Жаңалықтар

Алматылықтар Ресейдің Бас консулдығының алдына гүл шоқтарын апаруда

Алматылықтар Ресейдің Бас консулдығының алдына гүл шоқтарын апаруда
Фото: © El.kz / Татьяна АЛАДЬИНА 23.03.2024 16:40 368

Таң атқаннан бері гүл ұстаған жұрт Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығының ғимаратына барып жатыр. Алматылықтар Ресей халқымен бірлігін айтып, лаңкестік әрекеттен туған-туыстары мен жақындарынан айырылғандардың қайғыларына көңіл айтуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Таңертеңнен бастап Ресейдің Бас консулдығы ғимараты алдына раушан, қалампыр ұстаған халық шырақ жағып, дұға оқуда. Ер адамдар ғимаратқа жақындаған бойда бас киімдерін шешіп, көптеген әйел көз жастарын тыя алмауда.  


Мен Қазақстанда туылдым. Бірақ қазір Ресей азаматымын. Жақында ғана осы ғимаратқа келіп, Президент сайлауында дауыс берген едік. Бәріміз қуанып, бір-бірімізбен ақпарат алмастық. Ал бүгін баршамыздың  қабырғамызды қайыстырған үлкен трагедиямен келіп тұрмыз. Ол концертке менің құрбым да бармақ болған еді. Бақытқа орай кешке кешігіп барған екен. Аман қалды, бірақ өзге адамдар қаза тапты,-деді көз жасын тыйы алмаған Ольга Пестонова.

Шырақ пен гүл шоқтары арасында жұмсақ ойыншықтар да бар. Ол террористер қолынан қаза тапқан балалардың құрметіне әкелінген. 

Қайғы орын алған жер мен ұлтқа қарамастан барлығына бірдей ортақ. Таңертең отбасымызбен, достарымызбан тауға баруды жоспарлап, алдын ала келісіп қойған едік. Бірақ Ресейдегі қайғылы оқиғадан кейін демалысымызды кейінге қалдырдық. Себебі Ресейде туған-туыстарымыз болмаса да үлкен трагедия болып жатқанда біз көңіл көтере алмасымыз анық. Бүгін ауыр қайғыны бастан кешіріп отырған ресейліктермен біргеміз. Әрине, түсінемін. Қаншама жылы сөз болсын, қайғының орнын толтыра алмайды. Қайтыс болғандарды тірілте алмайды. Дегенмен біз қара жамылғандардың барлығына қайғыра көңіл айтамыз",-деді Айнаүл Сәрсенбай.   

Полицейлердің айтуынша, Бас консулдық ғимаратына гүл шоқтарын алып келгендердің алды таңғы сағат 8-де келген. Қазіргі уақытқа дейін мұнда келушілер саны артып отыр. Келушілердің ең жасы небәрі 4-те. 

Еске салсақ, кеше 22 наурызда Мәскеудегі "Кроус Сити Холл" кешенінде терактілік әреке болды. Қаруланған белгісіз бір топ адам концертке келген халыққа оқ жаудырды. Кейінірек ғимаратта жарылыс естіліп, соңы өртке ұласқан. 

Соңғы мәліметтер бойынша Мәскеу ауруханаларында түрлі дене жарақаттарын алған 115-тен астам ем алуда. Дәрігерлердің айтуынша, олардың 60-ының жағдайы ауыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға