Алматыда шахматтан екі ірі халықаралық турнир басталды

Алматыда шахматтан екі ірі халықаралық турнир басталды
Фото: kazchess.kz

Алматыда шахматтан бірден екі ірі халықаралық жарыс – FIDE World University Team Chess Championship финалы мен Қазақстан және әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасындағы матч өз жалауын көтерді. 

4-9 тамыз аралығында өтетін студенттер арасындағы әлем чемпионатының финалына әлемнің 16 жетекші жоғары оқу орны қатысып жатыр. Олардың қатарында Оксфорд, Кембридж және Гарвард университеттерінің командалары бар. Қазақстан атынан жарысқа Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Almaty Management University қатысады.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл жарыстың тек медаль үшін өтетін бәсеке емес екенін атап өтті.

Бүгін Қазақстан әлемнің жетекші оқу орындарының атынан келген ең үздік жас шахматшылар тоғысатын орталыққа айналып отыр. Бұл чемпионат – пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң, – деді министр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шахматтың білім беру жүйесіндегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі бес педагогикалық жоғары оқу орнында 200-ден астам студент «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Сонымен қатар 31 жоғары оқу орнында шахмат пәндерін қамтитын білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Сондай-ақ QyzPU базасында KazChessLab оқу-әдістемелік зертханасы ашылған.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов мұндай деңгейдегі турнирдің Алматыда өтуі еліміздің әлемдік шахмат қауымдастығындағы беделін айғақтайтынын айтты.

Қазақстан мен Алматының осындай тарихи жарысты қабылдауы еліміздің және ұлттық федерацияның әлемдік шахматтағы орнының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Біз үшін студенттер шахматын дамыту – басым бағыттардың бірі. Өйткені дәл университет қабырғасында кейін ғылымда, білімде және халықаралық жобаларда жалғасатын маңызды байланыстар қалыптасады, – деді Тимур Турлов.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахим оңтүстік шаһарда 236 мыңнан астам студент білім алатынын айтып, халықаралық студенттік чемпионаттың дәл осы қалада өтуінің символдық мәні зор екенін жеткізді.

1 тамыздағы орташа рейтинг бойынша жарыстың басты фавориттері қатарында Saint Louis University (2577), Ural State Mining University (2514), University of Texas at Dallas (2441) және Қазақ ұлттық спорт университеті (2420) бар.

Қазақстандық командалардың құрамында халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлер мен халықаралық шеберлер өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық спорт университеті сапында Қазыбек Нөгербек, Сәтбек Ахмединов, Арыстан Исанжулов, Меруерт Камалиденова және Әлішер Мажкенов бақ сынайды.

Сонымен қатар 4-5 тамыз күндері Алматыда 8-18 жас аралығындағы Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасында матч өтеді. Жарыс алдымен рапид, кейін блиц форматында ұйымдастырылады. Оның жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрайды.

Айта кетейік, халықаралық турнирлерді Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Оқи отырыңыз