Жаңалықтар

Алматылық соғыс ардагері 101 жасқа толды

Алматылық соғыс ардагері 101 жасқа толды
Фото: Қорғаныс министрлігі 29.04.2024 23:09 289

Алматы қаласында тұратын соғыс ардагері 101-туған күнін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Николай Таратунинді туған күнімен құттықтауға Түрксіб ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының, ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері, Алматы қаласы әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері, «Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесі, тыл еңбеккерлері мен соғыс балалары» қоғамдық қорының өкілдері барды.

Әскери қызметшілер соғыс ардагеріне қорғаныс министрінің алғыс хатын табыс етіп, ғасырдан асқан қарияның жанқиярлық ерлігіне алғыс білдірді, - делінген мәліметте.

Николай Александрович Таратунин 1923 жылы 28 сәуірде Ярославль облысы, Починки ауылында дүниеге келген. Жеті жылдықты аяқтағаннан кейін ол екі үлкен ағасы мен әпкесінің артынан майданға аттанып, барлауда қызмет етті. Батыс, Сталинград және екінші Украин майдандарының құрамында соғысып, үш рет жараланған.

1943 жылы ол өлім аузынан қалды. Қаруластары ауыр жарақат алған жиырма жасар сарбазды өлді деп санайды. Түні бойы дымқыл жертөледе жатты. Ал ертесіне оны бауырластар зиратына жерлеу үшін зембілге салған кезде көзін ашады. Содан бері ардагер жыл сайын өзінің туған күнін оптимизммен қарсы алып келеді.

Әскери қызметшілер біздің үйде жиі болып тұрады. Олар әкеміздің денсаулығын үнемі бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда әскери госпитальдан дәрігерлерді де алып келеді, – деді майдангердің ұлы Александр Таратунин.

Николай Таратунин І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» және «Құрмет» ордендерінің иегері.         

Соғыстан соң майдангер Алматы шекара училищесін бітіріп, Түркия, Иран, Қытай және Жапония шекарасында қызмет етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға