Жаңалықтар

Алматыда субұрқақтар қашан қосылады

Алматыда субұрқақтар қашан қосылады
Фото: Алматы қалалық әкімдігі 29.04.2024 20:07 286

1 мамырда Алматы қаласында 60 субұрқақ іске қосылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдік мәліметінше, қала балансында барлығы 66 субұрқақ бар, оның алтауы қайта жаңғыртылуда («Одуванчик», «Аққу», «Қызғалдақ» субұрқақтары, М. Әуезов Қазақ ұлттық драма театрының алдында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ҚР Мемлекеттік мұражайы).

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында субұрқақтардың тостағандары, түптері, қабырғалары тазартылып, гранит плиталарын қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді. Мамандар субұрқақтардың сәндік элементтерін бояды, электр жабдықтары мен сорғыларына, электр энергиясының инженерлік желілеріне, суық сумен жабдықтауға және кәрізге ревизия жүргізді. Коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелері қайта консервацияланды. Дайындық жұмыстары барысында авариялық учаскелер анықталды, қазіргі уақытта инженерлік сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда, - делінген мәліметте.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуірден 8 мамырға дейін «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр, оның аясында қалада және таулар, өзендер мен көлдер аумағында қоқыстардан тазарту, ағаштарды, гүлдер мен бұталарды жаппай отырғызу, ғимараттардың қасбеттерін жуу, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалар жән спорт алаңдары  жөнделіп, айнала  абаттандырылуда.

Әкімдік әрбір алматылық қаланың тазалығы мен игілігіне үлес қоса алатынын еске салды. Толық ақпарат аlmaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналастырылған. Веб-сайтқа қала бойынша орналастырылған баннерлер, постерлер мен афишалардағы арнайы QR-код арқылы кіруге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға