Жаңалықтар

Алматыда лай көшкініне қатысты тұрғындар коттедж тұрғындарын кінәлады

Алматыда лай көшкініне қатысты тұрғындар коттедж тұрғындарын кінәлады
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 19.02.2024 03:37 563

Алматыда лай көшкінінен қаза тапқан отбасының көршілері қайғылы жағдайға еңісте тұратын көршілерін кінәлап отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Көршілері жоғарыда орналасқан коттедж тұрғындары кәріз құбырларын тартып, қоқыс төгіп жатқанын талай көрдік дейді. Соның салдарынан шамадан тыс ылғалданған топырақ беткейден сырғып кеткенін айтады.

Марқұм отбасының көршісі Рауза Қалиева осында 50 жылдан бері тұрып келеді. Ол сол сұмдық түнді қорқынышпен еске алады. Егде әйел қатты дыбыстан оянғанын айтады. Қорыққан немерелерімен жалаңаяқ көшеге жүгіріп шыққан. Бұл уақытта көрші үй қирап жатқан екен. 

Түнде ояндым, қатты гуіл болды. Жарайды, машиналар тағы соғылды деп ойладым. Немерем, шөберем, оның әйелі мен үш айлық қызы: "Мама, тез шық! Көшкін!" деп айқайлады. Балаларымның бәрі жалаң аяқ. Қар қалың жауды ғой сол күні. Барлығы жүгіріп шықты. Біз мұны түсінбедік. Мен мына жаққа қараймын, тұрған үй жоқ. Көршінің үйі тұтастай қирап қалған, – дейді көршісі Рауза Қалиева. 

Қазір зейнеткер үйіне кіруге қатты қорқады. Көшкін оның баспанасын жартылай басып қалып отыр. Бөлмелердің терезелері сынып, кей жерінде жарық пайда болыпты. Үй иелері қайғылы оқиғаға көршілерін кінәлап отыр. Олар жоғарыда орналасқан коттедждердің иелері кәріз құбырларын жүргізіп, қоқыс төгіп тастаған. Соның салдарынан дымқыл топырақ беткейден сырғып кеткен.

Қатты дыбыс естілді. Олар көшкін түсіп жатқанын айтқан кезде, қолымыздан келгенше жүгіріп шықтық. Жүгіріп шыққанда үйдің қалай қирап қалғанын көрдік. Лай көшкін үйді басып қалды. Бұл көшкіннің себебі — кәріз құбыры. Біз бұл құбырды осыдан 5-6 жыл бұрын сайттан көріп, ескерткенбіз. Үй иелеріне бардық. Үй иелері әдеттегідей есікті ашпайды. Біз ешкімді танымаймыз. Ешкім жоқ. Олар бұл құбырды неліктен жолдың үстіне қойып, бар қалдығын учаскелерге төгеді? - деді Нұргүл Қалиева.

Көшкіннен көз жұмған ерлі-зайыпты мен олардың 16 жастағы егіз ұлы жер қойнына тапсырылды. Жерлеу рәсіміне келгендердің қарасы қалың болды. Қайғыдан қан жұтқандар бұл отбасыны қашанда қуанышпен еске алатынын айтады.

Мен – әкесімін. Олар – менің балаларым, немерелерім. Қатысқан, жанашырлық танытқандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Неге бұлай болғанын білмеймін. Құдай сақтасын, мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Олар бір-бірін жақсы көрді. Сондай бақытты отбасы еді, - қайтыс болған азаматтың әкесі Ілияс Омаров.

Еске салсақ, 8 ақпан күні Алматыдағы Медеу ауданы Тау-Самал шағынауданында лай көшкіні жүріп, бірнеше адам бақилық болған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға