Жаңалықтар

Алматыда Республика күніне орай мерекелік іс-шаралар өтеді

Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігінен мәлім етті
Алматыда Республика күніне орай мерекелік іс-шаралар өтеді
Фото: almaty.tv 19.10.2022 20:29 2719

Республика күніне арналған мерекелік және ресми іс-шаралар Алматының барлық сегіз ауданында өтеді. Қаланың әр жерінде түрлі конкурстар, көрмелер, жәрмеңкелер және басқа да мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz

21 қазан күні сағат 11:00-де Қазақстан-Британ техникалық университетінің әл-Фараби атындағы залында Республика күніне арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді. Аталған іс-шараға XII шақырылымдағы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің тарихи құжат қабылданған бұрынғы депутаттары, ғылыми зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, Алматы мәслихатының, қалалық мемлекеттік құрылымдардың депутаттары қатысады.

22 қазан күні сағат 12:00-де Қазақстан-Британ техникалық университетінде мемлекеттік және ведомстволық наградалар, алғыс хаттар салтанатты түрде тапсырылады.

22 қазан күні сағат 17:00-де Республика сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты концерт өтеді. Салтанатты концертке қала зиялылары, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері, саяси партиялардың өкілдері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, студенттер, әскери қызметшілер шақырылады.

23 қазан күні сағат 7:00-ден 13:00-ге дейін Charity Music Nur жаппай қайырымдылық жарысы өтеді. Жарыс Тұңғыш Президент саябағынан басталады. Қатысушылардың жоспарланған саны – 1700-2000 адам. Жарыс келесі қашықтықтарда өткізіледі: балалар жарысы (2 км – 7-14 жас), скандинавиялық серуендеу (10,5 км), 10,5 км жүгіру және 21 км. Қатысушылардың жиыны сағат 6.00-де.

25 қазан күні сағат 10:00-де «Медеу» биік тау кешенінің алдындағы алаңда «Патриотизм дауысы» акциясы аясында мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтеріледі және Әнұран орындалады. Салтанатты рәсімде мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері, саяси партиялардың көшбасшылары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, студенттер, әскери қызметшілер (құрметті қарауыл, әскери-үрмелі оркестр) болады.

Сондай-ақ, осы уақытта қаланың барлық аудандарында мемлекеттік Әнұран жаппай орындалады. (Алатау ауданы – Almaty Arena мұз сарайының аумағында, Алмалы ауданы – ҚБТУ ғимаратының алдында, Әуезов ауданы – Алматы көпсалалы колледжі ғимаратының алдында, Бостандық ауданы – MEGA Almaty – Розыбакиева, Жетісу ауданы – «Гүлдер» саябағы, Медеу ауданы – Ғылым ордасы ғимаратының алдындағы алаң, Наурызбай – аудан әкімдігі ғимаратының алдында, Түрксіб – Сауранбаев көшесіндегі Арбатта).

Әнұранды орындағаннан кейін ЖОО, колледж және әскери оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Қыран елім – Қазақстан» флешмобы өтеді.

25 қазан күні сағат 10:00-де «Ұлттық дала ойындары» республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтеді. Өтетін орны – Омаров көшесі, 10а мекенжайдағы Алматы ипподромы.

25 қазан күні сағат 17:00-де қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Астана» алаңында мерекелік концерт өтеді.

Концерттен кейін мерекелік салют болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға