Жаңалықтар

Алматыда зейнеткерден 2 млн теңге алған алаяқ ұсталды

Алматыда зейнеткерден 2 млн теңге алған алаяқ ұсталды
Фото: polisia.kz 29.09.2023 18:00 537

Алматыда зейнеткерден 2 млн теңге алған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

80 жастағы зейнеткер алаяққа “немересі жасаған жол апаты” үшін 2 миллион теңге берді. Белгілі болғандай, Бостандық ауданында тұратын егде адамның пәтеріндегі стационарлық телефонға қоңырау түскен: “немере қызы” апатқа себепкер болды деген болжаммен көмек сұраған.

Немерем телефонды адвокатқа беретінін, адвокат біреудің реанимацияда жатқанын, 5-6 жыл түрмеде отырудың орнына, 6 миллион теңге төлеу керектігін айтты. Ақшаны алып, айтқан жеріне апардым. Бір жігітке бердім. Олар алаяқ болып шықты, – деді зейнеткер.

Полиция мәліметінше, іс-шара барысында 20 жастағы күдікті қолға түскен.

Жедел іс-шараларды жүргізу барысында “Киберпол” қызметкерлері 20 жастағы С.есімді азаматты ұстады. Ол курьер болып жұмысқа қабылданғанын айтып, істеген ісін мойындады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Курьердің жеке басы басқа да ықтимал эпизодтарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға