Жаңалықтар

Алматыда балаларына тиісінше тәрбие бермеген 23 адам ата-ана құқығынан айырылды

Алматыда балаларына тиісінше тәрбие бермеген 23 адам ата-ана құқығынан айырылды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 12.09.2023 14:44 525

Алматыда балаларына тиісінше тәрбие бермеген 23 адам ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Полиция қызметінің басым бағыттарының бірі – балалардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, сондай-ақ балалардың панасыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу. Алматы полициясы барлық мүдделі қызметтермен, мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ұйымдастыру-тәжірибелік шараларды қолға алуда. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу әдістерінің бірі құқық бұзушылық жасауға бейім кәмелетке толмағандарды ертерек анықтау, әрі қарай жеке жұмыс жүргізу болып табылады.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен жалпықалалық 13 жедел алдын алу іс-шара өткізілді. 357 жасөспірім, сондай-ақ 380 қолайсыз отбасы анықталып, есепке алынды. Бүгінгі таңда ІІО-да есепте 393 кәмелетке толмаған жасөспірім және 583 қолайсыз отбасы бар. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына 653 кәмелетке толмаған бала орналастырылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде (сағат 22.00-ден кейін) және тұрғын үйлерден тыс жерде (сағат 23.00-ден кейін) болғаны үшін 5640 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің басшысы Жанна Шонжанова.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алудың негізгі тұтқаларының бірі қала және аудандар әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялармен өзара іс-қимыл саналады Жыл басынан бері комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қатысты түрлі деректер бойынша 250 материал қаралып, 23 ата-анаға ата-ана құқығынан айыру түріндегі шара қолданылды. Тағы 539 ата-ана балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға