Жаңалықтар

Алматыда шахматтан әлем чемпионаты өтеді

Чемпионат 25-30 желтоқсан аралығында болады
Алматыда шахматтан әлем чемпионаты өтеді
Фото: baq.kz 14.12.2022 15:44 1782

Алматы қаласында өтетін шахматтан әлем чемпионатына 50-ге жуық елден 300-ден астам спортшы келетіндігі күтілуде деп, хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы баспасөз брифингте Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлім етті.

«Елімізде алғаш рет шахматтан үлкен дода өткізгелі отырмыз. Жарыс 25-30 желтоқсанда өтеді. 50-ге жуық елден 300-ден астам спортшы қатысқалы жатыр. Оның ішінде әйелдер және ерлер командасы жеке қатысады. Былтыр дәл осындай чемпионатта Бибісара Асаубаева әлем чемпионатын жеңіп алған болатын. Осы жолы жарысқа Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова қатысады. Турнир Б.Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтеді. 25 желтоқсанда салтанатты ашылуы болады. Бәріңізді біздің құрама командаға жанкүйер болуға шақырамыз», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Бұған дейін шахмат федерациясы Алматы қаласында шахмат және IT саласын тереңдетіп оқытатын мектеп интернатын салу керек деп Президентке ұсыныс тастаған-ды. Аталған ұсыныс Президент тарапынан қолдау тапты. Маусым айынан бері бұл ұсынысқа қандай қадам жасалып жатқаны туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев айтып берді.

«Шахмат туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет тапсырма берген болатын. Федерациямен бірлесіп, нақты қадам жасап кешенді жұмыс жоспарына енгізетін болғанбыз. Оның ішінде 38 тақырыбы бар. Оны бектіту үшін жергілікті және орталық атқарушы органмен бірлесіп, жылдың аяғына дейін бекітіп, енгізетін боламыз», – деді.

Қазақстан шахмат федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмира Дәулетованың айтуынша, сыйлық қоры 1 млн.долларды құрайды.

«Бұрын соңды мұндай ауқымды жарыс өткізбедік. 2019 жылы Астанада командалық әлем біріншілігі өтті. Бірақ бұл жерде 100-ге жуық спортшы қатысты. Ендігі өтетін турнир ауқымды қиын болмақ. Спортшылардың дайындығы өте жақсы. Жарыс алдында Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қаржы бөлініп, спортшылар БАӘ жаттығудан өтуде. 24 желтоқсанда Алматыға оралады», – дейді ол.

Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин жарысқа сақадай сай екенін және дайындықтың жоңғары деңгейін атап өтті.
Бүгінде әйелдер командасы ерлерге қарағанда топ жарып тұр. Бетке ұстар Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева және Динара Сәдуақасова өзінің жаттықтырушысымен дайындық үстінде.

«Сондай-ақ, құрама командада Меруерт Камалиденова бар. Ол өте талантты жас қыз және 14 жасқа дейін әлем чемпионаты болған. Сонымен қатар, Әмина Қайырбекова да бар. Ол да әлем чемпионы және Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали осы қыздарымыздың бәрі әлем біріншілігіне қатысады. Тек құрама командамыз ғана емес, ұйымдастырушы 15 ер және 10 әйел кісіні жарысқа қатыстыра алады. Сол үшін елімізден жалпы 25 ойыншы қатысады», – деді Қазақстан шахмат федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға