Қазақстандық видеомейкер Ержан Әкімбек Іле Алатауының баурайында орналасқан еліміздің ең көрікті табиғи орындарының бірі – Есік көлі туралы әсерлі фотосерия жариялады. Автор тау арасындағы көгілдір көлдің сұлулығын ғана емес, оның күрделі тарихын да еске салған.
Видеомейкердің айтуынша, 1963 жылы болған жойқын сел табиғи бөгетті бұзып, көлге орасан зиян келтірген. Апат салдары аңғар бойымен төмен түсіп, Есік қаласына дейін жеткен. Табиғат апаты өңір тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі ретінде есте қалды.
Қазіргі таңда көл қайта қалпына келгенімен, бұл жердің тарихы табиғаттың тегеурінді күшін әлі де еске салып тұр, – деп жазды автор.
Көгілдір суы мен ерекше атмосферасы
Бүгінде Есік көлі туристерді өзінің тыныштығымен, мөлдір көгілдір суымен және ертегі әлемін еске түсіретін таулы атмосферасымен баурап алады. Автордың сөзінше, мұнда табиғаттың қуаты ерекше сезіледі: бір жағынан ғажайып әсемдікке толы болса, екінші жағынан тосын әрі құбылмалы мінезімен таңғалдырады. Фотосерия желі қолданушыларының да қызығушылығын тудырған. Пікір қалдырушылар көлдің ерекше түсі мен табиғатына тәнті болғандарын жазды.
«Көл өте әдемі, ал судың түсі – мүлде бөлек әсер», «Тұрып жатқан жеріміз қандай әсем», «Таңғажайып сұлулық», «Ең әдемі көлдердің бірі» деп жазды желі қолданушылары.
Есік көлі туралы қызықты деректер
Есік көлі – Қазақстандағы ең танымал тау көлдерінің бірі. Ол Алматыдан шамамен 70 шақырым жерде, Іле Алатауы шатқалында, теңіз деңгейінен 1750 метр биіктікте орналасқан. Көл қылқан жапырақты ормандармен көмкерілген көркем таулардың арасында жатыр. Көлдің ұзындығы шамамен 1850 метрге жетеді. Ал суы мұздықтардан еріген таза тау суымен толығатындықтан, тіпті жаз мезгілінде де өте салқын болады. Сондықтан мұнда көбіне табиғат аясында тынығып, суретке түсу үшін келетін туристер көп.
Мамандардың айтуынша, Есік көлі мыңдаған жыл бұрын ірі тау көшкінінің нәтижесінде пайда болған. Табиғи бөгет шатқалды жауып, уақыт өте келе көл қалыптасқан.
1963 жылғы сел апаты
Есік көлінің тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – 1963 жылғы сел. Сол жылы күшті лай көшкіні табиғи бөгетті бұзып, көл суының басым бөлігін төменге алып кеткен. Апат салдары Есік қаласына дейін жетіп, үлкен шығын келтірген.
Кейін бұл аймақта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, көл қайта тола бастаған. Бүгінде табиғаттың бұл ерекше туындысы қайта жанданып, туристер жиі баратын орындардың біріне айналды.
Табиғат пен тарих тоғысқан аймақ
Көл маңында орналасқан Есік қаласы тарихи мұрасымен де танымал. Дәл осы өңірдегі Есік қорғанынан әйгілі сақ жауынгері – Алтын адам табылған. Сондықтан бұл аймақ туристер үшін тек табиғатымен ғана емес, тарихи құндылығымен де ерекше саналады. Бүгінде Есік көліне келетін саяхатшылар тау табиғатын тамашалап қана қоймай, қазақ даласының бай тарихымен де танысуға мүмкіндік алады.