Жаңалықтар

Алматыда БАҚ-тағы медиадизайнның рөлін дамыту мәселелері талқыланды

Алматыда БАҚ-тағы медиадизайнның рөлін дамыту мәселелері талқыланды
Фото: © Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 04.04.2023 20:40 1491

Алматыда «Қазіргі БАҚ пен баспа ісінің брендін қалыптастырудағы медиадизайнның рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұстаз, ғалым, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аязби Бейсенқұловтың 60 жасқа толу құрметіне орай «Қазіргі БАҚ пен баспа ісінің брендін қалыптастырудағы медиадизайнның рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Алматыда БАҚ-тағы медиадизайнның рөлін дамыту мәселелері талқыланды

Аралас форматта (онлайн және офлайн) өткен шараның шымылдығы мерейтой иесінің қызметі мен өмір жолына арналған «Сегіз қырлы, бір сырлы Аязби» атты шағын деректі фильмнің көрсетілімімен түрілді. Содан кейін модератор - журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұржан Қуантайұлы мерейтой иесін ұжым атынан құттықтап, білім саласына қосқан зор үлесі үшін университет басшылығының арнайы құттықтау хатын оқып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тағып, иығына шапан жауып құрмет көрсетті.

Алматыда БАҚ-тағы медиадизайнның рөлін дамыту мәселелері талқыланды

Ресми баяндаманы ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып бастап, бүгінгі көтеріліп отырған тақырыптың маңыздылығын айтып өтіп, осы салада тер төгіп келе жатқан Аязби Бейсенқұловтың еңбегіне жалпылама тоқталды.

«Аязби журналистік білім берудің қыр-сырын, осы саладағы нормативтер мен нұсқаулықтарды жақсы біледі, білім беру стандарттарын жетілдіруге үлесін қосты және оқулықтар жазуға атсалысқан. 2012-2014 жылдары «Хабар» агенттігі» АҚ «Білім» телеарнасының бас редакторы ретінде білім беру бағытындағы мемлекеттік жаңа арнаның қалыптасуы мен эфирге шығуына үлкен еңбек сіңірді. Шығармашылық ұжымды басқарып, танымдық және білім берушілік бағыттағы контенттің дамуына елеулі үлес қосты» - дей келе, баяндамасының соңында курстасы Аязби Ақбергенұлы туралы жас күндерінен әдемі естеліктер айтып, сөзінің аяғын өлең шумақтарымен аяқтады.

Қазақстан Журналистер Академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қабашұлы сөз алып, мерейтой иесін құттықтап сөз сөйлеп, иығына арнайы алып келген шапанын жапты.

«Аяздың бойындағы асыл қасиеттің бірі – оның қауымшылдығы. Ол – «менің атым жүре тұрсын, өзгенікі тоқтай тұрсынның» қатарынан емес. Керісінше, қай ұжымда жүрмесін, өз шаруасын былай қойып, ортақ іске барын салады» - деді, ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы.

Алматыда БАҚ-тағы медиадизайнның рөлін дамыту мәселелері талқыланды

 Конференцияда офлайн сөйлегендер: филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Хамзаұлы сынды аға буын өкілдері сол заман мен бүгінгі күндегі бұқаралық ақпарат құралдарын безендіру ісіндегі өзгешеліктерге жан-жақты тоқталып өтті.

Сонымен қатар, конференцияға онлайн қатысып сөз алғандар: ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, журналист, Ермұрат Бапи, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қайрат Өмірбайұлы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Журналистика кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мәншүк Мұқашевалар да конференцияға арқау болған тақырып жөнінде өз пікірлерін айта келе, Аязби Ақбергенұлының БАҚ-ты безендіру саласындағы елеулі еңбегін тілге тиек етті.  

Осы жиында сондай-ақ «Қазығұрт» баспасының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, баспагер-ұстаз Темірғали Көпбаев, Қазақ радиосындағы «Інжу-маржан», «Терме» хабарларының авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист Қойшығұл Мұстафаұлы әріптес ретінде сөз сөйлеп, мерейтой иесінің болмыс-бітімін, оның мамандығына адал еңбегін, өміріне арқау болған ісіне деген махаббатын айшықтап өтсе, Сүлеймен Демирель атындағы университеттің Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті деканы, PhD докторы Мадияр Саудбаев шәкірттері атынан сөз алып мерейтой иесінің артынан келе жатқан ізбасарларының ізгі тілегін жеткізді.

Конференция соңында осы шараны ұйымдастырушы Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Айгүл Рамазан сөз алып бүгінгі шараның маңыздылығы жайлы былай деді:

«Бүгінгі таңдағы өте өзекті мәселенің бірі - БАҚ пен баспа ісіндегі медиадизайнның дамуы. Қазіргідей ақпарат ғасырында контентті дамытуда медиадизайнның ықпалы ерекше. Біздің мақсат заманға сай мамандар даярлау, сол үдеден шыға білетін мықты оқытушы-мамандарды тарту. Аязби Бейсенқұлов «Медиадизайн» оқу бағдарламасы бойынша магистранттарға дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізіп жүр. Сөздың шыны керек, Аязби Ақбергенұлын біздің магистранттар өздері қалап, «Аязби ағай бізге неге дәріс бермейді?» деп сұрау салды. Қазір еркіндік заманы ғой, бұрын біздің кезімізде бұлай ұстаз таңдау былай тұрсын, ойымызды ашық жеткізе алмаушы едік қой» деп, мерейтой иесінің не себепті кафедраға дәріс беруге шақырылғанын айтып өтті.

Алматыда БАҚ-тағы медиадизайнның рөлін дамыту мәселелері талқыланды

Сонымен қатар осы конференция аясында Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйтқы болуымен әзірлерген ғылыми жинақтың тұсауы кесілді.

Айта кетейік, Аязби Бейсенқұлов - Халықаралық телевизия және радио академиясының (IATR) толық мүшесі. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығымен 2 мәрте марапатталған. «Қазақ радиосы мен телевизиясының үздігі» атағына ие болған. Ол ғылыми, әдістемелік оқу құралдары мен публицистикалық еңбектер және деректі фильмдердің авторы ретінде де танымал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға