Алматы маңындағы Көкжайлау шатқалында жаңа Almaty Superski тау шаңғысы курортын салу жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес, нысан 2028 жылғы желтоқсанда ашылады. Курорт күніне 10 мыңнан астам шаңғышыны қабылдай алады. Оның атауы Италиядағы ең ірі тау шаңғысы аймағы – Dolomiti Superski атауымен үндеседі. Италиядағы осы шаңғы аймағының інжу-маржандарының бірі – Доломит Альпісіндегі Альта-Бадия аңғары. Бұл өңір тау шаңғысы демалысын ерекше оқиғаға айналдырудың үлгісін көрсетіп отыр.
Альта-Бадиядағы шаңғы тарихы қалай басталды?
Альта-Бадиядағы тау шаңғысы тарихы Корвара ауылынан бастау алады. Мұнда алғашқы шаңғы мектебі 1934 жылы ашылған.
Бірнеше жылдан кейін Коль-Альт төбесінде алғашқы көтергіш іске қосылды. Ол кезде шаңғышыларды жоғарыға қар үстімен тартылатын үлкен шаналар арқылы жеткізген.
Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс көтергіштің жұмысын да, туристер ағынын да тоқтатты. Соғыс аяқталған соң жергілікті кәсіпкер әрі энтузиаст Эрих Костнер сол төбеде орындықты аспалы жол салуға бел буды.
Италиядағы алғашқы орындықты аспалы жолды сол кездегі қолда бар материалдардан құрастырған. Ағаш тіректер соғыстан кейін қалған танктердің темір тақталарына бекітілген.
Италияның Көлік министрлігі бұл нысанды 1947 жылғы Рождество қарсаңында пайдалануға қабылдады. Елдің көтергіштер тізілімінде ол әлі күнге дейін бірінші нөмірмен тіркелген.
Алғашқы аспалы жол сағатына 163 адамды тасымалдаған. Бүгінде оның орнында сағатына 2400 шаңғышыны жоғары көтере алатын сегіз орындық гондола жұмыс істейді.
Алты аңғарды біріктірген бір идея
Алғашқы аспалы жолдың жетістігі жаңа көтергіштердің салынуына жол ашты. Біртіндеп Корвара көршілес Ла-Вилла және Сан-Кассиано ауылдарымен аспалы жолдар арқылы байланыстырылды.
Эрих Костнер басқа аңғарлардың өкілдеріне барлық көтергіштерге ортақ бірыңғай абонемент енгізуді ұсынды. Бұл идея талқыланған кездесу Корварадағы қонақүйлердің бірінде өткен.
Осылайша, 1974 жылы Dolomiti Superski бірлестігі құрылды. Бастапқыда оған алты аңғар кірді. Кейін Мармолада қосылған соң бірлестік қазіргі ауқымына жетті.
Тау шаңғысы курорты тұтас индустрияға айналды
Аспалы жолдарға сұраныстың артуы өңірде арнайы өндіріс орындарының пайда болуына ықпал етті. Корварадағы алғашқы орындықты көтергішті салған Leitner компаниясы бүгінде әлемнің көптеген еліне аспалы жол жабдықтарын шығарады.
Сонымен қатар жасанды қар өндіру жүйелерін жасайтын TechnoAlpin компаниясы да осы өңірде пайда болды. Қазіргі таңда Доломит Альпісіндегі жаңа көтергіштердің басым бөлігі жергілікті компаниялардан сатып алынады.
Альта-Бадия аңғары Тұрақты туризм жөніндегі жаһандық кеңестің сертификатына ие. Бұл өңірдің табиғат пен жергілікті мәдениетті сақтай отырып, туризмді дамытуға басымдық беретінін көрсетеді.
Курорт қанша табыс табады?
Dolomiti Superski бірлестігіне аспалы жолдарды басқаратын шамамен 130 компания кіреді.
Бір маусымда олар 3,6 миллион шаңғы абонементін сатады. Ал қыс мезгілінде туристер Доломит Альпісіндегі көтергіштерді 183 миллион рет пайдаланады.
Бірлестіктің жылдық айналымы бірнеше жыл бұрын шамамен 300 миллион еуро болған.
Тек шаңғы трассалары мен көтергіштерде 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұған қонақүйлер, мейрамханалар, жабдықтарды жалға беру орталықтары мен шаңғы мектептерінің мыңдаған қызметкері қосылады.
Курорт табысының едәуір бөлігін инфрақұрылымды жаңартуға қайта инвестициялайды. Өткен маусымның алдында бірлестікке кіретін компаниялар жаңа көтергіштер мен қар зеңбіректеріне 215 миллион еуро жұмсаған.
Ал биыл күзде көтергіштерді, трассаларды және жасанды қар жүйелерін жаңартуға тағы шамамен 100 миллион еуро инвестиция салынды.
Жалпы, Италиядағы қысқы туризм бір маусымда 12 миллиард еуродан астам табыс әкеледі.
Бір абонементпен 1200 шақырым трассада сырғанауға болады
Dolomiti Superski ортақ абонемент жүйесі арқылы оннан астам тау шаңғысы аймағын біріктіреді. Бір билетпен жалпы ұзындығы 1200 шақырым болатын трассаларда сырғанауға мүмкіндік бар.
Альта-Бадия әйгілі Sella Ronda шаңғы бағытының құрамына кіреді. Шаңғышылар бір күн ішінде Селла тау массивін айналып өтіп, көршілес аңғарларға түсіп, қайта көтеріле алады.
Доломит Альпілері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Күн батар кезде қызғылт түске боялатын жартастардың көрінісі мұнда шаңғы трассалары мен көтергіштер секілді туристік құндылық саналады.
Michelin жұлдызды аспаздар тауда тамақ әзірлейді
Альта-Бадияның басты ерекшеліктерінің бірі – тауда орналасқан шағын мейрамханалар мен демалыс орындары. Жергілікті ладин тілінде оларды «ютия» деп атайды. Әрқайсысының жеке ас мәзірі мен шарап картасы бар.
Курорт жыл сайын «Дәммен сырғанау» («Skiing with a Taste of») бағдарламасын ұйымдастырады. Оның аясында Michelin жұлдызы бар он аспазға бір-бір тау мейрамханасы бекітіліп, олар сол орынға арнап арнайы тағам әзірлейді. Бұл тағамдар бүкіл маусым бойы ұсынылады.
Мұндай асхананың дәмін тату үшін бірнеше ай бұрын үстел брондаудың қажеті жоқ. Шаңғы киімімен-ақ мейрамханаға кіріп, аспаздардың авторлық тағамдарына тапсырыс беруге болады.
Өткен қыста осындай мейрамханалардың бірінде сәбіз езбесі мен түймедақ қосылған грильде дайындалған қой етінен жасалған котлет ұсынылған.
Дәмді тағам әрі қайырымдылық
Бағдарламаның тақырыбы әр маусым сайын жаңартылып отырады. Биылғы қыста аспаздар өсімдіктерден, шөптерден, тамырлардан, гүлдер мен тұқымдардан шабыт алмақ.
Бағдарлама аясында сатылған әр тағамнан курорт «Мүмкіндігінше жақсы өмір» қайырымдылық қорына 3 еуродан аударады.
Гастрономиялық маусым тау мейрамханаларын аралауға арналған шаңғы саяхатымен ашылады. Қонақтар бір трассадан екіншісіне ауысып, Michelin жұлдызды аспаздардың тағамдарынан дәм татып, олармен жеке таныса алады. Әр тағамға Оңтүстік Тироль шараптары ұсынылады.
Сейсенбі күндері шаңғы нұсқаушысымен бірге сомельелер де трассаларға шығады. Шағын топ тау мейрамханаларын аралап, әр аялдамада жергілікті шараптардың ерекшеліктерімен танысады.
Ал Гран-Риза трассасында әлем кубогының кезеңдері өтетін күндері туристерге таңғы сырғанау ұйымдастырылады. Қар басқан тап-таза беткеймен төмен түскен қонақтарды жергілікті фермерлердің өнімдерінен әзірленген таңғы ас күтеді.
Таудағы мейрамханаларға Michelin жұлдызды аспаздар келеді
Альта-Бадиядағы гастрономиялық бағдарламаның басты ерекшелігі – Michelin жұлдызы бар аспаздардың тікелей тау бөктерінде тамақ әзірлеуі.
Олардың қатарында Падуя маңындағы Le Calandre мейрамханасының аспазы Массимилиано Алаймо, әйгілі Da Vittorio мейрамханасының иелері әрі аспаздары Кикко мен Бобо Череа, сондай-ақ Абруццодан келген Нико Ромито бар.
Өткен маусымда трассалар бойында жалпы саны 16 Michelin жұлдызы бар он аспаз жұмыс істеген. Олардың үшеуі табиғатқа жауапкершілікпен қарағаны үшін «Жасыл жұлдыз» иеленген.
Аңғардың өзінде де Michelin жұлдызы бар мейрамханалар кездеседі. Олардың ең көнесі Корварадағы La Perla қонақүйінде орналасқан. Бұл мейрамхана 2002 жылдан бері Michelin жұлдызын сақтап келеді.
Мейрамхананың бас аспазы Симоне Кантафио Калабрияда дүниеге келген және Жапонияда ұзақ жыл жұмыс істеген. Сондықтан оның тағамдарында Альпі мен Шығыс асханасының ерекшеліктері үйлесім тапқан. Мейрамхананың ішкі көрінісі ескі ағашпен безендіріліп, жайлы ауыл үйінің атмосферасын қалыптастырады.
Биыл аңғардағы Бадия ауылындағы мейрамхана екінші Michelin жұлдызын иеленді. Оның басты ерекшелігі – Доломит ормандарында кездесетін сирек ақ саңырауқұлақ.
Тау бөктеріндегі дәстүрлі асхана
Тау мейрамханаларында күрделі авторлық тағамдармен қатар, қарапайым ладин асханасының тағамдары да ұсынылады.
Корварадағы мейрамханалардың бірі фермерлік сары май мен шалфей қосылған тұшпарасымен танымал.
Ал теңіз деңгейінен екі шақырымнан астам биіктікте орналасқан мейрамхананы бір отбасы отыз жылдан бері басқарып келеді. Мұнда ет арнайы көмір пешінде дайындалады, ал десерттерді аспаздар өздері пісіреді.
Шаңғы тебуден кейін туристер ыстық шоколад немесе жұмыртқа ликері, бренди және көпіршітілген кілегейден жасалатын жылы Bombardino сусынымен жылынады.
Туристерге арналған қолайлылықтар
Жергілікті қонақүйлерде тоқтаған туристерге тегін көлік картасы беріледі. Оның көмегімен Оңтүстік Тирольдегі қоғамдық көліктің барлық түрін, соның ішінде шаңғы автобустарын пайдалануға болады.
Альта-Бадия мен көршілес Кронплац курортының арасында әр 20 минут сайын тегін шаңғы автобусы қатынайды.
Туристерге шаңғы жабдықтарын өздерімен бірге алып жүрудің де қажеті жоқ. Көтергіштердің төменгі станцияларында белгілі брендтердің жабдықтарын жалға беретін орындар жұмыс істейді. Сондай-ақ сақтау камераларында аяқкиім мен дулығаға арналған жылыту және кептіру жүйелері бар шкафтар қарастырылған.
Жабдық жалға беретін орталықтардың бірінде шаңғы маскасына бекітілетін камера да беріледі. Оның көмегімен түсірілген шаңғы тебу сәттерін туристер үйіне естелік ретінде алып кете алады.
Демалыс қанша тұрады?
Биылғы қыс маусымында Dolomiti Superski бірыңғай абонементінің жоғары маусымдағы бір күндік бағасы – 89 еуро. Желтоқсанның басы немесе қаңтардың соңы секілді туристер аз келетін кезеңдерде баға 80 еуроға дейін төмендейді. Алты күндік абонементті сатып алу тиімдірек. Жоғары маусымда оның құны 453 еуроны құрайды.
2019-2023 жылдар аралығында туған балалар ересек адамның ақылы абонеметі болған жағдайда тегін сырғанай алады. Егер билетті сырғанау басталғанға дейін кемінде екі күн бұрын онлайн сатып алса, 5 пайыздық жеңілдік беріледі.
Тау мейрамханаларында тамақтану да салыстырмалы түрде қолжетімді. Туристердің пікірінше, гуляш сорпасының бағасы 6-7 еуро шамасында. Ал паста, пицца немесе ризотто 8-12 еуро тұрады. Көптеген мейрамханада тағамды даяшы үстелге дейін жеткізеді.
Жаз мезгілінде биік таудағы Pisciadù мейрамханасында таңғы және кешкі асы бар бір түндік демалыс 68 еуродан басталады.
Курорт тек шаңғышыларға арналмаған
Альта-Бадияда шаңғы теппейтін туристер үшін де қысқы жаяу бағыттар әзірленген. Солардың бірі Арментара шалғындары арқылы Санта-Кроче қажылық шіркеуіне дейін апарады. Жол бойында тау мейрамханасына тоқтап, түскі ас ішуге болады.
Жаңадан үйренушілер мен балалы отбасылар үшін еңісі жайпақ, мұқият дайындалған трассалар қарастырылған. Ал тәжірибелі шаңғышылар әлем кубогының кезеңдері өтетін Гран-Риза бағыты бойынша өз мүмкіндіктерін сынай алады.
Қазақстан үшін қандай тәжірибе маңызды?
Альта-Бадияның тәжірибесіне қарасақ, Қазақстанға да ірі тау туристік кластерін дамыту маңызды екені байқалады. Мұндай жобалар тек демалыс инфрақұрылымын қалыптастырумен шектелмейді. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына, шетелдік туристер ағынының артуына және елге валюталық түсімнің келуіне ықпал етеді.
Алматы Іле Алатауының етегінде орналасқан. Өңірде қарлы қыс, күн шуақты ауа райы және тау туризмін дамытуға қолайлы табиғи жағдай бар. Егер Almaty Superski жобасы инфрақұрылым, қызмет көрсету сапасы, экологиялық жауапкершілік және туристік ұсыныстардың әртүрлілігі тұрғысынан жүйелі дамыса, ол халықаралық деңгейдегі танымал туристік орталықтардың біріне айналуы мүмкін.
Италия тәжірибесі көрсеткендей, табысты тау шаңғысы курорты тек көтергіштер мен трассалардан тұрмайды. Оның негізінде көлік қолжетімділігі, сапалы сервис, жергілікті кәсіпкерлік, гастрономия, мәдениет және табиғатты сақтау секілді бағыттар өзара үйлесуі керек. Қазақстан үшін де осы кешенді тәсіл маңызды.