Almaty SuperSki 2028 жылы ашылады: Алматы тауларында 11 аспалы жолды кім салады?

Almaty SuperSki 2028 жылы ашылады: Алматы тауларында 11 аспалы жолды кім салады?
Фото: Үкімет

Алматы тауларында Almaty SuperSki тау шаңғысы курортының құрылысы белсенді кезеңге өтті. Аспалы жолдардың іргетасы құйылып, қажетті жабдықтарды өндіру басталды. Жобаға Франция, Дания, Канада және Швейцарияның жетекші сәулет және инженерлік компаниялары қатысып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс қарқынын жеделдетіп, кешенді 2028 жылдың желтоқсанында іске қосуды тапсырды. 

Жобаның жүзеге асырылу барысы Kazakh Tourism Development Ltd. директорлар кеңесінің отырысында талқыланды. Үкіметтің ресми ақпаратына сәйкес, құрылыс жұмыстары қарқын алып, болашақ курортқа қажетті жабдықтарды дайындау да басталған.

Франциялық POMA 11 аспалы жол салады

Жобаның негізгі кезеңдерінің бірі – аспалы жолдардың құрылысын бастау. Францияның POMA компаниясы қазақстандық тараппен бірлесіп, олардың іргетасын құюға кірісті. Сонымен қатар компания Almaty SuperSki жобасының техникалық талаптарына сәйкес арнайы жабдықтар дайындап жатыр.

Жалпы, POMA Алматы тауларында 11 аспалы жол салады. Олар курорттың негізгі инфрақұрылымының бір бөлігі болып, келушілердің станциялар мен шаңғы тебу аймақтары арасында қатынауын қамтамасыз етеді.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – қажетті жабдықтардың кейбір бөлшектері Қазақстанда өндіріледі. POMA отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін бағалап, аспалы жол конструкцияларының жекелеген элементтерін шығаруға қазақстандық өндірушілердің бірін іріктеген.

Өндірілетін өнім еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес болуы керек. Үкімет мұндай ынтымақтастық технология алмасуға және елімізде жаңа өндірістік құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтеді. Алайда әзірге отандық кәсіпорынның атауы, тапсырыс көлемі мен құны жарияланған жоқ.

Курорттың сәулеттік келбетін дат компаниясы әзірлейді

Almaty SuperSki жобасының тау ауылына қатысты сәулеттік тұжырымдаманы Данияның Bjarke Ingels Group (BIG) компаниясы әзірлейді. Компания бұл жұмысты 24 халықаралық ұйым қатысқан конкурстың нәтижесінде жеңіп алған.

Жобаның жалпы сәулеттік тұжырымдамасын бұған дейін британдық Foster + Partners бюросы дайындаған.

Дат сәулетшілері жұмысқа тау шаңғысы курорттары мен таулы аумақтарды жобалауға маманданған канадалық Ecosign компаниясын да тартады. Оның портфелінде 46 елде жүзеге асырылған 1000-нан астам жоба бар.

Ecosign тау курорттарындағы қонақүй, тұрғын үй және спорт нысандарын өзара байланыстырып, келушілерге қолайлы қозғалыс жүйесін қалыптастыру тәжірибесіне ие. Компания қолданатын ski-in/ski-out қағидаты бойынша туристер тұратын жерінен шаңғы трассасына тікелей шығып, қайта орала алады. Бұл көлікке немесе қосымша тасымал қызметіне деген қажеттілікті азайтады.

Станциялардың құрылысын швейцариялық компания жобалайды

Almaty SuperSki кешенінің негізгі екі нысаны – Базалық және Жоғарғы станциялардың ағаш тірек конструкцияларына Швейцарияның Blumer–Lehmann компаниясы жауап береді.

Оның міндетіне конструкцияларды жобалау, дайындау, жеткізу және монтаждау жұмыстарына техникалық қолдау көрсету кіреді. Яғни компания тек жобалық шешім әзірлеп қана қоймай, құрылысқа қажетті элементтерді өндіруге және оларды орнатуға да қатысады.

Осылайша, Almaty SuperSki жобасында бірнеше халықаралық компанияның міндеттері бөлінген. Foster + Partners жалпы сәулеттік тұжырымдамаға, Bjarke Ingels Group тау ауылының жобасына, Ecosign курорт инфрақұрылымын жоспарлауға, Blumer–Lehmann станциялардың конструкцияларына, ал POMA аспалы жолдарға жауап береді.

Бектенов құрылысты жеделдетуді тапсырды

Kazakh Tourism Development Ltd. бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев директорлар кеңесінің отырысында құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады.

Соған қарамастан Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысты жеделдетіп, курортты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосуды тапсырды. Бұл мерзімге дейін аспалы жолдармен қатар, кешеннің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылым да дайын болуы тиіс.

Жоба барысы Үкіметтің бақылауында болады. Директорлар кеңесінің келесі отырысы екі аптадан кейін өтеді. Сол кезде жауапты тұлғалар құрылыс жұмыстарының барысы туралы жаңа есеп ұсынуы керек.

Алматыға қандай туристік мүмкіндік береді?

Almaty SuperSki Алматының тау туризмін дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады. Бұған дейінгі жоспарларда курорт аумағында жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын шаңғы трассаларын салу және күніне 10 мыңнан астам шаңғышы қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.

Тау ауылының жобасы туристік инфрақұрылымды, көлік жүйесін және шаңғы тебу аймақтарын біртұтас кешенге біріктіруді көздейді. Бұл келушілер үшін қозғалысты жеңілдетіп, қонақүй және қызмет көрсету салаларының дамуына мүмкіндік туғызуы мүмкін.

Дегенмен курорттың нақты мүмкіндіктері іске қосылған кезде қандай нысандардың және қандай көлемде дайын болатынына байланысты болады.

Қазір жобада аспалы жолдардың іргетасын құю басталып, жабдықтар өндірісі қолға алынған. Халықаралық сәулет және инженерлік серіктестер де анықталған. Үкіметтің межесі бойынша, Алматыдағы жаңа тау шаңғысы курорты 2028 жылдың желтоқсанында ашылуы тиіс.

Оқи отырыңыз