Жаңалықтар

Алтынжар селосына жұмыс сапары

Алтынжар селосына жұмыс сапары
30.07.2018 05:58 1774

Кие тұнған жерлерді қастерлеу — бүгінгі ұрпақтың парызы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өткен болатын.

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Елбасының осы бағдарламалық мақаласы аясында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жылдығы және Құрманғазы ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай ағымдағы жылдың 20 шілде күні Атырау облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы, Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-сі мен Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Ресей Федерациясының Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжар селосындағы күй атасы Құрманғазы бабамыздың мәңгі тыныстап жатырған мекеніне Құрманғазы ауданынан бір топ делегат саяхат жасады.

Сапардың  мақсаты: Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан тарихын білуге және құрметтеуге шақыру, тарихи-мәдени құндылықтарымызды сақтап қалу, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.

Делегат құрамына Құрманғазы ауданының «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің мүшелері, еңбек ардагерлері мен олардың лайықты ізін жалғастырған бүгінгі жас буын өкілдері қатысты.

Қазақ елінен барған бір топ жерлестеріміз саяхат барысында Құрманғазы атындағы кесенесінің тұрғызылу тарихымен танысты.  Сонымен қатар, делегат мүшелері Құрманғазы атындағы мәдени орталығында болып қайтып, мұражай жәдігерлерімен танысып, күй атасы Құрманғазының өмірдеректерінің беймәлім тұстарынан да хабардар болды. Саяхат күйшінің атындағы мәдени орталығындағы концертпен жалғасты.    

Құрманғазы атындағы мәдени орталық — Ресей-Қазақстан достығының айрықша белгісі. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Ресейдің Астрахан облысы бірлесіп салған бұл кешенді орын, қазақ мәдениетінің ошағына және Еділ бойы мен Каспий өңірінің мәдени мұрасын зерттеп, насихаттау орталығына айналды. Бұл орталықтың базасында болып жүрген барлық мәдени өтілімдер дәстүрлі қазақ ұлтының құндылықтарын, өнерлерін насихаттауға  және дамытуға бағытталған.

Мәдени орталықтың қызметкерлері Алтын Мусаева мен Залина Искалиева екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, әріптестіктің әлі де нығая беретініне, бұдан да жоғары биіктерге көтерілетініне зор сенімдерін білдіріп, Қазақстанның жетістіктеріне қуанып, мақтанатынын үлкен тебіреніспен жеткізіп жатты. Өз кезегінде Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова рухани азық сыйлаған мәдени қызметкерлерге шығармашылық табыс тілеп, естелік ретінде ұлттық энциклопедия кітаптарын сыйға тартты.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға