Жаңалықтар

Қалыңмал мен жасау туралы не білеміз? (ІІ бөлім)

Қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері
Қалыңмал мен жасау туралы не білеміз? (ІІ бөлім)
29.09.2021 16:27 34761

 

Қазақта ұмыт болған салт-дәстүрлері көп. Еl.kz порталы ежелгі некелесу дәстүрлерінің тарихы жөнінде ғалым Халел Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» еңбегіне сүйене отырып мәлімет беруді жөн санады.

 

«Ата күші», «ана сүті» ұғымдары туралы

 

Қ.Халиди деректеріндегі тағы бір қызық жай, – қалыңмал белгілене ме, жоқ па, құдалар бай ма, кедей ме оның біріне қарамай ежелден бері келе жатқан «ата күші», «ана сүті» деген ұғымға байланысты қалыптасқан кит, ілу және сүт ақының міндетті түрде берілгендігі.

 

Ілу қыз әкесінің берген китіне сай болуы, яғни китке жамбы берсе, ілуге де жамбы апарады. Түйе жетектетіп не ат мінгізсе, ілуге де түйе не ат апарады. Ал сүт ақы ілуден гөрі бір саты төмен болады. Яғни ілуге түйе апарса, сүт ақыға ат апарады. Бұл арада айта кететін бір жағдай бар. Ол Қ. Халидидің кит пен ілу, сүт ақыны бір-бірімен байланысты қарайтындығы. Біздіңше, кит өз алдына құдаларға екі жақтан бірдей берілетін кәде. Сондықтан олардың шамасы да қарайлас келеді. Ал, ілу мен сүт ақы өз алдына кит мөлшеріне байланысы жоқ күйеу тарапынан, оның барлығына қарай қара шаңыраққа және қыз анасына арнайы әкелінетін сыйлықтар екені даусыз. Бұдан басқа, міндетті түрде, күйеу жағының апаратын бір малы болады. Ол «өлі-тірі» делінеді. Күйеу ұрын келгенде, қыз алуға келгенде әкелетін толып жатқан жыртыстар мен кәделер болады. 

XХ ғасырдың басында жарияланған М. Бекимовтың деректері бойынша қазақтар арасында құдалардың барлығына, күйеудің жасына қарай қалыңмал мөлшері бірнеше мың сомға дейін барады. Бірақ қалыңмал ақшадай емес ылғи малдай төленетін. Ал күйеудің бұрын әйелі болып, ол өлген не айырылысқан болса, немесе әйел үстіне тоқалдыққа алатын болса, қалыңмал мөлшері әдеттегіден екі есе артық белгіленеді. Енді біз революцияға дейінгі Сырдария облысын мекендеген қазақтар арасынан жиналған деректерге тоқталайық. Бұл арада айта кететін жағдай, Қазақстанның оңтүстік аудандарынан этнографиялық деректер, әсіресе, семья және неке мәселесі туралы солтүстік аудандарға қарағанда әлде қайда кешірек басталды. Соның өзінде өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап революцияға дейінгі Оңтүстік Қазақстанның әдеттік праволары туралы бірқыдыру құнды деректер жиналды. XIX ғасырдың 70-жылдары Түркістан өңірінде қазақтың әдеттік праволары туралы көп деректер жинаған Г. Загряжский қазақ арасында әйел алу үшін міндетті түрде қалыңмал беру керектігін, келісілген қалыңмал мөлшері түгел өтелмей тұрып айттырылған қыз күйеуге берілмейтіндігін және күйеу не қалыңдық өлген күнде, егер оның орнын басатын туысы болмаған жағдайда қалыңмалдың қайтарылатындығын атап көрсеткен.

 

Қалыңмалдың шамасы мен құрамы

 

Қалыңмалдың шамалары мен құрамы туралы Г. Загряжский ешбір нақтылы мәлімет бермейді. 1884 жылы Әулиеата уезінің бастығына сәмбет руының молдасы Шайхы Шыныбекұлының қайтарған жауабында құдалық мәселесі де сөз болады. Құда түсуге барғанда «бата аяқ» деп күйеу әкесі 2 түйе, 1 ат жібереді. Келісілген қалыңмал үшін 8 құлынды бие, 12 бойдақ жылқы және «сүт ақы» деп 2 ат, 1 бие, «бас жақсы» деп 5 түйе, 1 қыз жетім, «аяқ жақсы» деп 3 түйе, 1 еркек жетім береді. «Ілу» деп қыз анасына 5 түйе, қыз әкесінің тоқалдарына және әжесіне (тірі болса) бір-бір түйеден беретін. Сүт ақы үшін 1 түйе не 1 ат береді. Әр түрлі маталардан «үй жыртыс» және «түз жыртыс» деп 50 тілләлік нәрсе апарады.

 

Қыз алуға келгенде «той малы» деп 25 байтал апарады. 1889 жылы Түркістан өңіріндегі көшпелі қазақ жұртшылығының өмірін зерттеп, неке мәселесі туралы Түркістан газетіне көлемді мақала жариялаған Z-тің айтуынша қалыңмал төлеуге мүмкіндігі жоқ кедейлер болашақ қайын атасына қалыңдық үшін бірнеше жыл қызмет атқаратын болған. Ал қалыңмал мөлшері құдалар байлығына қарай белгіленетін. Ең жоғары қалың шамасы 47 байтал (ақшаға шаққанда 900-1000 теңге) болса, төменгісі 17 байталға теңелетін. Аса ірі байлар қырық жетінің өзін місе тұтпай, қалыңмал мөлшерін 100 түйеге (ақшаға шаққанда 5000 теңге) жеткізетін де, осыған орай жасау да беретін болса, кейбір кедейлер арасында қалың 200 теңгеге дейін төмендеп, жасауы да үстіне келген көйлек-көншектен аспайтын.

 

XIX ғасырдың аяғында Сырдария облысын мекендейтін қазақтар арасындағы қалыңмал мәселесіне Н. Гродеков те көп көңіл бөлген. Онда қалыңмал мөлшерін әр уездегі билер аузынан жиналған деректер негізінде береді. Қай уезде болсын қалың мөлшері құдалардың ауқаттылығына байланысты «қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «дөңгелек қалың» 43 деген шамалар нұсқасында белгіленетіндігін айтады. Дөңгелек қалың, көбінесе, кедейлер арасында ат не түйе бастатқан тоғыз не жеті ірі малмен төленеді. Шымкент уезі бойынша 47 мен 37-нің құрамын келтірейік, «Қырық жеті» деп келісілген құдалар арасында күйеу жағынан 400 сомның киті дайындалады, 8 құлынды бие, оның 4-і үшін 60 қой беруге болады, 12 бойдақ жылқы, оның 6-ы үшін 30 қой беруге болады, қалған 6-ның ішінде «түс ат» делінетін бір жақсы ат, бір кіші ат, бір жанама ат, екі ту бие, 1 түйе, «бас жетім не үлкен жетім» үшін 120 қой, «кіші жетім» үшін 5 түйе, «той малы» үшін 400 теңге ақша, жыртысты 60 тілләға не 228 теңгеге апарады.

 

Қыз әкесінің де әйеліне бір-бір түйеден не аттан ілу, «босаға ілу» деп бір түйе; тойға деп 1,5 батман өрік-мейіз, құрмалдық ретінде союға екі бие және бәйге мен көкпардың жүлделеріне арнап әкелінетіні тағы болады. «Отыз жеті» деп келіскендердің беретіні бұдан әлде қайда кем болады. Мәселен, 2 тілләлық кит, 8 құлынды бие, 6 бойдақ жылқы (оның ішінде 4 бойдақ жылқы, бір ту бие не ат, бір жанама ат), той малға 20 тіллә, үй жыртысқа 10-15 тілләлық мата, қыз әкесінің әйелдеріне бір-бір түйе не ат және босағаға ілу деп бір тай. Сырдария облысының басқа уездері бойынша басқа да толып жатқан деректер бар. Бірақ Қазалы және Әулиеата уездеріне тән деректер жоғарыдағы Шымкент уезінен жинаған деректерге тым жақын. Ал, Перовский уезінен Мекебай Сұлтанбаев дейтін бидің аузынан алынған деректердің айтарлықтай ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер негізінен түлік түрлері мен олардың санында. Мәселен, қырық жетінің «қара мал» атты бөліміне 60 саулық, 60 тоқты немесе 500 сом ақша, «бас жақсыға»-60 тұсақ (кей жағдайда осының бәрін 40-тан береді), «жанама жақсыға» бір түйе, бір ат, екі ту бие орнына құлынды бие, «түс ат» - біреу, «қалың түйе»- біреу, сүт ақыға бір түйе, той малға 100 қой, «ілуге» 10 түйе, 20-30 жылқы беріледі. Бұл арада «ілу» деп берілетін мал мөлшері тым көтеріңкі келтірілген. XIX ғасырдың соңында Перовский және Қазалы уездерінде мекендейтін қазақтар арасында болған қалыңмал мөлшері Құдабай Қостанаевтың деректері бойынша, - құдалардың байлығына қарай белгіленген. Ірі байлар арасында қалыңмалдың ең жоғары түрі «қырық жеті». Оның «бас жақсы» (9 түйе, 8 құлынды бие, 8 байтал не құнан, 7 тай, бір жеке ту бие); «жанама жақсы» (бір ат не бір түйе, бір түс ат), «аяқ жақсы» (бір түйе, бір ат, бір сиыр, оған қосымша мылтық) болып белгіленеді. 

Орта шаруалар арасындағы қалыңмал мөлшері «жиырма жеті», «отыз жеті» деп белгіленеді. Кедейлер арасындағы қалыңмал мөлшері 7-9 бас малдан аспайды да, ол «дөңгелек қалың» деп аталады. Көбінесе мұндай қалыңға келіскен құдалар арасында ешбір сый-сияпат беру екі жағынан да болмайды. XX ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстанда этнографиялық деректерді көп жинаған, қазақ өмірінен құнды деректер қалдырған А. Диваев қалыңмал мөлшері мен оның құрамы туралы Қ. Қостанаев пен Н. Гродеков деректеріне ештеңе қоса алмай, ол мәліметтердің дұрыстығын дәлелдей түседі. Жетісу төңірегін мекендейтін қазақ жұртшылығын (негізінен Ұлы жүз тайпалары мен Орта жүзден Найман тайпасы) этнографиялық тұрғыда зерттеу, әсіресе, оның әдеттік правосы туралы нақтылы деректерді ел арасынан жинау XIX ғасырдың соңынан басталды. XIX ғасырдың екінші жартысында әр түрлі себептермен Жетісуға келіп қайтқан чиновниктер мен саяхатшылардың аз уақыттың ішінде көрген-білгенін үстірт байымдап жазған очерктерінде қалыңмал мәселесіне тым жеткіліксіз көңіл бөлінді. Мәселен, 1887 жылдары жетісу қазақтарының тұрмысы жайында көлемді барлау жазған Н. Краснов қалыңмал мөлшерінің «қырық жеті» екенін, оның құрамында «бас жақсы», «аяқ жақсының» болатынын баяндаумен ғана шектеледі. Жетісу қазақтарының арасындағы қалыңмал мәселесін егжей-тегжейлі қамтитын нақтылы деректер негізінде жазылған Н. Изразцовтың еңбегі. Тым ертеректе, яғни патриархалды құлдықтың жойылмаған кезінде төрелер арасында қалыңмал үшін берілетін 100 байталдың орнына 5 жетімді (жаугершілік заманда қолға түскен бөтен халықтың уәкілдерінен) құл не күң есебінде беру әдеті болған. Әр жетімнің жасына, жынысына және өңіне қарай олардың құны 15-25 жылқыға дейін барған. Сонда 100 жылқы орнына беретін 5 жетімнің әрқайсысы орта есеппен 20 жылқыға баланатын. Келе-келе қазақ арасында құлдықтың жойылуына байланысты төрелер мен аса ірі байлар арасында қалыңмал ретінде жетім беру жойылғанмен, 100 байтал беру XIX ғасырдың соңына дейін сақталған. Орта дәулетті төрелер мен Жетісудағы қазақ қауымы үшін қалыңмалдың ең көп жайылған мөлшері «қырық жеті», қала берді, «отыз жеті» болды. Ал, қалыңмал құрамына келсек ол құдалардың дәулетіне қарай алдын ала келісулеріне байланысты болды. Соның өзінде XIX ғасырдың соңындағы қалыңмал құрамында жиі кездесетін ортақ шамалар 8 түйе, 8 құлынды бие, 13 бойдақ жылқы болады да, қалғандары сан қилы болып өзгеріп жатады. Жетісудағы қалыңмал беруде бір байтал 5 қойға, не 5 ешкіге, не бір сиырға теңелсе, 3-5 байтал бір түйеге теңеледі. Қалыңмал мөлшері «қырық жеті» болғанменен бергендерін есептегенде 68-73 байталға толтыратын жағдай жиі кездесетіндігін атап кеткен. Бұлай болу себебі қалың деп берілетін 47-ден тыс әр түрлі сыйлықтар мен жолдар, кәделер қосылуынан болар. Олай дейтініміз революцияға дейінгі көптеген авторлар күйеу жағынан жұмсалатын барлық шығын мен берілетін кәделерді де қалыңмал есебіне талғаусыз қоса есептейтін. «Отыз жетіні» Н. Изразцов «олқы қалың» дейді де, оның ерекше жағдайда, мәселен, әйелі өліп, айттырылмаған басы бос балдызын алғанда берілетінін ескертеді. Бұдан соң үйлену мен қалың төлеудің тарихи адамдардардың аттарына байланысты алты түрлі мысалын келтіреді. Мұның бәрі ірі байлар арасындағы оқиға, сондықтан ондағы қалың мөлшері 47-ден әлде қайда жоғары. 

Мәселен, өткен ғасырдың 70-жылдарында Қапал уезінің алпауыт бойы Тәнекенің Есімбегі Қаратал бойыңдағы Дәулетбек дейтіннің айттырылған Шәлипа дейтін сұлу қызын әкесіне 40 жылқы, 30 түйе және 200 сом ақша қалың төлеп алады. Бұған Шәлипаны айттырып, қалыңын төлеп қойған Верный уезінің байы Нарбота наразы болып, екі ел арасында барымта басталады. Ақыры билер соты бойынша артық-кемін қайырысып іс бітеді де, Есімбек Нарботаға оның қыз әкесіне берген қалыңын (100 жылқы, 210 сом ақша) қайтарады. Сонда Шәлипаның қалыңмалы 140 жылқы, 30 түйе және 410 сом ақша болып шығады. Ал, Тәнеке болса өз қызы Ману үшін Аякөз маңының байы Тілеуліден қалыңмалға 100 сом ақша, 100 түйе алған. Бұдан соң тағы да екі құдалық туралы айта келіп: бірі 51, екіншісі 83 байталға келіскендігін баяндаған. Алматы облысынан соңғы жылдарда ел арасынан жинаған материалдар ішінде революцияға дейінгі Жетісу өңіріндегі қалыңмал мәселесінің сырын ашарлықтай деректер бар. Мәселен, XIX ғасыр мен XX ғ. басында албандар арасындағы болған үш түрлі қалыңмал шамасы көңіл аударарлықтай. Аса ірі байлар арасындағы сирек кездесетін ең жоғары қалың шамасы - «8 түйелі (8 жақсы) 80 қараға» жетсе, қатардағы байлар арасында «4 түйелі 40 қара» болады да, көпшілік арасында «кесімді 20 қарамен» шамалау қалыптасты. Соңғы шаманың кейінірек шыққанын «20 қара деген қыздың басы шықты, көмбе қазан деген нан шықты» деген халық мәтелінен аңғаруға болады. Байлар арасында қалыңмалға көбінесе жылқы, кедейлер арасында ірі қара көбірек қолданылатындығына да нақтылы деректер бар. Мәселен, Алматы маңындағы Жаныс руының Қыбрайым дейтін мың біткен байының Бике деген әнші қызы 25-ке келгенше күйеу таңдап үйінде отырады да, шағатай руының әншілік пен серілік құрған кедей жігіті Қалиакпармен революция қарсаңында кездесіп, бір-бірін ұнатып қосылмақ болады. Екі жақ құда болып «қырық жетіге» келіседі. Калиакпардың өз шамасы келмегендіктен, шағатай атаулының оншақты үйі жиналып қалыңмалға өңшең сиыр мен егіз айдатыпты. Қыбрайым ауылына жиналған малды айдап келсе, байдың бәйбішесі: «сілекейі шұбырған маңқа сиыр мен шонтайы салбыраған өңкей өгіз әкеліп, мына шағатайдың қай басынғаны», - деп сиырларды мүйізге ұрып, қотаннан қуып шығыпты. Амал бар ма шағатай тұқымы сиырларын жылқыға айырбастап, қырық жетіні көңілдегідей етіп өтейді де, қалыңдықты көптеген жасаумен түсіреді. Бике қазір де тірі, ән айтпағанмен қазақ фольклорының тірі қоймасы тәрізді ертегілер мен аңыз-әңгімелерді өте көп біледі. Қазір ол Алматы темекі совхозының «Төңкеріс» бөлімшесінде тұрады. Революция қарсаңында Жетісу кедейлері үшін қалың төлеп үйленудің ауырлығы сондай, олардың көпшілігі қартайғанша үйлене алмайтын, немесе жеңге алуға душар болатын. Мәселен, Алматы маңындағы шағатай руының орта ғана дәулеті бар Тоқпанбет XX ғасырдың басында дүние салады да, артында қалған үш бала дүние-мүлікке ие бола алмай, кедейлікке ұшырайды. Үлкені Өмірұзақ ер жеткенде қолда бар малдың бәрін беріп үйленеді. Ол әйел бала таппайтын біреу болады. Бірақ, Өмірұзақтың бала үшін басқа әйел алуға мүмкіндігі болмай, мысы құрып жүргенде өзі өледі. Әмеңгерлік дәстүр бойынша бала таппайтын бедеу жесірді оның інісі Құсайын алады. Кешікпей Құсайын да баласыз дүниеден кетеді. Енді екі ағасынан бірдей қалған жесір жеңгесіне Тоқпанбеттің ең кенжесі Қасенді үйлендірмек болады. Бірақ 15-16 жасар Қасен жеңгеден де, мал-мүліктен де безіп ағайын арасынан қашып қалаға кетеді. Жесір жеңгесі мал-мүлкімен төркініне кетеді. Ал, Қасен сол жүргеннен мол жүріп 30-ға келгенше үйлене алмай, тек Совет өкіметі орнап, байларды кон фискелеу кезінде ғана үйленеді.

 

Қалыңмал туралы деректер

 

XIX ғасырдың басында бүкіл қазақ халқына байланысты әдеби мұра негізінде жазылған монографиялық еңбектерде де қалыңмал туралы деректер бар. Бірақ бұл еңбектерде жоғарыда келтірілген деректерге еш жаңалық қоспай, жалпы қазақ арасына кең тараған 47, 37, 9, 7 және «жиырма» деген қалыңмал шамаларын қайталаумен ғана тынған. Қалыңмалдың жоғарыда айтылған әдеттегі шамаларының ешқайсысына жатпайтын, әр түрлі жағдайларға байланысты құдалар арасындағы жеке келісім бойынша өтелетін қалың мөлшері бар. Біріншіден, бұған жататын жағдай алғашқы әйелі өлген адам туған балдызын алса, ол үшін «балдыз қалың» деген атпен әдеттегі қалың шамасынан әлде қайда төмен беріледі. Жездесіне барған балдыздың жасауы да әдеттегіден ықшам келеді. Екіншіден, кем-тарлықпен отырып қалған кедей қызын, қайтып келген қызды немесе жесірді әйелі жоқ адам, әсіресе, бұрын үйленбеген жігіт айттырса, қалың мөлшері тіпті шағын болады. Тіпті алушының беретініне қанағат қылады.

Мұндай жағдайда қалыңдыққа беретін жасау да толық болмайды. Ал енді, осындай қалыңдықтардың өзі әйел үстіне баратын болса, қалыңмал шамасы сәл жоғарлайды да, жасау жағына тіпті мән берілмейді. Сөйтіп, біз XVIII ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі Қазақстанның әр өңіріне байланысты басылып шыққан әдеби мұралар мен архив қоймаларында қалыңмал туралы сақталған қыруар деректерді мүмкіндігінше, олардың мезгілімен үш жүздің қоныстану ерекшеліктеріне сәйкес топтай отырып баяндадық. Әрине, бұларда бірін бірі қайталау да бар, бірақ олардың әрқайсысында жергілікті қазақ жұртшылығының шаруашылық ерекшеліктері мен әдет-ғұрпы және көрші елдер мен халықтардың ықпалына, жалпы әлеуметтік-экономикалық факторлардың даму, өзгеру процестерінің де әсеріне байланысты бірқыдыру өзгешеліктер байқалады. Сондықтан да бұл деректер бірін-бірі толықтырумен бірге соңғысы алғашқысын растай түседі. Жалпы қазақ арасындағы қалыңмал институтының жергілікті ерекшеліктері, олардың даму жолдарын анықтайды. Мәселен, XVIII ғасырда қалыңмал құрамында «еркек жетім», «қыз жетім» немесе «үлкен және кіші жетім» беру әдеті Қазақстанның қай жерінде болсын болғандығын жоғарыда келтірілген еңбектерден көріп отырмыз. 

Бұдан кейін қазақ жұртшылығының қай елінде болсын қалыңмал бұрын-соңды негізінен малдай берілетіндігі де анықталды. Ал, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыңмал есебінде малға қоса оңтүстікте тіллә (ділдә), солтүстік-батыс және шығыста орыс ақшасымен күміс теңгелер беру әдеті қалыптасты. Қалыңмал мөлшеріне келсек: мұнда да өте керекті жайлар анықталды. Мәселен, Кіші жүз арасында қалыңмал «жиырма» аттық шамамен есептеліп, негізінен бірден алты жиырмаға дейін барады. Ал, Орта және Ұлы жүздер ішінде қалыңмалдың ең кең жайылған шамалары - «қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті» және «он жеті» болып келеді. Түркістан өңіріндегі қазақтар арасында қалыңмал орнына күйеудің қыз әкесіне қызмет етуі және қалыңмал құрамында өрік-мейіз сияқты жемістер берудің Қазақстанның басқа аудандарында кездеспейтіндігі де анықталды. Мұндай әдет көршілес, кей жерлерде аралас отырған өзбек жұртшылығының әсері болса керек. Әдеби мұра мен архив деректері бойынша осы айтылған шамалардың дұрыстығын соңғы он жыл ішінде Гурьев, Ақтөбе, Целиноград, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Семей, Талдықорған, Алматы және Шымкент облыстарында мекендейтін қазақ жұртшылығы арасынан өзіміз жинаған деректер толық дәлелдейді. Әрине, ел арасында революциядан бұрын құдалардың әл-ауқатына, қоғамдағы алатын орнына қарай бұл шамалар «ширек жиырма», «жеті не тоғыз» бас малға дейін төмендеп, 100 байтал не 100 түйеге дейін көтеріліп те отырады. Қалыңмалдың бір жағынан мұншалықты төмендеуі тек қана кедейліктің салдары болса, екінші жағынан осыншама жоғарлауы тек байлықтан ғана емес, оның басқадай да себептері бар. Құдалық келісімі ер бала мен қыздың әкелерінің не ағаларының арасында жасалған жағдайда қалыңмал көбінесе жоғарыда келтірілген негізгі шамалардан аспайды. Ал енді жасында қыз айттырылмай, қыз таңдауға мүмкіндігі болған, көңілі сергек бай балаларына таңдаған сұлу қызын дүние бетіне қарамай малға жығып әперетін. Немесе дәулетіне мастанған байлар әйел үстіне екінші не үшінші тоқалдыққа басы бос қыздарды айттырса, қалыңмал әдеттегіден әлде қайда көп төленетін. Сұлулықпен, ақылдылықпен немесе өнерлілігімен ел аузына ілініп, анау-мынауды шеніне келтірмей, күйеу таңдап жүрген қыздар үшін берілетін қалыңмал мөлшері тіпті жоғары болатын. Мұндайда ешбір белгілі шамалар еске алынбай, байлар мен төрелер жылқыны үйір-үйірімен, түйені табын-табынымен айдап беретін. Тіпті қыз жағының шалқаятындығы сондай, олар жылқы мен түйенің тек басын ғана есептемей, олардың келешекте ұзақ уақыт өсім беретіндігін де ескере отырып, ылғи байтал не ылғи тайлақ сұрайтын. Күйеу жағын сынағысы келген кейбір кесірлі байлардың қалыңға сұраған байталының ылғи бір түсті болуын талап еткендігі де осы күнге дейін халық жадында сақталған. Мәселен, өткен ғасырдың орта кезінде адай руының 1800 жылқы бітіп, жасынан серілігі мен ерлігі қалмай жүрген шалы Қожаназар беріш руының бір үлкен тойына жүзіктің көзінен өткендей әдемі айғыр мініп барып, қыз-бозбала жиналған үйдің жабығын ат үстінен ашса, 25-ке келгенше күйеу таңдап жүрген сұлу қызға көзі түсіп, қайткен күнде де оны әйел үстіне алмақ болады. Қыз туыстарына сөз салса, олар «сексенге келген шал екен 80 қара көк байталды бірден матап бере алса алсын», депті. Қожаназар бар жылқысын жинатып жіберіп 100 қара көк байталды (10 байтал күйеу отына, 10 байтал үйге кіреріне) бірден айдатып қызды алыпты. М. Әуезовтің «Түнгі сарын» атты пьесасындағы қалыңмалына 100 тайлақ төленіп алынған болыстың сұлу әйелі Бибіштің «Жүз тайлақ» - атануы жоғарыда айтылған пікірді растай түсетін жағдай. 

Мұндай мысалдардың бірқыдыруын жоғарыда келтірілген әдеби мұралардан да көріп отырмыз. Сондықтан бұл арада осының өзі жеткілікті болар. Енді қалыңмалдың құрамына келсек, мұнда да айтарлықтай жайлар аз емес. Жоғарыда келтірілген әдеби және архив деректерінде нақтылы қалыңмал құрамымен құдалар арасында әрқайсысының еркіне, мүмкіндігіне қарай берілетін толып жатқан сыйлықтар мен кәделерді бір-бірімен араластырып, шатастырулар да аз емес. Сондықтан біз ел арасынан өзіміз жинаған деректермен қалыңмал, кәделер арасындағы айырмашылықты жете білген кейбір авторлардың деректеріне сүйене отырып, қалыңмал құрамы мен сыйлықтар, кәделер арасындағы ара-салмақты анықтауды тым қажет деп білеміз. Әдет-ғұрып бойынша қалыңмалдың қай шамасының болсын құрамы «бас жақсы», «аяқ жақсы» және «қара мал» сняқты бөлімдерден тұрады. Мұны «жақсылы қалың» дейтін. Бұлардың әрқайсысына қандай мал түрінен беріледі, олардың ішінде қандай баламалар 55, қанша бүкпелі мал 56 болу керек, осының бәрі алдын ала келісіледі. Ертеректе қалыңмал есебіне жетім және қару-жарақ түрлерінен қосу әдеті де болды. Бұдан басқа қалыңмалдың «деңгелек қалың» деп аталатын түріне келіскенде әркім шамасына қарай аз ба, көп пе әйтеуір белгілі мөлшерде мал басын беру әдеті де жиі болды. Сөйтіп, қалыңмал мөлшері де, оның құрамы да құдалардың шама-шарқына қарай өзара келісуіне байланысты белгіленетін. Қалыңмалдан басқа күйеу жағынан әр уақытта берілетін толып жатқан сыйлықтар бар. Бұлардың қатарында ең алдымен қыздың әжесіне (тірі болса), туған шешесіне, әкесінің тоқалдарына (болса) міндетті түрде апарылатын сыйлық «ілу» делінсе, «ата күші», «ана сүті» үшін деп «сүт ақы» атты сыйлық беріледі. Бұдан соңғы күйеу жағынан шығатын үлкен шығын қызды алуға барғанда әліне қарай апаратын «той малы». Негізінен күйеу ұрын барғанда, қалыңдығын алуға келгенде әкелетін жыртыстары мен толып жатқан кәделері болады. Кәделерге ат, шапан, көйлектік мата, ақша, әр түрлі уақ-түйек әшекейлер беріледі. Ат жалын тартып мінген күйеу қалыңдығын қашан алып кеткенше ол ауылға келген сайын қыз жеңгелеріне әменде сыйлықтар әкеледі. «Қалмады баста бөрік, белде белбеу, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай…» деген ән шумағының негізгі мазмұны осыдан қалса керек. Қазақ әдеті бойынша құдалық кезіндегі құдалардың екі жағына бірдей міндетті ғұрыптың бірі «кит кигізу». 

Китті құда түсуге барған күйеу жағының адамдарына, қалыңмал алуға не арнайы шақырумен барған қыз жағының адамдарына, ұрын барғанда және қыз алуға барғанда күйеуге ілесіп келген құдалар мен күйеу жолдастарға, ақыр-аяғында қызды ертіп барған құдаларға түгелдей береді. Китке әдетте түйе жетектетіп, ат мінгізеді, қала берді шапан кигізеді. Кит екі жағынан бірдей берілетін жол болғандықтан, негізінен олар өзара шамалас, немесе қыз жағының кигізетін киттері молырақ болып келетін. Қай жағынан болмасын келген құдалардың жолына қарай бас құдадан бастап атқосшыға дейін әр түрлі кит беріледі. Революцияға дейінгі көптеген авторлар қалыңмал құрамына - жүйрік ат, қыран бүркіт, қаршыға, алғыр тазыларды да енгізеді. Бұл жаңсақ пікір. Өйткені мұның бәріне әркім қолынан шығармас аяулысы есебінде қарайды да, оларды еш уақытта қалың есебіне кіргізбейді. Бірақ, осының бәрі де құдалық не басқадай тамырлық қатынастардың нәтижесінде «қалау» ретінде алынады. Мұндай қалау тек күйеу жағынан ғана алынбай, онымен бірге қыз төркінінен де қаланады. Ендеше, оларды жасау құрамына да кіргізу керек емес пе?

 

Әрине, мұндай қалау құдалық негізінде күйеу жағынан көбірек қалануына және оның берілуіне байланысты келтірілген. Қалыңның кей мөлшеріне әсер етуі де, кейде тіпті қалыңмалға кешірім жасалуы да мүмкін. Сірә осыған байланысты оларды қалың құрамына кіргізген болар. Ал, шын мәнінде жоғарыда көрсетілгендер еш уақытта не қалың, не жасау құрамына кірген емес. Бұл жағдай туралы И. Ибрагимов XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ дұрыс болжам жасаған болатын.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға