Алматыда такси жүргізушілері туралы жаңа комедиялық телехикая түсіріліп жатыр

Алматыда такси жүргізушілері туралы жаңа комедиялық телехикая түсіріліп жатыр
Фото: «Хабар» агенттігі

Бүгін Алматыда такси жүргізушілері мен курьерлердің күнделікті өмірін арқау еткен «Такси» атты жаңа комедиялық телехикаяның түсірілімі басталды. Көркем туынды болғанымен, оның желісі өмірде болған шынайы оқиғаларға негізделген. Жобаны «Хабар» Агенттігі inDrive компаниясының қолдауымен жүзеге асырып жатыр.

Жаңа жобаның түсірілімі кино саласындағы қалыптасқан дәстүр бойынша басталды. Алғашқы кадр түсірілгеннен кейін түсірілім алаңында сериалдың атауы жазылған естелік тәрелке сындырылып, шығармашылық топ іске кірісіп кетті.

Осы шарада сөз сөйлеген «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев сериалдың көрермен көңілінен шығатынына сенім білдіріп, оның басты ерекшелігіне тоқталды.

«Бұл жоба бізге алғашқы таныстырылымнан-ақ ұнады. Ең қуантқаны, оны inDrive компаниясы серіктес ретінде бірден қолдады. Бұл – ойдан шығарылған емес, халықтың өз өмірінен алынған оқиға. Сериал күн сайын түрлі қиындықтарға қарамастан адал еңбек етіп, өз нәпақасын тауып жүрген мыңдаған қазақстандыққа арналады. Олар тек өз отбасын асырап қана қоймай, өзгелердің де тұрмысын жеңілдетіп жүрген жандар. Сондықтан олардың өмір жолы құрметке де, үлгі болуға да лайық», – деді Агенттік төрағасы.

«inDrive үшін бұл телехикаяны қолдау – орынды әрі компания құндылықтарына толық сай келетін қадам. Халық таңдаған сервис ретінде біз күн сайын миллиондаған адамды, олардың өмірлік оқиғаларын, эмоциялары мен тағдырларын тоғыстырамыз. Сондықтан қазіргі қаланың тыныс-тіршілігін, оның тұрғындарының өмірін шынайы, жылы әзілмен және жүрекпен баяндайтын жобаға серіктес болғанымызға қуаныштымыз», – деді Қазақстандағы inDrive маркетинг жетекшісі Алексей Понтус.

Сериалдың идея авторы әрі продюсері Александр Аксютицтің айтуынша, туындыдағы оқиғалардың ешқайсысы қиялдан құрастырылмаған.

Сценарий Қазақстанның әр өңірінде еңбек етіп жүрген такси жүргізушілері мен курьерлердің өмірден алынған оқиғалары негізінде жазылған.

«Иә, комедия. Бірақ оның астарында бүгінгі қоғамға қатысты маңызды ой жатыр. Қазір өмір бұрынғыдан әлдеқайда жылдам өзгеріп келеді. Соған бейімделу үшін адамдар жұмысын ауыстырады, жаңа кәсіп меңгереді, басқа қалаға көшеді, өмір салтын өзгертеді. Мұндай өзгерістер кейде үлкен сынақтарға, тіпті қайғылы жағдайларға әкеліп жатады. «Такси» – дәл осындай кезеңде адам өз жолын қалай табады, өзгерістерге қалай бейімделеді және өзін қалай жоғалтпайды деген сұрақтарға жауап іздейтін оқиға», – деді Александр Аксютиц.

Телехикаяның режиссері – Мерей Маханов. Басты рөлдерде танымал актерлермен қатар жас өнерпаздар да бой көрсетеді. Атап айтқанда, көрермен Бақытжан Әлпейісов, Сырым Қашқабаев, Лаура Мырзахметова, Шолпан Сіргебаева, Қамар Шерімқожанова, Анара Асан, Баден Бейбарыс, Нұрсұлтан Өкен және Досымжан Арқабековтің актерлік шеберлігін тамашалай алады.

Түсірілім жұмыстары бір жарым айға жоспарланған. Сериалдың негізгі көріністері Алматы көшелерінде түсірілетіндіктен, қала тұрғындары түсірілім барысын сырттай бақылап қана қоймай, кей сәтте оның куәсі, тіпті қатысушысы болуы да мүмкін.
Телехикая «Хабар» арнасының күзгі жаңа телемаусымында көрерменге жол тартады.

Оқи отырыңыз