Алматыда тротуарлар арнайы тазартқыш құралдармен жуылып жатыр

 Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда жалпықалалық сенбілік өткізу кезеңінде арнайы жуғыш құралдарды қолдана отырып, тротуарларды кешенді жуу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады.

Тазалау жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде тротуарлар су және жуғыш ерітінді беретін су шашатын арнайы техникалармен жуылады. Бұл кірді, шаңды және көшедегі қақтарды жұмсартады. Одан кейін жол саласы жұмысшылары щетканы қолдана отырып, тротуар плиткаларын механикалық тәсілмен тазартады. Соңғы кезеңде көбік пен кір қалдықтарын кетіру үшін таза сумен қайта жуылады.

Ауқымды тазалық шаралары қаланың 23 нүктесінде ұйымдастырылып, оған 48 бірлік арнайы техника мен 480 жол саласы жұмысшысы тартылған.

Тазалау жұмыстары Алматының барлық ауданындағы негізгі учаскелерді қамтиды. Атап айтқанда, Абай, Райымбек, Назарбаев даңғылдары, Панфилов, Сәтбаев, Гоголь көшелері және жүргіншілер қозғалысы қарқынды басқа да аумақтар қамтылған.

Жүргізіліп жатқан іс-шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз