Жаңалықтар

Алматы облысының «цифрлық көшірмесі» жасалады

Алматы облысының «цифрлық көшірмесі» жасалады
Фото: gov.kz 24.12.2023 21:31 611

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төралығымен «Алматы облысының цифрлық көшірмесі» жобасын қарастыру бойынша жиналыс өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің өзара іс-қимылын жеңілдету, сондай-ақ негізгі салалардың қызметінің деректерін екі және үш өлшемде жинау және талдау мақсатында «Алматы облысының цифрлық көшірмесі» жобасы әзірленді. Жобаның артықшылықтары қолданыстағы инженерлік инфрақұрылымның тиімділігін тексеруге, қайта бағалауға және бюджеттік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты әкімдіктің және оның құрылымдық бөлімшелерінің ішкі процесстерін, аналитикалық және бағдарламалық түрде визуализациялау мүмкіндігі бар кеңістікте облыстың Цифрлық көшірмесін жасау арқылы өзара іс-қимыл процестерін оңайлату болып табылады.

Жиналыс барысында жобаның жалпы орындалу барысы бойынша цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Сәбит баяндады.

Жоба шеңберінде облыстың проблемалық мәселелерінің, жер учаскелерінің, ветеринариялық станциялар мен мал қорымдарының, Қонаев қаласының камераларының, ерекше қорғалатын аумақтардың, құрылыс объектілерінің, қылмыстар бойынша тақырыптық үш өлшемді және екі өлшемді карталары іске асырылды.

Сондай-ақ, жүйелі шешімдер қабылдауға көмектеседі және әкімдік пен оның құрылымдық бөлімшелерінің процестерін автоматты режимде жеңілдетеді.

Бүгінгі күні әкімдіктің барлық мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің жауапты қызметкерлері анықталып, тиісті жұмыс тобы құрылғаны айтылды.

Цифрлық көшірме жобасы Smart City тұжырымдамасының құрамдас бөлігі болып табылады.

Жиналыс барысында Цифрлық көшірме жобасы шеңберінде қалақұрылыстық кеңістікті қалыптастыру бойынша, аумақтың және облыс елді мекендерінің қызмет көрсету деңгейін арттыру жөнінде сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков, жолдарға және жол бойындағы қондырғыларды қадағалауды жүзеге асыру мәселесі туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов, жылу желілері бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау мен жүзеге асыруды және олардың күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуін бақылау мақсатында инженерлік желілердің цифрлық картасы, нақты жасалған жұмыстар бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асхат Бердіханов баяндады. Инженерлік желілердің карталары елді мекеннің инженерлік желілерінің өзекті жай-күйін көруге, елді мекендерді одан әрі дамыту мен инженерлік желілермен қамтуды жоспарлауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге жоба аясында қосылған:

- инженерлік инфрақұрылым объектілері – 8967 дана (трансформаттар, сорғы станциялары, шкафтар және т. б.);

- Инженерлік желілердің желілік объектілері – 374 416 дана, ұзындығы - 10 483,05 км, оның ішінде: 4900 км астам құбырлар, 6200 км астам телекоммуникация, энергиямен жабдықтау және жарықтандыру желілері;

- Инженерлік желілердің нүктелік объектілері – 413 288 дана, оның ішінде: 40 мыңнан астам құдықтар, 24 мыңнан астам жарықтандыру бағаналары, 129 мыңнан астам газбен жабдықтау объектілері, 16 мыңнан астам телекоммуникация тіректері.

Қоғамдық және жол қауіпсіздігі бағыттағы атқарылған жұмыстар бойынша полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов атқарылған жұмыстарын баяндады.

2022 жылдан бері жобаны іске асырып отырған орандаушысы «KazAeroSpace» ЖШС-ның атқарушы директоры Ахмет Ахметов келесі жылға жоспарланған жұмыстар туралы айта кеткен.

Айта кетсек, 2023 жылғы 12-13 қазанда Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаевтың қатысуымен өткен «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумында Алматы облысының цифрлық көшірмесі жобасы күміс жүлдегер атанды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға