Бүгін Алматыдағы Alatau Creative Hub орталығында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай кітапханашыларға арналған халықаралық семинар өтті.
Іс-шараға әртүрлі өңірлерден келген кітапхана саласының басшылары мен мамандары қатысып, қазіргі заманғы кітапхана ісінің өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық тұрғыда тәжірибе алмасты.
Кездесу барысында Алматы кітапханаларының заманауи мүмкіндіктері, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған бейімдеу жобалары, кітапханалық үдерістерді автоматтандыру, электронды ресурстардың қолжетімділігі және цифрландыру саласындағы инновациялық әзірлемелер таныстырылды.
Семинардың ерекшелігі — Алматы кітапханаларының шетелдік серіктестері қатысқан телекөпір болды. Оған онлайн форматта Малайзиядағы Селангор қоғамдық кітапханасының, Швецияның Ұлттық кітапханасының, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының және Саха Республикасының (Якутия) Ұлттық кітапханасының өкілдері салалық жаңалықтар мен жетістіктерімен бөлісіп, әріптестеріне құттықтау жолдады.
Сонымен қатар семинар аясында «МегаПро» автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері талқыланды. Ресейлік «Дата Экспресс» компаниясының бас директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Владимир Грибов кітапханаларға арналған бағдарламалық шешімдердің тиімділігі туралы баяндама жасады.
Семинар қатысушылар үшін озық халықаралық тәжірибені зерделеуге және кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
«Бүгінгі ғылыми семинар өте пайдалы болды. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар біз үшін аса маңызды. Шетелдік әріптестердің цифрландыру мен оқырмандармен жұмыс істеу тәсілдерімен таныстық», - деді Алматы облыстық әмбебап кітапхананың қызметкері Әлия Боранбай семинардың жоғары деңгейде өткенін бағалап.
Бұл іс-шара кәсіби мерекемен қатар, ұлттық руханиятты ұлықтайтын, кітап пен кітапхананың мәртебесін асқақтатқан мазмұнды кездесу болды.