«Алып омлет бауырластығы»: Бельгияда 30 жылдан бері сақталған қызықты дәстүр

«Алып омлет бауырластығы»: Бельгияда 30 жылдан бері сақталған қызықты дәстүр
Фото: Getty Images

Бельгияның Мальмеди қаласында жыл сайын өтетін ерекше гастрономиялық фестиваль биыл да мыңдаған көрерменді жинады. 15 тамызда еріктілер диаметрі төрт метрлік алып табада 10 мың жұмыртқадан омлет дайындап, оны жиналған жұртқа тегін таратты.

Бельгияның Ostbelgien туристік порталының мәліметінше, биыл омлетке 10 мың жұмыртқадан бөлек, 30 келі бекон, 6 келі дәмдеуіш, 3 келі туралған сарымсақ және 50 литр май жұмсалған. Тағам ашық отта дайындалады. Оны араластыру үшін еріктілер ұзындығы шамамен екі метр болатын ағаш қалақтарды қолданған.

Фото: Dursun Aydemir / Anadolu Agency / Getty Images
Фото: Dursun Aydemir / Anadolu Agency / Getty Images

Бір табаға 10 мың жұмыртқа қалай сыйды?

Мұндай көлемдегі омлетті кәдімгі ас үйде жасау қиын. Сондықтан Мальмедиде арнайы төрт метрлік алып таба пайдаланылды. Жұмыртқалар алдын ала бірнеше ыдысқа жарылып, бекон мен басқа ингредиенттермен араластырылған. Кейін қоспа алып табаға құйылып, ашық отта пісірілді.

Фестивальдің ерекшелігі – тағамды кәсіби аспаздар ғана емес, негізінен еріктілерден құралған Giant Omelette Brotherhood, яғни Алып омлет бауырластығы дайындады. Дайын болған омлет тұрғындарға тегін таратылған.

Дәстүрдің тарихы 30 жылдан асады

Мальмедидегі алып омлет фестивалі 1995 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның идеясы Францияның оңтүстігіндегі Бессьер қаласында пайда болған дәстүрден алынған.

Бессьердегі алып омлет дәстүрінің өзі әлдеқайда көне. National Geographic жазуынша, қазіргі фестивальдің негізі 1973 жылы қаланған, ал оның түп-тамыры жергілікті тұрғындардың Пасха кезінде жұмыртқа жинап, үлкен отта омлет дайындап, оны мұқтаж жандарға тарату дәстүрімен байланысты.

Бұл дәстүр туралы тағы бір танымал аңыз бар. Аңыз бойынша, Наполеон Бонапарт Бессьер маңындағы қонақүйде омлет жеп, оның дәміне риза болған. Келесі күні ол әскеріне жететіндей үлкен омлет дайындауды бұйырған деседі. Алайда бұл – тарихи фактіден гөрі фестивальмен байланысты аңыз. National Geographic материалында жергілікті тұрғындардың өздері де дәстүрдің негізгі мәні қауымдастық пен достықта екенін атап өтеді.

Әлемнің бірнеше жерінде осыған ұқсас алып омлет фестивальдері өткізіледі. Бессьердегі бастапқы дәстүр кейін Францияның басқа қалаларына, Канадаға, Аргентинаға, АҚШ-қа, Жаңа Каледонияға және Бельгияға тараған. Әр ел мен қала өз рецепті мен дәстүрін қалыптастырған.

Мальмедидегі нұсқада жұмыртқаға бекон мен көк пияз қосу дәстүрі бар. 2023 жылы, мысалы, фестивальде 11 мың жұмыртқа, 50 келі бекон, 25 литр май, 5 келі көк пияз және шөптер пайдаланылған. Дайын тағамды шамамен 6 мың адам жеген.

Кей жылдары жұмыртқа саны азайған

Алып омлеттің көлемі жыл сайын бірдей бола бермейді. Мысалы, 2022 жылы ұйымдастырушылар бастапқыда 10 мың жұмыртқа пайдалануды жоспарлағанымен, жаңбырлы ауа райына байланысты 7 мың жұмыртқамен шектелген. Сол жылы фестивальге 3,5 мыңнан астам адам келген.

Ал 2017 жылы құс тұмауы мен жұмыртқаға қатысты жанжал кезінде ұйымдастырушылар әдеттегі 10 мыңның орнына 6 500 жұмыртқа пайдаланған. Жұмыртқалар арнайы тексерілген жергілікті жеткізушілерден алынған.

Оқи отырыңыз