Жаңалықтар

Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың халі мүшкіл - Ардақ Назаров

Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың халі мүшкіл - Ардақ Назаров
Фото: parlam.kz 27.03.2024 13:00 337

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға кітапхана мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деген болатын. Әсіресе, бір ғасыр бұрын ашылған тарихи кітапханалардың маңызы ерекше. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорны Орталық ғылыми кітапханасының жағдайына тоқталғым келіп отыр, - дейді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, 1932 жылы ашылып, 1945 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен жеке «Орталық ғылыми кітапхана» статусын алған кітапханада қазір 6 миллионға жуық басылым сақтаулы. Бұл Қазақстандағы ең бай ғылыми қор болып саналады. Мұнда қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ең үлкен қолжазбалар қоры және 130 тілдегі ғылыми басылымдар сақтаулы.

Өкінішке қарай, мекеме атауы «Орталық ғылыми кітапхана» деп аталғанымен, кітапхана статусы жоқ! Яғни, «Ғылым ордасы» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорны мекемесінің бір бөлімі ғана болып отыр, жеке кітапхана болып саналмайды. Содан да болар, ұлт руханиятының қарашаңырағы аянышты халде, - дейді депутат.

Ардақ Назаров кітапханадағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Біріншіден, құнды қолжазбалар жойылу алдында тұр. Кітапхана қорындағы ХІІ-ХVІІІ ғасырлар арасын қамтитын құнды мұралар, әл-Фараби, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әбубәкір Диваев, Әлкей Марғұлан сынды ірі тұлғалардың қолжазбалары, Абылай ханның хаты, 3 метрлік орама матада жазылған «Қазақ хандарының шежіресі», 12-ғасырда бұзау терісіне жазылған 26 метірлік «Тәурат» кітабының қолжазбасы сақталған. Одан бөлек, 20 мыңнан аса құнды қолжазба бар. Олардың көбі әлі кітап болып басылып шықпаған, - дейді Ардақ Назаров.

Сондай-ақ кітапханадағы санитарлық нормалар сақталмағаны атап өтті.

Екіншіден, кітап қорының сақталу мәселесі. Кітапхананың санитарлық нормалары да дұрыс сақталмай тұр. Қордың темперетурасын дұрыстап тұратын аппараттар істен шыққан, оларды қайта жабдықтау керек. Қазірдің өзінде қордағы басылымдар кеуіп, үгітіліп бара жатыр. Осылай жалғаса берсе, 5-10 жылда басылымдардың 30 % жоғалтамыз. Сондай-ақ, реставрация жасайтын орталық болғанмен, онда басылымдарды өңдейтін арнайы материалдар жоқ. Қаржы бөлінбесе, кітапхана өте қымбат бағаға шетелден алдыра алмайды, - дейді ол.

Ал кітапханаға соңғы он жыл бойы ғылыми басылымдар жеткізілмеген.

Үшіншіден, кітапхана қоры толықпай жатыр.  Соңғы 10 жылда кітапхана ғылыми басылымдармен толықпады, шетелдің үздік ғылыми басылымдарын айтпағанда, Қазақстандағы басылымдарға да қолы жетпей отыр. Соңғы 3 жылда мерзімді басылымдарды да толық алмаған. 2022 жылы соңғы 6 айға (яғни, шілде-желтоқсан айларына), 2023 жылы соңғы 4 айға (яғни, қыркүйек-желтоқсан айларына) ғана мерзімді басылымдарға жазылған. Биыл мерзімді басылымдарға әлі жазылмаған. Қай айдан бастап алатыны да белгісіз. Бір қызығы, Мемлекеттен мерзімді басылымдарды жаздырып алуға ақша бөлінеді. 2022 жылы 30 млн теңге, 2023 жылы 23 млн теңге қаржы бөлінді, бірақ нақты жазылу уақыты келгенде белгісіз себептермен бөлінген қаржы азайып кетеді. Яғни, 2023 жылы 17 млн тенгеге жазылған. Оның себебін кітапхана басшылығы білмейді. Мемлекет бөліп отырған қаржы қайда кеткенінен ұжым бейхабар, - дейді депутат.

Депутат айтқан төртінші мәселе - маман тапшы, қаржы бөлінбейді. Осыдан 30 жыл бұрын Орталық ғылыми кітапханада 305 қызметкер жұмыс істеген болса, қазір 32 маман ғана қызмет етеді.

Маман тұрақтамайды, мардымсыз жалақыға ешкім келмейді. 30-40 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан өте тәжірибелі кітапханашылардың өзі 100 мың теңгенің төңірегінде ғана айлық алады!.. Ал кітапханада атқарылатын жұмыстар шаш етектен. Кезінде 300-ден астам маман істеген жұмысты бас-аяғы 30-ға да жетпейтін қызметкерлер қалай атқарсын?!. Маман тапшылығына байланысты кітапхананың электронды каталогы толық жасалмай отыр. Қазір 30% қор электронды каталогқа енді, 70% қорды оқырмандар қағаз жәшіктерден кітапханаға келіп қана қарай алады, - дейді Ардақ Назаров.

Президенттің тапсырмасы бойынша, еліміздегі кітапханашылардың жалақысы жыл сайын көтеріліп жатыр.

Бірақ жоғарыда айтқанымдай, Орталық ғылыми кітапхана «Ғылым ордасы» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорны мекемесінің бір бөлімі ғана. Яғни, кітапхана статусы жоқ. Сол себепті, қызметкерлердің жалақысы 100 мың теңгеден ары өспей отыр. Мұндай айлыққа еліміздің ең үлкен мегаполисінде күн көру оңай емес, - дейді ол.

 Аталған мәселелерді шешу үшін бірнеше ұсыныстарын жеткізді:

  1. Орталық ғылыми кітапханаға жеке «кітапхана» статусын беру керек. Яғни, «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мекемесінің бір бөлімі емес, дербес кітапханаға айналуы тиіс;
  2. Бір ғасырға жуық уақыттан бері жиналып келе жатқан құнды кітаптар мен мерзімді басылымдарды күтімге алып, сақтау үшін арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілу керек;
  3. Кітапханаға оқырмандар сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа үлгідегі компьютерлер, көшірме жасайтын аппараттар алу керек, оқу залдары кондиционерлермен жабдықталу қажет;
  4. Өткен жылдарда Орталық ғылыми кітапхананың кітапқа және мерзімді басылымдарға жазылуы үшін бөлінген қаржының қайда кеткенін, қалай жұмсалғанын құзырлы органдар тексеруі керек. Сондай-ақ, бұдан кейін Орталық ғылыми кітапхана қорының жаңа ғылыми басылымдармен толығуын қамтамасыз ету қажет;
  5.  Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлерінің жалақысы өсуі тиіс. Олар да басқа кітапханалардың қызметкерлерімен деңгейлес жалақы алуы керек. Соның арқасында Орталық ғылыми кітапханаға керек мамандар қарастырылып санын шұғыл арттыру қажет.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға