Жаңалықтар

Алматыда испандық суретшінің «Ай сәулесі» атты айырықша көрмесі ашылды

Алматыда испандық суретшінің «Ай сәулесі» атты айырықша көрмесі ашылды
Фото: El.kz 16.02.2023 11:00 3000

Алматы төрінде испан суретшісі Хосе Мария Каноның «Ай сәулесі» (Moon shine) атты жеке көрмесі ашылды. Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ашылған Каноның көрмесі Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматыда испандық суретшінің «Ай сәулесі» атты айырықша көрмесі ашылды

Сонымен қатар, әрі әнші, әрі суретші Хосе Мария Каноның бұл көрмесі Орта Азия елдерінде оның ішінде Қазақстанда тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылып отыр. Ал суретші Испания, жалпы Еуропа, Ресей, Қытай, Вьетнам мен Латын Америкасындағы елдерде өте танымал. Бұл жөнінде Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро былай деді:

«Қазақстанда Хосе Мария Каноның сурет көрмесін ұйымдастыру идеясы былтыр осы Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіне келгенімде туды. Дипломатия деген тек саясат қана емес, өнермен де байланысты деп ойлаймын. Сондықтан да қазақстандықтарды испан халқы өкілінің өнерімен таныстыруды дұрыс деп шештім».

1959 жылы Мадридте дүниеге келген болашақ суретші, 10 жасынан бастап сәулет институтына түсуге дайындалу үшін Рафаэль Идальго де Кавьедес академиясына, одан кейін «Artaquio» академиясына барады. Кано сәулет институтының бірінші курсында оқып жүріп энкаустика яғни «өртеп салу өнерін» сондағы суретші профессордан үйренеді.

Алматыда испандық суретшінің «Ай сәулесі» атты айырықша көрмесі ашылды

Бүгінгі көрмеге қойылған 19 картинаның барлығы осы тәсілде дайындалған туындылар. Суретшінің палитрасына кіретін негізгі байланыстырушы компонент – балауыз. Мәрмәр немесе басқа тақтаға жағылған бояулар қайтадан ерітіліп, материалға «күйдірілген» балауыз бояуларымен кескіндеу әдісі ежелгі Мысырда белгілі болған.

Алматыда испандық суретшінің «Ай сәулесі» атты айырықша көрмесі ашылды

Мысырлық қолөнершілердің балауызды қолдануы тәжірибелік ойлардан туындаған болуы мүмкін. Қабірлер мен мумияларды бояу үшін берік, уақыт бойынша өзгермейтін материалдар қажет болды. Балауыз, бояуға қосылған шайыр сияқты, осы мақсат үшін өте қолайлы болды. Жазбаша дереккөздер энкаустика техникасы туралы барлық құпияларды бермейтініне қарамастан, кейінгі ұрпақтардың оған деген қызығушылығы төмендемейді. Хосе Каноның энкаустикалық құпиясы бар сияқты, сондықтан ол балқытылған бояулармен тақталарға емес, кенепке жазады.

«Негізі бұл суретшінің шығармашылығы бес түрлі кезеңге бөлінеді. Әр кезеңде шамамен 20 жұмыстан болса, жалпы алғанда 100-ден астам жұмысы бар десек болады.  Каноның бір туындысының құны, егер мен қателеспесем, Хоспис аукционында 4000$ сатылған болатын» - дейді, Елші мырза.

Алматыда испандық суретшінің «Ай сәулесі» атты айырықша көрмесі ашылды

2002 жылдан кәсіби түрде жұмыс істей бастаған Кано бұл көрмесіндегі туындыларында түнгі шырақтың жұмбақ жарығын бейнелеуге тырысқандай. Романтикалық-аңызға айналған Ай тақырыбы әрқашан Хосе Каноны қызықтырып келеді. Ол «Мекано» поп-тобында әнші болған кезінде өзінің ең танымал әні - «Ай баласы» балладасын түнгі жарыққа арнады. Кейінірек Кано Лондонда қойылған «Ай» операсын жазды, ол операның премьерасында Пласидо Доминго басты партияны шырқаған екен.

Айта кетейік, Каноның бұл көрмесі Алматыда 5 наурызға дейін болып, содан кейін Астана жұртшылығына таныстырылатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға