Жаңалықтар

Алматыда «Ұлы Жібек Жолымен – 2023» Халықаралық көрмесі өтуде

Алматыда «Ұлы Жібек Жолымен – 2023» Халықаралық көрмесі өтуде
Фото: gov.kz 22.11.2023 23:33 506

Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлы Жібек Жолымен–2023» ХI Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көрме Қазақстанда заманауи кітаптардың кең таралуына ықпал ету, отандық кітап индустриясы мен кітап нарығындағы отандық тауар өндірушілердің позицияларын нығайту, сондай-ақ полиграфия, кітап шығару және кітап өндірісіне жаңа технологияларды енгізу мақсатында өткізіліп отыр.

«Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы кітап саласын дамытуға ерекше тоқталды. Президент отандық кітап өнімдерін шығаруды арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша министрлік 2022 жылы 506 мың дана таралыммен 188 әдеби туындыны жарыққа шығарды. Ал 2023 жылы 295 мың дана таралыммен 101 әдеби кітап шығады деп жоспарлануда. «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы аясында бұрын еш жерде жарияланбаған туындыларды жариялап жатырмыз. Атап айтқанда, 2022 жылы жалпы таралымы 30 мың дана болатын 10 әдеби туынды жарық көрген болса, биыл тағы 14-і 42 мың дана таралыммен басылады. Олардың барлығы еліміздің кітапхана қорын толықтырады», - деді шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.

Үш күн бойына Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның және Әзірбайжанның жетекші баспалары, полиграфиялық кәсіпорындары мен кітапханалары, сондай-ақ Алматыдағы Түркия, Қытай, Иран елдерінің өкілдері және ҚР Мәдениет министрлігінің Баспа-полиграфия департаменті қатысты. Тәжікстан Республикасы тәжірибе алмаса алады, баспа, полиграфия және кітапхана саласының өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылай алады.

ХІ халықаралық кітап және полиграфиялық көрме аясында белгілі қаламгерлермен және жас авторлармен кездесулер өткізіліп, жаңа туындылар ұсынылмақ.

Балалар жылы аясында жасөспірімдердің шығармашылығын әдеби ойындар мен жұмбақтар, өлең оқу арқылы қолдауға арналған балалар бағдарламасы жоспарлануда. Оның басты қонағы Қытайдан келген атақты балалар жазушысы, «Hebei Juvenile and Cgildren's Publishing House Co., Ltd» компаниясының бас редакторы Сунь Чжожань болмақ.

24 қарашада 2021-2023 жылдары жарық көрген кітаптар арасындағы байқаудың қорытындысы шығарылады. Жеңімпаздар жеті номинация бойынша анықталады: «Жыл кітабы», «Үздік көркем әдебиет. Проза», «Үздік көркем басылым. Поэзия» «Үздік танымдық басылым», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік көркем-танымдық кітап», «Ел туралы үздік фотоальбом: тарихы, мәдениеті, географиясы, т.б.» және «Үздік аударма басылым.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға