Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов үлкен спорттағы мансабын жалғастырып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті. Бұл туралы қазақстандық дзюдошы Aqyrys Seitqazy-ға берген сұхбатында айтты.
33 жастағы спортшы үшін Лос-Анджелес Олимпиадасы мансабындағы төртінші Олимпиада ойындары болуы мүмкін. Сметов Париждегі тарихи жеңістен кейін спортпен қоштаспау туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, үлкен спортта әлі де бағындыратын белестер бар. Сондықтан ол қолда бар мүмкіндікті барынша пайдаланғысы келеді.
Төртінші Олимпиадаға баруға мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы мансабымды жалғастыру туралы шешім қабылдадым. Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бар. Менің өмірімде алтын шыққан жер – спорт, оның ішінде дзюдо. Бұл жерде алтын бар, сондықтан оны соңына дейін алуым керек, – деді Елдос Сметов.
Олимпиада чемпионы жоғары нәтижеге жетудің артында үлкен еңбекпен қатар денсаулыққа түсетін салмақ та бар екенін жасырмады.
Маған тиесілі, маған қажет алтынды алуым керек. Өйткені мен сол үшін алтыннан да қымбат дүниені беріп жатырмын. Ол – менің денсаулығым, – деді спортшы.
Үш Олимпиада – үш медаль
Елдос Сметов – үш Олимпиада ойындарында қатарынан жүлде алған қазақстандық дзюдошы. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада күміс жүлдегер атанса, Токио Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.
Ал 2024 жылы Парижде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан дзюдосы тарихындағы алғашқы Олимпиада алтыны.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Париждегі жеңістен кейін Сметов жарыстарға қатысуда ұзақ үзіліс алды. Осы аралықта ол ағылшын тілін үйренуге уақыт бөліп, бұған дейін мазалап жүрген жарақаттарына байланысты бірнеше операция жасатты.
Екі жылдан кейін татамиге оралды
Сметовтың Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы халықаралық жарысы 2026 жылғы маусымда Қытайда өткен Гран-при турнирі болды. Екі жылға жуық үзілістен соң татамиге оралған қазақстандық дзюдошы алғашқы екі белдесуінде жеңіске жеткенімен, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Енді Олимпиада чемпионы үлкен спорттағы жолын жалғастырып, Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін тағы бір циклді еңсеруге ниетті. Егер Сметов 2028 жылғы Олимпиадаға жолдама алса, бұл оның мансабындағы төртінші Олимпиада ойындары болмақ.