Жаңалықтар

Алтай Көлгінов: Байқоңыр мен Есіл ауданында газ құбырының құрылысы басталды

Сарыарқа және Алматы аудандары толығымен газдандырылды
Алтай Көлгінов: Байқоңыр мен Есіл ауданында газ құбырының құрылысы басталды
Фото: gov.kz 08.07.2022 15:28 934

Елордада қалған екі аудан – Байқоңыр мен Есіл ауданында газ құбырының құрылысы басталды. Сондай-ақ, Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Телман елді мекендері, сол сияқты «Family Village», «Garden Village» шағын аудандары және Шұбар шағын ауданында жобалау жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды El.kz

«Есіл және Байқоңыр ауданында газ құбырының құрылысына кірісіп, келесі жылы кварталішілік желілердің құрылысына кірісеміз. Қалада 2 аудан – Сарыарқа және Алматы толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды, кварталішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттар алды, сонымен қатар 3,6 мыңнан астам үй газға қосылды», – деді Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, елорданы газдандыру қаланың экологиясына ғана емес, қала тұрғындарының өмір сүру сапасына да оң әсерін тигізеді.

«Қала әкімдігі бірқатар жеңілдіктерді қабылдады. Мұқтаж жандарға газға қосылуына әлеуметтік көмек бөлінеді – әлеуметтік көмек мөлшері 200 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ұлғайтылды, қала тұрғындарының бәріне тегін негізде есептеуіштер беріледі. Сондай-ақ қала тұрғындарының өз үйін газға қосу үшін құжаттар жинау туралы өтініштерін ескере отырып, құжаттар тізімі 2 есеге қысқартылды. Бұрын құжаттарды жинауға 6 айға дейін уақыт кететін. Бұл шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданды», – деді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің 13 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды, ЖЭО-3 құрылысы қайта басталды, жаңа құрылыс аудандарын жылумен қамтамасыз ету үшін 3 жергілікті газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр. Газдандыру барысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға