Жаңалықтар

Алматыда Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы өмірден өтті

Алматыда Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы өмірден өтті
Фото: facebook.com/danaratanirbergen 03.09.2023 00:02 850

Алматыда Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы, 101 жастағы Қайырлы Жоңқабаев дүниеден озды. Бұл туралы Ұлттық ұланның ардагері Данара Тәңірбергенқызы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Панфиловшы Жоңқабаев Қайырлы Уатайұлының туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз, - деп жазды Данара Тәңірбергенқызы.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл әскер жауынгері болып алынды.

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған,  Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Белорусь, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алған. 

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық қызмет атқарған.  

1970 - 1983 ж.ж. Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді. 

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысының» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Қайырлы Жоңқабаев құрамында болған 316 атқыштар дивизиясы 1941 жылы Алматыда құрылды. Құрамындағы жауынгерлер оңтүстік өңір азаматтарынан алынды. Алдымен 1941 жылы 16-армия құрамында Мәскеуді қорғау соғысына қатысты. Дивизияны Панфилов басқарды. Соғыстағы ерлігі үшін дивизия кейіннен 8 атқыштар гвардиясы атағын алды. «Қызыл ту», «Ленин» ордендерімен марапатталды. Бұл дивизияның құрамынан 36 жауынгер «Кеңес одағының батыры» атағын алды. Оның ішінде әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров сынды батырларымыз бар. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға