Жаңалықтар

Алматылық тұтынушыларға сапасыз тауарға төлеген 66 млн теңгесі қайтарылды

Алматылық тұтынушыларға сапасыз тауарға төлеген 66 млн теңгесі қайтарылды
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 21.07.2023 16:45 676

Алматылық тұтынушыларға сапасыз қызметтер мен тауарлар үшін 66 775 325 теңге қайтарылды. Бұл – жыл басынан бері клиенттерге келген шығын көлемі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қаласының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 3 мыңнан астам адам шағым түсірген.

Бұл жөнінде бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде департамент басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимұрзаев айтты.

2023 жылдың алты айында келіп түскен өтініштер негізінде департамент тұтынушылар құқығын қорғау бағыты бойынша мемлекеттік бақылау жүргізу барысында 59 әкімшілік хаттама жасады, оның ішінде жоспардан тыс тексерулер нәтижесі бойынша тұтынушыларға 66 775 325 теңге қайтарылды, - деді ол.

Спикер Қазақстанда 2020 жылдан бастап тұтынушылардың шағымдарын қараудың көпсатылы жүйесі жұмыс істейтінін, оның шеңберінде «мемлекеттік» және «қоғамдық» бақылау енгізілгенін, кәсіпқойлар арасынан құқық қорғаушылардың тізбесі жасалғанын еске салды.

Бұл механизм сатушы алдындағы тұтынушылардың шағымына жауап беру міндеттемесін, тұтынушының құқықтарын қамтамасыз ету алгоритмін сол жерде және сол сәтте қарастырады.

Бірінші кезеңде сатушы сатып алушының талабын өз бетінше немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдарды тарта отырып қарауға міндетті. Бұл шағымдарды сол жерде және сол сәтте бейбіт жолмен шешуге болатын алғашқы кезең. Бұл жағдайда үкіметтік емес ұйымдар дауды сотқа дейінгі реттеу субъектілері ретінде әрекет етеді. Екінші кезең мемлекеттің қосылуын қамтиды. Яғни, егер сатушы келісімге келу ниеті болмаса, шағым тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе басқа мамандандырылған органға жіберіледі. Сотқа жүгіну - шын мәнінде, шағымды қараудың соңғы сатысы, - деп толықтырды спикер.

Сонымен қатар, тұтынушыларға, бизнеске және мемлекеттік органдарға ыңғайлы болу үшін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап e-tutynushy.kz шағымдарды қабылдау мен қараудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.

Бұл жүйеде тұтынушы шағымды әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде мобильді қосымша арқылы беруге мүмкіндігі бар. Тұтынушының ыңғайлылығы үшін жүйеде даудың нысанасына байланысты шағымдардың бірқатар үлгілік нысандарын орналастыру көзделеді. Сондай-ақ, сотқа дейінгі реттеудің қолданыстағы институттарының бірін таңдай алады немесе шағымды тікелей мемлекеттік органға жіберуіне болады, - дейді департамент өкілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға