін тігін машинасымен жұмыс істеген әйелдердің көбі көзінен айырылған.
Қамауда болған Мариям Анцис лагерьдегі әйелдердің өтінішімен ашылған тігін цехының директоры болған. Алғашында ол жерде тұтқындарға киім тігілсе, кейін лагерь қызметкерлері мен олардың әйелдеріне көйлек тіге бастады. Бостандыққа шыққан соң, кейбірі өз қолымен тіккен киімдерді дүкен сөрелерінен көрген.
Лагерьде әр балаға бір ғана кішкентай тілім қара нан берілген. Оны сол жерде жеп бітіру керек болған. Дегенмен кейбіреулері нанның жартысын үгітіп, қалтасына салып алатын, кейін аштық қысқанда, сол қиқымды аузына салып, өзін жұбатуға тырысқан. Майя Кляшторная естелігінде: «Басым ауырса, нан иіскеймін», – дейді. Сол кездің әйелдері үшін нанның иісінің өзі өмірдің дәмін еске салатын. Ал шикі қамырдан кішкентай мүсіндер жасап, жанын жұбатқан.
Алғашында лагерьде жазалау өте көп болған. Басшылары тым қатал, аяушылық дегенді білмеген, - дейді мұражай қызметкері.
Әйелдер жұмыс істеп жатқанда атпен шауып бара жатып, қамшысымен ұрып өтеді екен. Тіпті кейбірі соққыдан құлап, тұра алмай қалған. Дегенмен мейірімді жандар ол кезде де болған. Баринов есімді басшы әйелдер жылағанда жұбатып, қолдау көрсеткен көрінеді. 1989 жылы лагерь тұтқындары қайта кездесуге келгенде сол Бариновты арнайы іздеп барып, құшақтап көріскен екен.