Жаңалықтар

Алматыда зейнеткер пансионаттың терезесінен құлап кетті

Алматыда зейнеткер пансионаттың терезесінен құлап кетті
Фото: ©Pixabay.com 25.09.2023 22:28 635

Әлеуметтік желіде Алматыдағы «Забота» қарттар үйінде зейнеткер терезеден құлап, сүйегі сынды деген ақпарат тарап жатыр. Мекеме қызметкерлері жедел жәрдем шақырудың орнына оны ұйықтауға жіберген. Бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Оның видеосы Telegram арналарының бірінде пайда болды. Оқиғаның мән-жайын орталықтағылар ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Забота» қарттар үйінің күтушісі Бақдәулет Тоқтақұлдың сөзінше, келеңсіз жайт 3 қыркүйек күні таңғы төрттер шамасында болған.

Біздің орталыққа 63 жастағы ер адам 2 қыркүйек күні түсті, оқиға таңғы уақытта болды. Науқасты алып келген туыстары оның сабырлы, агрессивті емес, жаман әдеттері жоқ екенін айтқан болатын. Тек көру қабілеті бұзылғанын ескертті. Ер адам орталыққа жатқызылды. Ол кісіні түні бойы бақылауда ұстадық. Зейнеткер деменция ауруына шалдыққан екен, ол туралы бізге ешкім ештеңе айтпады, - дейді орталықтың күтушісі Бақдәулет Тоқтақұл.

Оның айтуынша, зардап шеккен ер адам таңғы сағат 4-тер шамасында өз еркімен бөлмесінен шығып, келесі бөлменің терезесіне шығып, бірінші қабаттан секіріп кеткен.

Бізде бейнебақылау бар. Ер адам басқа палатаға кіргенін көре салысымен бірден соңынан ердік, оны ұстағымыз келді, бірақ ол қарсылық танытып, сыртқа секіріп үлгерді. Осыдан кейін оған орнынан тұруға көмектесіп, палатаға апарып, төсекке жатқыздық. Науқас ешнәрсеге шағымданбады, таң атқанша бақылап отырдық, бірақ таңғы 8-ге қарай аяғы ауырып мазалады, мен дереу жедел жәрдем шақырып, туыстарына хабар бердім. Пациентпен ауруханаға бірге бардым, түске дейін жанында болып, кейін кеттім. Туыстарымен үнемі байланыста болдым, атаның жағдайын дәрігерлерден біліп отырдым. Сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмек сатып алып бергіміз келді, бірақ емдеу мекемесі оларда бәрі бар екенін айтты, - деді ер адам.

Ал науқастың туыстары полицияға арыз жазыпты. Алматы Полиция департаменті бұл факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

Істің мән-жайын зерделеу үшін өндірістік материалдар Алматы қалалық медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау департаментіне берілді, - деп түсіндірді қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға