Алматыда Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің есімі бар көше пайда болды. Қаладағы атауы жоқ көшелерге жаңа атау беру туралы шешім аясында мәнерлеп сырғанаушының есімі Бостандық ауданындағы көшелердің біріне берілді. Сонымен қатар ғылым, әдебиет, мәдениет және спорт саласында елге еңбегі сіңген ондаған тұлғаның есімі ұлықталды.
Денис Тен көшесі қай жерде орналасқан?
Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен қаулысына сәйкес, Бостандық ауданындағы «Архат» шағынауданының бұрынғы 7-көшесі енді Денис Тен көшесі деп аталады. Бұл – Алматыдағы атауы жоқ 150-ден астам көшеге жаңа атау беру жұмыстарының бір бөлігі. Қаулы Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы көшелерді қамтыды.
Денис Тен – Қазақстан тарихындағы ең табысты мәнерлеп сырғанаушылардың бірі. Ол 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алып, еліміздің қысқы спорт тарихында жаңа белеске жол ашты.
Спортшы сондай-ақ әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Төрт құрлық чемпионатының чемпионы атанды. Оның өнері халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортының дамуына серпін берді.
2018 жылдың 19 шілдесінде Денис Тен Алматыда қаза тапты. Оның өмірден ерте кетуі қазақстандықтарды ғана емес, әлемдік спорт қауымдастығын да күйзелтті. Кейін спортшының құрметіне халықаралық турнирлер ұйымдастырылып, ескерткіш қойылды. Енді оның есімі туған қаласының көшелерінің біріне беріліп отыр.
«Архат» шағынауданында тағы қандай атаулар берілді?
Қаулыға сәйкес, «Архат» шағынауданындағы бірнеше көшеге белгілі тұлғалардың есімі берілді:
- 2-көше – Әмен Қайдаров;
- 3-көше – Байдұлла Сабдыкеев;
- 4-көше – Сарқан;
- 5-көше – Ғаббас Жұматов;
- 7-көше – Денис Тен.
Ал кейбір тұйық көшелер Сілеті және Хромтау атауларын иеленді.
Алматы көшелеріне тағы кімдердің есімі берілді?
Жаңа қаулы аясында қала көшелеріне қазақ ғылымы, әдебиеті, мәдениеті мен спортының көрнекті өкілдерінің есімдері де берілді.
Олардың қатарында:
- жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов;
- академик Рабиға Сыздық;
- археолог Карл Байпақов;
- ғалым Қайым Мұхамедханов;
- тілтанушы Әбдуәли Қайдар;
- театр қайраткері Наталья Сац;
- ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Анатолий Храпатый және басқа да тұлғалар бар.
Сонымен бірге жаңа көшелерге Ақтау, Жаңаөзен, Үшарал, Бозжыра, Ерейментау, Ақсарай, Шаңқобыз сияқты тарихи-географиялық атаулар да берілді.
Көшелерге белгілі тұлғалардың есімін беру – олардың ел тарихы мен қоғам дамуына қосқан үлесін ұлықтаудың бір жолы. Денис Теннің есімінің Алматы көшелерінің біріне берілуі – оның спорттағы жетістіктеріне ғана емес, Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға қосқан үлесіне көрсетілген құрмет. Жаңа атаулар ресми жарияланғаннан кейін заңды күшіне енді. Осылайша Алматы қаласының картасында ел тарихында із қалдырған тұлғалардың есімі тағы бір мәрте жаңғырды.