Жаңалықтар

Алматының таулары кімнің меншігіне өтіп кеткен?

Алматының таулары кімнің меншігіне өтіп кеткен?
Фото: t.me/mazhilis_kz 27.06.2023 15:55 2594

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәселе көтеріп, Премьер-министрдің бірінші  орынбасары Роман Склярға және Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

АИС ГЗК базасы бойынша Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Іле Алатауы» ұлттық саябағымен шекаралас «Ерменсай" ықшам ауданының тау бөктерінде  орналасқан, нақтылап айтқанда, 20-313-061-159, 061-162, 061-169, 061-157, 061-166, 061-158, 061-156, 061-163, 061-165, 061-170, 061-180, 061-160, 061-164 сияқты 18 кадастрлік номерлі жерлер жеке меншікке өтіп кеткен. Ең сорақысы, осы аталған жерлердің бір ғана иесі бар және жердің жалпы көлемі 1 мың шаршы метрден асып кеткен. Жалпы 18 жер учаскесінің аумағы таудың 14, 6 шаршы шақырымды құрайды, - дейді депутат.

Басқаша айтқанда, Алматы қаласының Бостандық ауданының жалпы жер көлемінің 5/1 бөлігін қалыптастырады.

Аталған барлық жерлердің жерге байланысты құқығы 2016 жылы қаңтарда, яғни, жеке меншік құқығы сол уақытта Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбектін тұсында пайда болған. Ал бұдан бұрын аталған жерлер мемлекеттік меншіктен жеке меншікке Алматы облысының Қарасай ауданына өтіп кеткен болатын, - дейді Бақытжан Базарбек.

Барлық жеке меншікке өткен жерлердің нысаналы мақсаты – ауыл шаруашылық тауарларының өндірісін жүргізу болып табылады.

Мені жер саласындағы сарапшы заңгер ретінде және Алматыдан Мәжіліске сайланған депутат ретінде толғандыратын дүние – неліктен бұл жерлерге Жер ресурстарын басқару комитеті мен оның Алматы қаласының Департаменті тексеріс тағайындап, осы уақытқа дейін мемлекеттік меншікке қайтармағаны. Не себепті осы уақытқа дейін Алматы қаласы Прокуратурасы мен Әкімдігі аталған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтармағаны көп сұрақты туындатады.

Айта кететін жағдай, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Заңға сәйкес аталған жерлер «Іле Алатауы» ұлттық саябағының 2 километрлі қорғалатын аймағына кіруі тиіс еді, бірақ та, Алматы қаласының Әкімдігінің әрекетсіздігі салдарынан қорғалатын аймаққа кірмей қалып отыр.

Жағдайдың сорақылығы соншалық, Іле Алатауы баурайындағы тау бөктерлері Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарында жеке меншікке беріліп кеткен. Екі ортада халық тау бөктерінде мал жаю мүмкіндігінен айырылған және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға еркін кіріп-шығу құқығынан шектелген, - дейді мәжілісмен.

Депутат Алматы қаласының Медеу және Бостандық, Наурызбай аудандарының шегінде "Іле- Алатауы" ұлттық саябағының 2 шақырымын қорғалатын аймақ етіп бекітуді ұсынды. Сондай-ақ, «Іле Алатауы» ұлттық саябағының Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары мен Алматы қаласы Медеу және Бостандық, Наурызбай аудандарының шегінде жерлердін нысаналы мақсатын елді мекен шегінде шаруа қожалығы мен ауыл шаруашылық тауарлы өндіріс қызмет түрінен жеке тұрғын үй құрылысы үшін, жеке қосалқы үй шаруашылығы үшін ауыстыруға ресми мораторий енгізуді талап етті.

Сонымен қатар, «Іле Алатауы» ұлттық саябағының Алматы облысының Енбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары мен Алматы қаласы Медеу және Бостандық, Наурызбай аудандарының аумағындағы жерлерді және қорғалатын аймақтардығы елді мекендерді бас жоспарлары мен егжей-тегжей жобаларында (ПДП) рекреациялық аймаққа аударуды талап етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға